Фариза Оңғарсынова:

Фариза Оңғарсынова: "Өлең, мен сені аялап өтем..."

Бүгін қазақтың әйгілі ақыны, поэзия падишасы – Фариза Оңғарсынованың дүние салғанына жыл толды. 75 жасқа қараған шағында дүниеден өткен көрнекті ақын қазақ әдебиетін биік деңгейге көтеруге зор үлес қосып, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасын қал­дыр­ды.

Аталған күнге орай ақынның бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

***
Жыр –
менің жалғыз тарланым,
аялап өтер ардағым,
талықсып атар таңдарым,
Айымдай жалқы арман-үн;
қарқылдай берсін қарға мың,
бұрқатсын боран-шаңдарын,
тарттырсын дүлей зардабын –
жанымды жырмен жалғарым,
өзімді соған арнадым.
Жалғаннан зардап шекпегем,
заманға нала-кекті емен,
лапылдап жанып от денем
жылуын шашпай Күн-сараң,
мәңгі мұз жанын құрсаған
жылусыз-жансыз жерлерден
жалын боп өтсем деп келем.
Көз жасын сүйіп жел-керең,
көкірегін мұң-шер кернеген,
аспаны жерге түскендей,
қасіретін қайсар күш жеңбей
күрсінген бедеу бейбақты
жырыммен – ыстық демменен
сәби боп келіп емдер ем...
От сезім – өшпес өртпенен
еміреніп ешкімді өппеген,
махаббат атты бір күштің
ләззаты мұңын шекпеген
жандардың
есін тандырып,
жүрегін оттай жандырып
сезім боп өтсем деп келем.
Шығарған шындық, арды естен,
зұлымдықтарды қан кешкен
Махамбеттен қалған наркескен –
айбалта-жырмен шапсам деп,
шаңын бір сөйтіп қақсам деп,
әділеттің шамын ғаламға,
қарамай құрсау-қамалға,
лаулатып солай жақсам деп
қайсарларды жасқап шегерген
тасқыны тылсым тереңмен
серігім – жырым-жебеммен,
жүрегім – желкен, жел кернеп,
қары ағыстарға, сеңге өрлеп,
қағылез құйттай денеммен
дауылдарды құшып келем мен!..

***
Жұрт мені қатал дейді
найзағайдай мінезі шатырлаған,
біреулері айтады ақыл маған:
өр көкірек, тәкаппар, менменсіген...
ұнатпайды дәл мұндай ақынды адам
(одан сайын мен шіркін қатуланам).

Біреулер қиялдайды:
мұндай адам ешкімді сүйе алмайды:
өтірік өлең жазады талықсыған,
қайдан ғана бал сезім таныс бұған?
(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды
ойларымен өздерін алыстырам).

Біреудің жаны ашиды:
ол ақын ғой өзгеше, дара сыйлы:
ал ақындар сезеді барлығын да,
ақылды да болады, данасиды.

Жастар
жара түспеген жанына әлі
түсінгендей жанымды табынады;
менің асқақ әм мұңды жырларымды
іздеуі хақ солардың, сағынары...
Мен кешпеген дүние жоқ екенін
сезеді олар, сезеді бәрі-бәрі.

Мен солай көрінемін,
Жер секілді құбылтқан өмір өңін.
Міз бақпайтын адамдай жүре берем
күйіп-жанып жатса да төңірегім.
Білмейді жұрт (білмесін көңіл емін)
менің барлық бал қылық, нәзіктігім
сенің ғана алдыңда төгілерін!

***
Мен кегімді аламын! Жүрек кегін.
Дала солай өсірген түлектерін.
Қайтарамын азап пен қасіретін
кездерімнің зар шеккен жүдеп менің.

Онда ызадан өртенген тұңғыш денем
(мұны ешкім де ұқпайды мұңды ішпеген).
Ниетіңді білмеген жауыздарға
Жақсылықты жасау да – қылмыс деген.

Қылмыс өшін алуға бекіндім, ұқ.
Жалтақтарды жек көрем жетім қылық.
Өмір бойы дөңбекшіп жүретін қып
мен кетемін, әйтеуір, өкіндіріп.

Сонда осылай тістенгем налып, жүдеп,
Кейбіреудің жаласы жанымды жеп.
Сізге деген бір мөлдір сезім кернеп
Бар ызадан сап болды жалын жүрек.

Бар адамның жанында бақыт тұнып,
Жүрмейтіндей ешкім де сатып, бұғып.
Не құдірет Сіздегі, құдайым-ау,
Мені осынша жіберген бақытты ғып?!

