- Негізгі бет
- Поэзия
- Махаббат туралы үздік...
Махаббат туралы үздік өлеңдер
Шығармашылық адамына шабыт сыйлайтын ең керемет сезім – махаббат. Ешқашан жазылып бітпейтін бұл мәңгілік тақырыпқа қалам тартпаған адам жоқ деуге болады.
Түйіп ескен шылбырымды
Түйінінен таратқан,
Бұлың-бұлың бұл күнімді
He күн деймін, Жаратқан?
Аласұрып қарманасың,
Көзің алды көл мұнар.
Қарпып сүйер нар баласын,
Қарпуына көндік ал.
Ауыр тиді сынақтары,
Көңіліңмен көр аңдап.
Осы болса ұнатқаны,
Жек көргені не болмақ?
Кездесті алдан төтен сын мол,
Іздемедік жайлы орын.
Сендер қайтер екенсіңдер,
Боталарым-ай менің...
Есенғали Раушанов
Балама сыр
Білмеймін мен – кім болады есімің,
Қашан өмір ашар саған есігін?
Бірте – бірте әкелікке жақындап,
Теріп келем талайымның несібін.
Бір күнімнің қызығы асып бір күннен,
Шақтарым көп босқа жүріп, құр күлген.
Сен түгілі, саған шеше болатын,
Жанға әлі кездесе алмай жүрмін мен.
Қадам сайын мына өмірді танып мен,
Алға бастым жөн деп тапқан бағытпен.
Саған Ана болар жанның есімі,
Жазылды екен маңдайға қай әріппен?
Бақыт ала келетіндей таң маған,
Әр күніме тәтті үміт арнағам.
Кездестіре алмай жүріп Анаңды,
Сен жайлы да ойлап қоям, жан балам…
Әзірше тек қағазға айттым бар сырды,
Әр ұзақ түн жанарыма тамшы ілді.
Саған Ана болатын сол адамда,
Мендегі жоқ қасиеттер бар сынды.
Қиялыма арманымды тең бөлеп,
Ойлар басып отырады төрге кеп.
Сырт адамға арқаланып қоямын –
«Жұбым жолда, бала деген белде» деп.
Өмірімде сыры өзгеше жай ма бұл,
Алыстаса ажарланар айда нұр.
Сонша ұзақ күттіргені несі екен,
Айтшы, балам, әлгі шешең қайда жүр?..
Есей Жеңісұлы
Жат болып кете алмаймын,
Хақым жоқ жақындауға.
Шыдармын, өтер қайғым,
Қалмасын атың дауға.
Кетейін көп бөгелмей,
Әр минут қауіп маған,
Сүймей де жек те көрмей,
Тағы іздеп тауып барам.
Қызығар қылығын жоқ,
Сұлулық, ақылын да аз.
Сезінің гүлі бүрлеп,
Сонда да ақының мәз.
Сүймей ақ сағынамын,
Жүрмей ақ жақсы көрем.
Ағымнан жарыламын,
Төгіліп ақ сыр өлең.
Жүректі жараладың,
Емдеуге рұхсат етпен.
Дос болу бар амалым,
Шақырып тұрса көктем.
Өткенің, бүгініңнің,
Бәрінен қызғанамын.
Мен үшін ғұмырыңның,
Арнасын бұзба жаным.
Менікі тәтті қиял,
Күтетін ханзадасын.
Бір ғана сәтті қияр,
Жазуға жан жарасын.
Сыр толы сандықтарға,
Серт етіп, достасайық.
Сүйем ғой сондықтан да,
Сүйіспей қоштасайық!..
Мөлдір Айтбай
Махаббатта өзінше әркім батыр-ез,
Бақыты үшін арпалысып жатыр өз.
Сенер тұста сенбеген боп шығатын,
Мама, сенің күйеу балаң қатыгез...
Сағынамын бірге өткен күзді аңсап,
Есімде жоқ тағдырымды бұзған шақ.
Біреу үшін маған сенім жоғалтқан,
Мама, сенің күйеу балаң қызғаншақ...
Өтсе-дағы талай бірге күн қызық,
Еркелікті сабырға жүр бұрғызып.
Көңіліме қарап тұрып ренжітер,
Мама, сенің күйеу балаң тым бұзық...
Бар бақытын жоқ қылады бірде ұрсып,
Жүргеніммен жеңе алмаймын білгірсіп.
"Ақымағым",-деп әбден жылататын,
Мама, сенің күйеу балаң бір қырсық...
Бір өзіне бұйырғандай атақ бар,
Мінезінде мен білетін шатақ бар.
Қайтсем екен оны айтшы бір ақыл,
Мама, сенің күйеу балаң тәкаппар.
Алла білед(і), бақ қумаймыз бөлінсек,
Қуанармыз бақытты боп көрінсек
Алаңдағым келмегенмен, қамығам,
Мама, сенің күйеу балаң еріншек.
Болсаңыз да қандай күнім бағымсыз,
Алла жазған маңдайыма жарым- CІЗ!
Cезімімді біліп тұрып сұрайтын,
Мама, сенің күйеу балаң сабырсыз...
Өне бойы бір көңілім толмаған,
Онан нашар, одан жақсы болмаған.
Бір Құдайға тапсырсам да айтайын,
Мама, сенің күйеу балаң оңбаған,
Жазғыруды, кінәлауды доғарам,
Тағдырым да, бар мұңым да - сол адам.
Мама, сенің нашар күйеу балаңмен,
Ең ғажайып бақытты жан бола алам...
Мақпал Төребек
@. @assel_assanova