Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Мұрат Шаймаран: "Қаламсабымның ұшынан жүректің қаны сорғалап... "

Мұрат Шаймаран: "Қаламсабымның ұшынан жүректің қаны сорғалап... "

Мұрат Шаймаран:

Мұрат Шаймаран шығармашылығы поэзияға құмартқан қауымға шығыс даласының кең төсінде табиғат шарапатына шомылып шалқая, өмір нәрін, жыр сусынын сімірген  шайырдай күй кештіреді.

Шаймарандық көркем эстетикаға бір сүңгіген жан шайырдың шәрбат жырларын өзге шырыннан бірден ажыратарып, жазбай танитыны хақ. Жауһар жыр жолындағы азапты ақиқат үшін арқалай жүріп, шалқар шабыт иесі Тәңірдің әр жаратылысынан “Өлең” деген құдіретті көреді. Ақын ағаның осы көркемдік көре білу қасиеті оның оқырмандарына  да дарып, жыр арқылы жүректерге жол табады.

Ендеше, жусан жұпары аңқыған шаймарандық жыр өлкесінің жиһанкездеріне шайыр шығармашылығынан бір топтама ұсынып отырмыз. 

Ақын болмасқа шарам не

Кім еді мені оятқан,
Сенбісің, жырдың Бұлбұлы?!
Жасыны ойнап, жай атқан
Құрысын ақын тірлігі.

Адасып бақыт құсынан,
Алаң да, алаң жол қарап.
Қаламсабымның ұшынан
Жүректің қаны сорғалап...

Жаралы болған бір жанмын,
Жадаулы жердің бетінде.
Қасқая қарап тұрғанмын,
Қайғының қара өтінде.

Ақжелең–күнге болысып,
Ант еткем ардың атына.
Әлемнің уын мен ішіп,
Алдымен күйем отына.

Айтуға дәтін өлеңге,
Амал не, Тәңір жаратса.
Ақын болмасқа шарам не,
Ақиқат өліп баратса...

 
Ей, Құс жолы 

Жасады екен ғаламның қайсы зергері?!
Елітіп біттің сен мені!
Созсам бір қолым жетер ме
Ей, Құс жолы – аспанның күміс белбеуі.

Ақылға емес
Алқынған жырға бағынар,
Ақын едім ғой сағынар һам шағынар.
Ей, Құс жолы – аспанның күміс белбеуі,
Хорқызы ғана тағынар.

Самалға саумал сүйгізген ақық маңдайын,
Сандуғаш келіп мекендеп жатқан таңдайын,
Мен сүйген қыздар бұлқынған бұлақ бойында
Солқылдап өскен талдайын...

Көгілдір көктен тұрғанда жауып мың жақұт,
Жарыма қалғам тіл қатып:
«Мен соны саған жұлып-ақ алып берем,- деп -
Ай менен Күнді шулатып...»

Арман дегенің асау құлындай қашаған,
Ұнамай қалды несі оған –
Жұлығы шыққан бәтінкеме қарап тұрды да:
«Есалаң, - деді – есалаң!»
Ей, Құс жолы – аспанның күміс белбеуі.

 
Түн

Күнді сүйдім,
Сүйдім мен таң алауын,
Жайдым соған жанымның бар алабын.
...күн батады-ау көзұшы көкжиекте
бұлғап, бұлғап қан қызыл орамалын.

Сыңсыта бір басады әніне Кеш,
Тереземді қағады тағы да елес.
Түпсіз көктен мың жұлдыз оянады,
Оянады...
Дертіме дәру емес. 

Қайғы қолы қайнатқан уды ішуді,
кім бұйырды,
Кесесін кімге ұсынды?!
Қоңыр үзік іңірдің іргесінен
Келе жатыр ақық көз түн мысығы.

Тыныштығын алғандай түн ұрлатып,
Түрегелді көп күдік қырын жатып.
Түн мысығы жарамды тырнайды енді,
Балапанын жанымның шырылдатып.

Неге бұлай?
Не үшін?
(сұрақ бұлар}
Әй, шамасы, өлтіріп бірақ тынар...
Қара жаулық жамылған жалғыздығым,
Босағама сүйеніп жылап тұрар.