 ***
Көрінбей кетсең,
сені мен
көруге тіпті құштармын.
Жаныма жақын келіп ең -
келмеді бірақ тіс жарғым.

Жүрегім талай алқынды-ақ,
бір саған арнап мұң-әнін.
Жиында жұртқа жарқылдап,
көзге ілмей сені тұрамын.

Құдыққа барсам,
қарадым
ат суаруға келгей деп.
Түңілтіп кетіп қаламын,
түсімнен жылу бермей көп.

Жанымда арман, мақсат көп
екеуіміз ғана ұғысар.
Сонда да саған асқақ боп
көрінуге мен тырысам.

Қыздардан өрлік қалған ба -
құлай сүйсе де шектелген:
сен алғаш сүйіп алғанда,
ашуланған боп кеткем мен...
1967

***
Жүректі тербеп бал сезім,
Қоштастым сонда дірілдеп.
Аузымнан шықпай бір сөзім
Ішімнен тұрдым «Күнім» деп.

Жанарың сенің қадалған,
Жаныма күн боп нұр септі.
Жиналған мынау жараңдар
қарамай бізге тұрса етті...

Кеттің ғой сонда көп күнге,
Қолымды неге қыспадың?
Тіледім самолеттің де
Кешігіп барып ұшқанын.

Несіне тіктің көзіңді
сүйілмей қалған ерінге...
Сарғая күтіп өзіңді,
Сағына түссін дедің бе?

***
Ақ боз атты жолаушы
біздің үйдің сыртына қырындады;
көрмеген боп көрсем де үңілмедім.
Маған қарап жеңешем жымыңдады,
Қызарып күлімдедім.

«Құдық жаққа кетсемші...» -
деген ойды қайталап жиі ішімнен,
Өзің үйге кіргенде опынғам көп.
Көрінуге тырыстым үй ішіне
елемей отырған боп.

Мен бірақ та абдырап,
Қолымдағы кестемнен жаңылдым ба,
қырық үзілді жіп деген құрып кеткір.
Өз-өзімнен тынысым тарылды да,
ақыры шығып кеттім.

Мен сол күні өзгердім.
Әшейінде еркелеу, батылдау да ем...
Сезбеппін де сол күні түс ауғанын.
Дастарқанның шетіне отырғанмен,
шайымды іше алмадым.

Аттандырды жеңешем,
Арпалыстым көңілдің толқынымен,
Қайдам, сонда жан күйін қалай жеңдім.
Неге екенін білмеймін, сол күні мен
Сенің кеткен жағыңа қарай бердім.

***
Өлең көп деп біреулер жазғырар ма
махаббат, сезім жайлы.
Олар, әттең, мендегі жазды ұғар ма
жолдар келіп тұрғанда өзің жайлы.

Өзің жайлы -
өкініш, өсегі мен
құштарлығы тағы мол өмір жайлы:
Құштарлығым қүн сайын өседі де,
Қуаныштан тәттірек со бір қайғы.

Өмір - сенсің, бар жұртты ұмыттырып,
Өзіңді құштыратын.
Ішіп-жеген жанарыңды үміт қылып,
Күттіретін біткенше күш-қуатым.

Сенсіз жырмен жоқ менің тілдеспегім,
Қайтем енді біреулер оны ұқпаса...
Бұл қүнәһар тірлікте жүрмес те едім,
Өзіңмен жолықпасам.

***
Басқа қызды жар еттің. От-жалынмен
мені сүйген жүректі аямай-ақ.
Тікенекті өмірдің соқпағымен
Тартып бердің, әйтеуір, жалаң аяқ.

Саған деген сезімнен есім кетіп,
Өртеніп-ақ жатамын қызғаныштан.
Келе алмадым сонда да шешімге түк,
Шаншу алды жанымды, ызғар ұстап.

Білем, әлі жүректер ұғысарын,
бірақ көрсем - жалынды басып-жаншып,
Асқақ қарап өтуге тырысамын,
Сенен өзге біреуге ғашық жансып.

Тағдыр бізді осылай тұсады да,
Екі айырды. Аңсаушы ек тел өсуді.
Беріп сені біреудің құшағына
серік қылып жүрмін тек елесіңді.

Жұртқа жұмбақ болды да мендегі елес,
Біреулерге бұл күнде мазақ та өзім...
Махаббаттың күйігі - ерлер емес,
Әйел ғана шыдайтын азап-төзім.

