Тау тұлға Мұқағалидің тау туралы өлеңдері

Тау тұлға Мұқағалидің тау туралы өлеңдері
Фото: stan.kz

Бүгін қазақтың ақиық ақыны – Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Жұртына қасиетті өлең өрнегімен мол мұра қалдырған біртуар талант иесі тірі болса, 86 жасқа толар еді. "Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған" деп Абай атамыз айтқандай, өлмейтін сөз қалдырған ақын ешқашан халық жадынан өшпейді. Ақын халқымен бірге мәңгі жасайды.

Абайдан қалған асыл сөздің қасиетін бойына дарытып, тау мен тасқа жан бітірген ақын туған күні расында да барша қазақтың мерекесі іспетті. Себебі, дана қазақ – ақын халық. Екі ауыз сөздің басын құрамаған қазақ болмаған. Сондықтан да бүгін – поэзия күні десек болатындай. Мұзбалақ Мұқағали Қарасазда туып, ғұмырының барлық күнін ару Алматыда өткізді. Тауда туған ұл тауға жыр арнамаса тау ұлы бола ма?! Ендеше, қазақтың тау тұлғалы ақыны Мұқағали Мақатаевтың тау туралы өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз! 

Таудағы көктем

Сай-саланы, 
Аймалады, 
Жоталардан жел есті. 
Көк қарағай. 
Көп баладай, 
Күбір-күбір кеңесті. 

Қасқа бұлақ, 
Тастан құлап, 
Бара жатыр шапқылап. 
Шықылдаған, 
Сыбырлаған, 
Айқай жастар - саққұлақ. 

Бір жүрекпен, 
Дір-дір еткен, 
Жасыл талдар - жас талдар. 
Еміренген, 
Тебіренген, 
Ақбас Ата - асқарлар. 

Күннен - бөркі, 
Гүлден - көркі, 
Тау - тамаша, тау - алып. 
Қатпар басын, 
Шатқал тасын, 
Көрген сайын жаңалық. 

Айналаңа, 
Сайға қара, 
Шыңға қара ақ маңдай. 
Бала шағың, 
Болашағың, 
Көктеп келе жатқандай.

Тауда өстім

Тайсалмай басып тастарын, 
Алқынбай асып асқарын. 
Құзына шығып, қомданып, 
Ылдиын төмен тастадым. 

Төбемді көкке жеткіздім, 
Төсіне шықтым көп құздың. 
Қорқытып бура бұлттарды, 
Қойныма әтір сепкіздім. 

Талай да талай шыңды астым, 
Тастағы гүлмен мұңдастым. 
Қарағайлармен құрдаспын, 
Қайыңдармен сырласпын. 
Тайсалмай өзім тауда өстім, 
Таласар, қане, бар ма ешкім?!

Мен – таулықпын

Tay дейтін алып жүрек Ана туған 
Мен таулықпын! 
Таудан мен жаратылғам. 
Киіктің сүтін емін ержеткенмін 
Қуат алып қыранның қанатынан.

Мен таулықпын!
Таудан мен жаратылғам. 
Бұлт бүркеніп, жай отын ала туғам 
Күн алғашқы сәулесін маған шашып 
Маған келіп түнейді қара тұман. 

Тау ұлымын 
Тау - менің дәу бесігім 
Мен оның әуресімін, сәулесімін. 
Асқар шыңдар желпиді бесігімді 
Бір орамын ағытып сәлдесінің. 

Мен - таулықпын! 
Таудан мен жаратылғам. 
Тау деген Ана туған дара тұлғам 
...Тауға барып 
Көкке ұшып кетсем бе екен, 
Ұстап алып қыранның қанатынан.

Таудай болғым келеді

Өлмесін деп берген ғой тауды маған. 
Мен күрсінсем, күңіреніп тау жылаған. 
Көңілімде бір құйын көтерілсе, 
Тауларымда тұрады қарлы боран. 

Аласартып асуын, өткелдерін, 
Астыма әкеп төсейді көк белдерін. 
Алып тауды бесік қып өсіпсің ғой, 
Ғұмырым, керемет ең неткен менің! 

Тербетіліп тауымның аясында, 
Өсіппін ғой шыршаның саясында. 
Өмірсіз де көңілсіз өкінішті, 
Қоймайсың ба, тағдырым, қоясың ба? 
Әлде, тағы алдыма жаясың ба? 

Тау менің несібіме тиіпті сирек, 
Мендегі шаттық бөлек, күйік бөлек. 
Ақсақалдар: - Таудай бол! -дейтін 
Таудай болғым келеді, биік керек.

Тауға келсең

Тауға келсең, қыста емес, 
Күзде келгін! 
Қарсы алдыңнан табылар іздегенің. 
Жапырақтың көресің әлі-дағы, 
Тіршіліктен күдерін үзбегенін. 
Ойландырар шақ қой бір - күз дегенің. 

Ойландырар күз деген - кіші бесін, 
Күн төбеңнен ауғанын түсінесің. 
Ескі жұртты көргенде жайлаудағы, 
Құлын да жоқ желіде байлаудағы, 
Шыдап баққын, бір сәтке мүсірерсің! 
Жазыңды еске жабығып түсірерсің. 

Жадыда кеп жалпақ жаз, бақ - мекенің, 
Түсінесің думанды шақ та өтерін. 
Құлақ түріп, қурайдың ызыңына, 
Ұғынасың өмірдің тәтті екенін...

Ж. Жұмағұлов