Қанатым - түн.
Мен қайда барам ұшып?!
Ойсыз тобыр жүр тойлап шарап ішіп.
Жалғыздығым мойнында - ғалам мұңы,
Ал ғаламның қойнында - қара мысық...

24.01.2016

Мүгедектер арбасындағы қайыршы қыз туралы жыр

Сүйдірмек һәм жаралған сүймек ұшін,
Кемтар тағдыр...
Өртеніп күйген іші.
Асау, тентек музыка ырғағына
Оның да бір келеді билегісі.

Жүрегінің әмірін мол тыңдатып,
Жанарының жақұтын жалтылдатып,
Оның да бір келеді билегісі,
Ақ өркешін төсінің толқындатып.

Тонап жатқан уақыттың жырындысы,
Жетер ме екен дәрмені - ғұмыр күші;
Желбіретіп жап-жасыл орамалын
Баққа қарай бар тағы жүгіргісі.

Көркемдіктің кем қанат құмар құсы,
Жанып бітпей жастықтың тынар ма ісі?!
Хат жазғысы келеді біреулерге,
Құшақ толы біреуден гүл алғысы.

Солай болды жазымыш - сый-несібе,
Алар жиі аңсаулы күйді есіне.
Кетіп бара жатады ол қиялында,
Қос ат жеккен қалыңдық күймесінде.

Елестейді -
(шаттығы бір басылмай)
Келді біреу сақидың тұлғасындай,
Садақаға тастаған қара бақыр -
Бұқараның саф алтын ділдасындай...

Ала бұлтқа алматы күні жерік,
Бірі ұшып жүр көгершін,
бірі қонып.
Бұзды қыздың тәп-тәтті қаймақ ойын,
Қоңырауы шіркеудің күңіреніп.

Адыра қап ақ әуен,
шырайлы өлең,
Салқын іңір ініне түнейді әлем.
Ол түс көрер - түсінде билеп жүрер,
Мен түс көрем,
Жоримын,
Үрейленем...
10.01.2016

 Оспанның соңғы портреті 

Сәуірдің айы, жаулары матап әкеліп,..
Өледі енді,
(өледі деуім қателік)
Талпынар көкке қанатын қатты сабалап,
Қайғысын жердің көтеріп.

Жұлым да, жұлым желкенін жыртып жел егей,
Қайраңдап қалған мачтасы биік кемедей,
Тұрады асқақ аманат айтып аспанға,
Тобырды ешбір елемей.

Жанары суық - атылған кектің жебесі,
Көкжиектің анау қақыратып сөгер көбесін.
Жалбару,
Жағу,
Діріл жоқ тұла бойында,
Ойында - Ертіс,
Еркіндіктің ескі елесі...

Даңқы да бөлек,
Зарпы да бөлек былайғы,
Есіңе салар гректер айтқан құдайды;
Прометейге ұқсап кеудесін бүркіт шоқыған,
Антей болып топырақтан медет сұрайды.

Қаба сақалы қап-қара түннің түсіндей,
Ер Оспан солай қасқайып тұрды кішірмей;
Тәңірдің қолы алтайдың асыл тасынан,
Жасаған қашап мүсіндей.

...Шаңқ етіп қалар
түтіндеп мылтық сүмбісі,
Жарқ етіп қалар көзінен ұшып күн құсы.
Құлайды Оспан...
Оқ тескен кеуде тұсынан
Ай туар жаққа аттанып кетер бір Кісі.

Келсе де көктем,
Салса да талай қыс өрнек,
Ғарышта сонау айбыны тасып, күші өрлеп,
Жүреді жортып ақбоз ат мінген сол Кісі,
Атуға оны әкеле алмас ешкім кісендеп...


