- Негізгі бет
- Поэзия
- Ақыннан ақынға ақыл...
Ақыннан ақынға ақыл
8 желтоқсан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінде төрт ақын кітабының тұсаукесері өтті, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі. Нұрбек Нұржан «Мұң ай», Алпамыс Файзолла және Думан Смақов «Ақжелкеннің ұландары», Нұрболат Досжан «Аспан күмбезіндегі шырақтар» атты жыр жинақтарын жарыққа шығарды.
Тұсаукесер жиынына Сағатбек Медеубекұлы, Мұрат Шаймаран, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Бауыржан Әлқожа, Мейіржан Жылқыбай секілді айтулы тұлғалар келіп құттықтап, жүрек жарды лебіздерін білдірді.
Жас ақындар өз өлеңдерін, поэмаларынан үзінді оқып, келген көрермендер көңілін бір серпілтіп алды.
«Ақжелкеннің ұландары» кітабына әңгімелері енген балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбай жас ақындарды құттықтап: «Өлең жазу оңай емес. Біздің жаза алмағанымызды сендер жазасыңдар, сендер жеткізе алмағанды біз жазайық», - деді.
Жас та болса бас болып, жеке кітабы шықпай жатып, өлеңдері жинақтарға енгеннен танылып үлгерген ақындардың өлеңін жаттап алған оқырмандар да бар екен. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен оқырман қыз қонаққа келіп, Нұрболат Досжанның өлеңін оқыды.
Бұл кеш өзгелерден ерекше өтті. Тұсаукесерге Венгриядан да қонақ келді. Ол өзі меңгерген 20 тілі қатарында қазақ тілі де бар екенін айтты. Қазақстанға келгенде қазақ тілінде сөйлесейін десе, айналасынан қазақша сөйлейтін адам кезіктіру оңайға соқпапты. «Өз ана тілін білмейтіндерге қарным ашады. Намыс қайда, жоғалтып алдыңыздар ма?» деп өлеңдете ұран тастап, бүгінгі жас ақындар арасында қазақ тіліне жанашырлар көп екеніне қуанып отырғанын ешқандай акцентсіз таза сөйлеп жеткізді.
Ал Дәулетбек Байтұрсынұлы Нұрбек Нұржан мен Алпамыс Файзолла жырларымен ғана танысып үлгеріп: «Қалған екеуі туралы сөйлесем өтірік болып кетеді, өзім жаңа жырларымен оқып танысқан екі ақын туралы айтайын», - деп өлеңдерге талдау жасап, жұртты сүйсіндірді:
«Жүрегіне сыйған жылу, сыйған Күн,
Жанарына жиған шаттық, жиған мұң.
Күпісінде иісі бар жусанның,
Жүрегінде жұпары бар иманның.
Есімде ғой, шер жаңбырдың төккені,
Мұң көйлектің кеппегені-кепкені.
Мойынына отырғызып алатын,
«Тек биіктен көрінсінші» деп мені.
Күпісінде жусанның иісі бар, даланың иісі бар деген жолдар тапқырлықпен жазылған. «Мойынына отырғызып алатын», ауылда ақсақалдар немересін мойынына мінгізіп жүреді. Біз мәнісіне терең бойлай бермейміз. Әр ата өз немересін өзі шықпаған биікке шықсыншы, мен көрмеген қызықты көрсінші дейді. Осыны ақын іштей түсініп, өлеңмен шебер жеткізіп тұр», - деп Дәулетбек Байтұрсынұлы әр өлеңіне талдау жасап, ақындар актерлік шеберлікпен оқыған өлеңдерін тыңдарман жүрегіне жеткізуге үлес қосты.
Оралхан Бөкейге "Сен жақсы жазушысың, бірақ шығармаңдағы осы жерін алып тасташы" дейтіндер көп болған. Ол "Дәл сол жерін алып тастасам, мен Оралхан болмай қаламын", дейтін көрінеді. Сол секілді елді елең еткізетін, қалыптан шығып тұратын жолдарды жаза білетін ақын ғана – нағыз ақын, деп жас ақындрға ақылын да айтты.
Кеш соңында ақындар қолтаңбасын қойып, кітаптарын оқырманға табыстап, естелікке суретке түстік.
@. @assel_assanova