Сандуғаш Серікқызы: "Көзтұмарымдай өмір сүр, Жаным!"

Сандуғаш Серікқызы: "Көзтұмарымдай өмір сүр, Жаным!"
Фото: vk.com

Қадірлі оқырмандар! Біз бүгін өлең өлкесінде "Түймедақ қыз" есімін иеленген нәзік жырдың иесі Сандуғаш Серікқызының өлеңдерін ұсынамыз. Дабыраға толы шулы ортадан өзін сырт ұстайтын жас ақын қыздың жұмбақ сезімінің тереңіне енгіңіз келсе, мархабат!

Ең алғашқы сəби махаббатым жайлы құпияны құрбымнан жасырып, Түймедақ гүлімен бөлісетін балқаймақ шақтарымды қалай ұмытайын?..
"- Сүйеді..
- Сүймейді..
- Сүйеді..
- Сүймейді.."
Мен сенген тəтті арманның құрбаны болып үзіліп түскен əр күлтесін "өлең" деп атадым. Ол болса "үнсіз "сүйем" деп үзілді". "Тағдыры шылбырын үзе алмаған дала махаббаты неткен жетім еді" десеңізші?! 
...Алматыға келдім. "Қалада, көшеде өсетін сезімдер" жұмсақ əлдилей қоймайды екен. Гүлзарларда баптау мен күтім көріп "тəрбиеленген" түймедақтар да менің сансыз сұрақтарыма жауап таба алмай мүдірді. Жаным жүдеп, жабырқап жүрген сондай жылдарымның бірінде тау Түймедағын жолықтырдым. Тағдыры бөлек тамырласым екен. Аппақ нұрын шартарапқа шашырата туып келе жатқан сап-сары Күн іспеттес Түймедақтың өзі. Ақ күлтелері - бекзада өнер дерсіз, үмітімнің өзіндей үзгім келмейді. Ал, өзін ақын деп танырсыз, өйткені, ол жүрек тілінде сөйлейді!..

Әсел Кәрібай

* * *

Тағы кеш... 
Тыңдар шақ түннің дүрсілін, 
Тілінен тілсіздің үн ұрлап... 
Ғаламда – сезбеген күллің тылсымын 
ойларым қыдырмақ... 

Көз жасындай Айдың сорғалап тамған – 
Жаны жұмбақтау бір Қыз бар... 
Сол әр тамшыларды қорғамақ болған – 
ағады Жұлдыздар... 

Ағады... 
Ақ бұлтқа шекесін ұрып! 
Жалғыздығым үшін күйеді. 
Сезімімнің жырын неге сіміріп 
өзгерді жиі өңі?! 

Түндегі... 
Қалыпты тыныштықтардан 
Тіл қатар Үнсіздік жар салып, 
– Сыр шертіп жанармен, ұғыстық Қарғам, 
білістік қаншалық?! 

Жалғызға 
...дауыс – Шу 
...түнек – Қара түн, 
Жатпайды құрғырың жанды ұғып. 
Үнсіздік - үн емес! 
Жүрек жаратын
Ең ұлы Жаңғырық! 

Түн түсінбеген соң, 
Көңілсіз – дала, 
Ұғар жан таппай аһ ұрды... 
Мен ұғыну үшін тек үнсіз ғана, 
Сүйгім келеді Ақынды...

* * *

Біздерге 
...көкте – Күн 
...жерде – Топырақ 
Қарусыз, кең құшақ қарауыл. 
Оларсыз: 
қу тақыр Пенде тоқырап, 
қирайды қала – Бұл! 

О, Қала! 
Есіне! 
Көз ілме бірақ! 
Қи маған бір мезет Ұйқыңды. 
Тарқатсын Бойжеткен өзіңде жылап,
қиялын – сиқырлы...

Өткеннің... 
бүтіндей күн жұтқан Мұңын 
Қақалып, тастайды түн құсып.
Қыз үні жаңғырар жым-жырт таң – Бүгін,
сүйгенше гүлді шық: 

"Көктемнің тамбаса Ой тамшылары 
шылқытып, есіме менің. 
Реніштің тұтанбай Сайтан шырағы, 
... ех, кешірер едім!" 

Қала ояу,
Мен – әлсіз, бұлақ қайғының 
Таң атып, үні қарлыққан...
Көктемнің күндізін Ұнатпайтыным – 
Сондықтан!

Жаңылып барамын, күрсініп естен,
Таба алмай түйір бойдан мін.
Мен тең жарымында Тіршілік кешсем
Сіз ойланбаған ойлардың...

Серік қып үмітке төзімді əрдайым,
Болмай-ақ қойдым Күлше қыз!
Мен Білдіртпеген боп өзімді алдайын
Сіз Білмегенсіп жүрсеңіз...

Үйренген көңіл күндер, нөсерге
Үйрене алмады мұны түк!
Мен əлі ұнатып үлгермесемде,
Сіз үлгеріпсіз ұмытып...