Ант

Қайыршы тартқан сыбызғының сырлы сазындағы, Өлең,
Шоқ бұлттың үлпа үкісіне құдыретті қолмен жазылған, Өлең,
Жасынның жүзінен жап-жасыл нұр боп тараған, Өлең,
Ай астында жалы бұрқырап жортқан абадан, Өлең,
Ақ сүті сыздатқан Ана омырауының ырысты үрпісіндегі, Өлең,
Шалықтап жатқан сәбидің жұмақ лебіндей күлкісіндегі, Өлең,
Жұлдыз көзінде,
Бұлақ үнінде,
Жапырақ сыбырындағы, Өлең,
Ару анарында,
Жұпар атқан сұлу бұрымындағы, Өлең,
Жер қазанында,
Аспанның адал уысындағы, Өлең,
Шамырқанған Тәңірдің киелі, тылсым тынысындағы, Өлең,
Тереңде тебіндеп,
Биікте жаратылған, Өлең,
Патша тәжіне саңғыған құстың қанатындағы, Өлең,
Өмірдей ауыр,
Ажалдай асқақ мәңгілік, Өлең,
Жалғызым - Өлең,
Талқыға түскен тағдырым, Өлең,
Мен сені сарай табанына,
Тобыр аяғына тастай алмаспын..!

23.12.2016

 
Құс


Ол ештемені де мойындамайды,
(көрген жоқ тәуелденіп)
Үнінде - дерті,
Қанатында - қайғы,
Қайтады өлең болып.

Жатады үнсіз жусанды дала,
Елеңдеуге жоқ әлі.
Үзілгелі тұрған жапырақтар да,
Жұрегім болып соғады.

Жетеді менің құлағыма бір ән -
Қанаттардың сусылы.
Ұлиды көкжал ымыртта қырдан,
Шаншылып көкке тұмсығы.

Жабырқау көңіл, жалқы да жанды
Елітіп бір сәт бара ма!?
Дауыс пен құсты тоса алмайды мәңгі,
Бөгеулер - шек пен шегара!

...Сұм мерген жүрген ынтығы асып,
Тартады жебе құлаштап;
Құлайды құстар жер анасының,
Тартылыс күшін растап...

Айналам құсқа -
(түсімде менің)
Аңсары асау жанымның.
Құзырындағы ақыны едім,
Топырақ пенен Тәңірдің.

Ол ештемені де мойындамайды,
(көрген жоқ тәуелденіп)
Үнінде - дерті,
Қанатында - қайғы,
Қайтады өлең болып.


Алғашқы қар немесе қоштасу

Нәп-нәзік алақанда еріген қар,
Тамшылап таусылатын өмір болар.
Жыл өтер,
Жын басылар бой билеген,
Сол тамшы жанарыңнан сенің де ағар.

Қоштасу -
Қарашаның қарлы кеші,
Біз көндік,
Тәңір салды - жарлық осы.
Құшағы аппақ бүрлі аңқау әлем,
Жалқы емен,
Жайқын қала...
қалды елесі.

Жұмақта өнген талдың бүршігі - өзің,
Көркіңе көз сүземін, күрсінемін.
Қар мынау - алғашқы қар - аспан гүлі,
(сен сондай көркем едің, кірсіз едің)

Сұлулық - алтын тұлым,
Күміс қанат,
Кім сүймек,
Саусағынан кім ұстамақ?!
Шағылған шаттығыңның ақ маржанын,
Сен шашып жібердің бе уыстап ап;

Жауып тұр...
Жердің қара жүзін жабар,
Жел тұрар, кәрі қурай ызың қағар.
Баянсыз менің келте ғұмырымдай,
Ымыртқа сұлбаң сіңіп, ізің қалар.

Қош енді,
Аңғал дәурен барады аунап,
Жанбайды баяғыдай жан алаулап.
Ақырғы маxаббаттың кебініндей,
Алыстан ақпан келед ағараңдап...

Уа, ұлы інкәрліктің балғын кезі,
Жоқпын ба?
Бұ тірлікте бармын ба өзі?!
...Бәрібір сені есіме салар әлі,
Жылаған жоса-жоса қардың көзі.

0
Рейтинг: +2

Дайындаған: Айымгүл Оралқызы
Фото: vk.com
Қосылған күні: 29 желтоқсан 2016, 11:41

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.