Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Табылды Досымов: "Шайырлар қанша шарапқа өртеніп өлген"

Табылды Досымов: "Шайырлар қанша шарапқа өртеніп өлген"

Табылды Досымов:

"Табылды – тағдырлы ақын. Сыршыл да, жыршыл да жүрек заманның заһарына, қатыгез жандардың қаһарына шыдас бермей, өзінен бұрынғы Төлеген, Мұқағали, Жұмекен ағаларының жолын құшты".

Зәкәрия Сисенғали.

Әке мен шеше

Жалғыз ұлды боп кеткен астаналық,
Күте-күте барады, шаш та ағарып.
Күйбең тірлік кешеді кемпір мен шал,
Қазақы үйді баяғы баспана ғып.

Хабар тосу, хат тосу – күндегі өмір,
Кей шақтары толқиды түнде көңіл...
Қансонарда бір келер қара бала,
Содан кейін келеді шілдеде бір.

«Көздіқара» тұсында бір ін барын,
Қасқа қойдың қасқырға жарылғанын.
Қызыл қашар қысыр қап қойғанын да,
Қара бала сезбейді – бұның бәрін.

Сағынғасын, таусылып өзге амалы,
«Атырауды» жырлаған, «Боз даланы»,
Жалғыз ұлды газеттен көріп қалып,
Бір серпіліп кемпір-шал мәз болады.

– Шүкір, шүкір, – дейді шал, –
Қарап өлер,
Біз емеспіз.
Әлігі қалада өнер,
Қуып жүрген жалғыз да келіп қалар,
Бала келер.., бір келін бала келер...

«Шүкір» дейді, шал-кемпір «шүкір» дейді,
Шүкірменен көңілді бүтіндейді.
Шүкірменен ошағы қайта маздап,
Қазақы үйдің мұржасы түтіндейді.

Кешкі құрым мал жайғап келе сала,
Бала-шаға жоқ үйде, оңашада.
Шайын ұрттап шал болса жайғасады,
Теледидар алдына – тамашаға.

Өнер деген ішінде ат-бәйгенің,
Ойқастатып өзінше шаппайды кім?!
Қара шал да іздейді өз тентегін,
Боқтайды мың, алайда таппайды ұлын.

Кейде әуендер эфирде шалқыса үнді,
Гитараны, бір сипап, алты сымды.
Хат жазады сары кемпір Алматыға,
«Сағындық, – деп, – домбыра тартысыңды... »

Біздің ел

Қамшысының өрімі – сегіз өрім,
Қалқасының еріні – нағыз ерін.

Қобызының мұң-зары құс қондырған,
Ұлы түгіл, қыздары дұшпан қырған...

Періштеге айналып сайтаны да,
Озып келген бәйгеден байталы да.

Серісінің ерлігі анық дастан –
Сүйген қызын сұрамай, алып қашқан.

Залымдары мыңғыртып түйе айдаған.
Дарындары бақаймен күй ойнаған.

Ерлері бар жауларын жапыратын,
Тентектерінің өзі батыр-ақын...

Атыраудағы көктем

Құлағымда құс әні қалып,
Тереземнен кепкенде қырау.
Қуанышын құшағына алып,
Келіп қапты көктем де мынау.

Бойы балқып мөлдір ағынға,
Буырқанып жатыр-ау далам.
Тереземнің арғы жағында,
Қол бұлғайды Атырау маған...

Көктемеден бір хабар аңсап,
Жүрегімнің оты лаулайды.
Көк жүзінде тырналар ән сап,
Тыраулайды.., Атыраулайды...

Қараой – 2004

Сәттерімде арманым арайлаған,
Өткенді іздеп өзіңе талай барам.
Мүлгисің де жатасың мұңлы күйде,
Тіл қатпайсың сен маған, Қараой, неге?

Тіл қатпайсың сен неге маған, Қараой,
Зар-наласы зорлардың заманда ғой.
Шер-шемен боп кеудеңді жанши ма әлі,
Айтылмаған Махамбет бабамдағы ой?

Бітпестей боп мазасыз майданда өмір,
Жалықтырса Жердегі сайран не бір...
Көріп қайтсам көкірегім тазарардай,
Саған тарта береді қайран көңіл.

Қанды Қараой, қаралым, қасіреттім,
Неге мені өзіңе асық еттің?
Азабымды өзіңмен бөліскелі,
Аза гүлді бабамның басына кеттім.

Басына ектім бабамның аза гүлді,
Артпа, Қараой, ақынға азабыңды.
Мазағыңды ешкімге көрсетпегін,
Аудартпағын ешқашан назарыңды.

Сол үшін де арнадым ғазалымды.

Қыршын ақынға

...Өлеңнен алтын азап арқаладым,
Бақыты өтер ме екен бұйырмай-ақ...
Сағат Әбдуғалиев

Жыр мұхитында желбіреп желкені желмен,
Тоқайластырған елжіреп ертеңін елмен.
Еркелеп жүріп елінің тентегіне ерген,
Шайырлар қанша шарапқа өртеніп өлген.

«Барсакелместен» шақырып сайқымазақ үн,
Аттандың сен де фәнидің айтып азабын.
Артыңда қалды көмген соң көріңе өкірер,
Таңдайы қайқы, маңдайы тайқы қазағың.

Болмысты кезіп байқасаң, жаймен аңғарып,
Дүние-жалған, ақылмен ойланғанға анық.
Қай тентегіне тектілік танытар дейсің,
Махамбетінің басымен ойнаған халық...

Алдында ардың ақтығын санаттан өшіп,
Сәтсіздік-сайқал жатқанда тамақтан осып.
Шайыр біткендер шырмалып шырмауық-мұңға,
Жұтады сосын қайғыны шарапқа қосып...

***

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн,
(Көкірегіне қалдырыпты мәңгі атын) 
Мұңданады туған жерден кете алмай,
Тұлданады жетеріне жете алмай,
Шырмалады жер-шідерге сорлы ақын.

Алматысыз жетпейтіндей бірдеңе
Қайғы-құмда қайырлауда жыр-кеме
Тума бауыр тапса-дағы көңілін
Торығумен өткізуде өмірін
Туған ауыл дейтін «Ұлы» түрмеде...

Арман ойы болғанменен мәңгі ұлы,
Алматымен тоқайласпай тағдыры.
Кеселі көп, нөсері жоқ өлкеде
Сағыныштан жан-жүрегі өртене
Жанарының тыйылмайды жаңбыры...

Дайындаған: Шерхан Талап
Фото: unikaz.asia, horde.me, vimeo.com,
Қосылған күні: 15 шілде 2015, 14:22

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз. 

--> --> -->