Туылмай жатып-ақ, шетінеді жүз,
"Біз" жайлы қанша текті өлең,
Қарс айырылса да Көкірегіңіз
Өлеңмен сүйген боп келем?!
(ал іштей, шыным, жек көрем)

Сөзім мен сезімім отыр ұштасып
Күнəдан бүгін таза кім?
Мен көрінбеу үшін өтірік ғашық
Өтірік өлең жазамын!..

түсініп көріңіз енді...

* * * 

...Күз үрлеп, 
ағаштар таранды бұрым, 
Саудырай түсіп Шаштары... 
Сіміріп түннің қараңғылығын, 
Тілініп жатыр Аспаны! 

Ол – Қыздың үні ғой... 
Есті, Жарқыным! 
Жапырақ мұңның дыбысын. 
Алқымды ауыртқан өксік әр түнім, 
Кім үшін, жүрек тынысым?! 

Мен – Сүюді білгем! 
Білмеппін бірақ, 
Қуаныш – қайғы боларын... 
Жанарда жасым, жүрек тұнжырап, 
Өртенбеген соң, Тоңамын! 

...Тек өлеңмен ғана өбеді демім, 
Оқылған сөздің үні – Мұң... 
Өртеніп өлгім келеді менің,
Өртенбеген соң, Тірімін! 

Ұйқысыздығымен келген ұры түн,
Дамылдама еш! 
Кұрақ(ғ) ұш! 
Ал менің жалғыз сенген Үмітім 
Әр Қайғы соңы – қуаныш... 

Тау түймедағынан Сіз аялаған 
Үнсіз "С...." деп үзілдім... 
Мен - жапырағымын Сіз аямаған 
Он сегізінші Күзімнің...

* * * 

"Жаз" демеңіздерші! 
Жазылады əлі... 
Қар гүлі өссе Гүлзарға, 
Тағдыры лайланған қазына бары – 
Жаңбыры сіңген құмдарда. 

"Аспандай көгілдір Көзіңмен суар,
Лас емес, ол Гүл тап-таза! 
Бұл, бəлкім, бейкүнə сезімнен шығар... 
Қап-қара ойлар қаптаса. 

Сен сақташы тек, көңіл сырларын, 
Сенімнің аппақ жүзіндей. 
Көзтұмарымдай өмір сүр, Жаным! 
Моншақ боп Көзден үзілмей... 

Суытып салдық Күзді де, міне... 
Суынған солай кешегім, 
Мен сенің қардай Мұз жүрегіңе 
Қар гүлі болып өсемін!.." 

Жаз демесе де, 
Жазамын бүгін – 
Жазылмас дертім үшін де! 
Естіңдер Ақынның азалы үнін 
Жаңғырған Өлең ішінде... 

тек "Жаз" демеңіздерші...

***

Мен үшін 
кінәлі – бейкүнә Көктем 
Мейлі, жайсын аңқау құлашын... 
Кірпіктерінен де ұйқыға кеткен 
Мін іздеп тұрасың?! 

Қадірсіз...
Қисынсыз... 
Күн өтіп бастан, 
Қайғымның умаждап әр талын, 
Қойнына жатса да түнетіп Аспан 
Мың кінә артамын?! 

Бәрінде әлемнің – жасанды Қайғы, 
Қайтейін... 
нағызы – Ақында! 
Көктің де, Көптің де басы ауырмайды 
Әлі ұйықтап жатыр ма?! 

Ерте бойжетіп-ап, кеш білді өлі ес 
Түнді кезіп, күнде түнеуді... 
Күтеді Сыр қызы ешкімді де емес – 
(өз әлемінен) 
Біреуді!

* * * 

Көктемде бір гүл жоқ 
Қар гүлі дейтін... 
Жаңбырың оған жат, тіптен! 
Теңіз жанарында жан жібімейтін 
Үзіліп жатыр Пəктікпен... 

Ақ күлтелері – паң Алатаудай, 
Жəутең қағады, 
Көріңіз! 
Жанына жатты паналата алмай, 
Қар гүлі – Өлі... 
Өлі – Күз... 

Алдында арымның, Тəңірі куə! 
Беріктігіме серт еткем... 
Көктемнің көңілсіз Сəуірі куə! 
Көзінің жасы мөлт еткен... 

Мен солай... 
Рас! 
Жұбатқым келді
Өзімді жəне Құрбыны, 
Тозағым болған жұмақ түндерді 
Ұмыту үшін бір күні. 

Жұбана алмадым... 
Жасырдым бірақ, 
Сағынышымды – Көзіңнен... 
Масайған ессіз ғасыр құлдырап, 
Жеңілгем тағы Өзімнен... 

Жазғырғам мезгілді... 
Мың күмəн – ішім, 
Қыз жанын ұқпас, сірə, бақ... 
Көктемді – қимаған бір қуанышын, 
Қанша Қыз қалды кінәлап?!

Ж. Жұмағұлов