***
Келесің дәйім шілденің
от күні болып, ынтығып,
Құшағыңда құрып сүлдерім
шыға алмай қалам бұлқынып.

Кетеді сонда жон аттап
тәкаппар менің өрлігім,
жанарда жүрген қонақтап
қоңырқай күздей сорлы мұң.

Сендегі сезім селінен
еркелей тұрып жасқанам.
Сүйе ала ма екен беріле
біз екеуіміздей басқалар...

Сенімен еріп үйге бір
келеді шуақ жылытып.
Тірліктің күйтің қүйбеңін
кетемін сонда ұмытып.

***
Кеттің. Енді жаныма жанашыр кім?
(Мен сорлы да өрліктен шарасызбын).
Содан бері жанарым мұңға толы,
Содан бері әйтеуір мазасызбын!

Сен кеткелі тау жақтан жел еспеді,
Гүл де солып қалғандай белестегі.
Екеумізді бір арман матастырып,
Екеумізде мұң да бір емес пе еді?!

Түңілгендей өмірдің ақ таңынан,
Жанарымды сен келер жаққа бұрам.
Енді кіммен қосылып ән саламын,
Енді кімге сонда мен ақтарылам?

Қайтсем екен:
Қасіретіңді сенделіп шексем бе екен,
Әлде өзіңе тап қазір жетсем бе екен?
Тұрғызып ап төсектен жеті түнде
Жаныма ертіп бір жаққа кетсем бе екен?..

***
Көгалды алаң. Сүт сәуле қырды басқан,
біз отырмыз жанардан арман ұшып.
Еленбейтін бұрынғы жұлдыз, аспан -
бәріне таңданысып.

Теңесем де өзіңді жасықтармен,
бір батылдық көруді аңсап едім.
Кеткім келген кісі боп асыққанмен
жібермей қалса дедім.

Батылдық па күтпеген, жүрек пе ізгі
сені маған жіберген сүйікті етіп.
Менің балғын денемді дір еткізді
қолдарың тиіп кетіп.

Құшақтадың. Соны аңсап бір тынбап ем
(бір бұлқыныс басталды іште керім)
ашуланған кісі боп бұлқынғанмен
құшақтай түссе дедім.

Адам деген бақыттан тұншығады, ә -
шырын сәтте бойында қан тасыған.
Біздер жаққа қарауға қымсына ма -
ай жатыр шалқасынан.

Қызыққандай біздерге дала мына,
бара жатты құбылып шалғын-кілем.
Сонда сенің тұп-тұнық жанарыңа
тұтқын боп қалдым білем...

***
Менде бір толғаныс бар.
(Кейде өзім де түсінбеймін).
Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір.
Сонау біздің қырдағы тұяқ тілген
Бәйге алаңы секілді дүсірлеймін.

Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын:
Жүргендеймін жарқылдап қасында Айдың.
Мынау бейжай дүниені сілкініріп
Бір таң қылмай мен, сірә, басылмаймын.

Бұйығы өмір тілемен ғасырдан мен.
Мейлі, жұртым тентек дер, асыл жан дер.
Бұл тірлікте жарқ еткен жақсылықтың
Барлығын да құшамын ғашық жанмен.

Қыңыр кетсем кешір деп өтінбеймін.
Шақыр, өмір, әділет сотын мейлің!
Мен әйтеуір жалтаңдап, жалбарынып
Өзім қылған ісіме өкінбеймін.

Менде бір тебіреніс бар.
(Кейде өзім де түсінбеймін)
Дәл сендегі құштарлық күшіндей бір.
Сондықтан ба – қыз ғұмыр бұл өмірді
Қуаныш-қайғысымен ішіп-жеймін.
Осы сезім алаулап бойда тұрса
Асылы кешірмеймін.

Әйелдің монологы

Сенің от құшағыңда
дүниені ұмытып талықсыдым.
Жүрегімді өртеді жан ыстығың.
Мынау байтақ әлемде тек екеуміз
жүргендейміз айналып ғарышты мың.
Көзімді ашсам шырын сәт көзден ұшып
кететіндей жанарды тарс жұмдым.

Сен аймалап алқындың,
одан сайын есімді шығардың да,
мен балқыдым көміліп қылаң нұрға.
Жақсы сөздің барлығын саған айттым,
ішімнен бе, әлде үн шығардым ба...

Сен жанымда жүрдің де
жанарымды толтырдың жылылыққа
(жан жылуын балар ем ұлылыққа).
тәттілігін сезіндім бұл өмірдің
әр күніне тоймадым құнығып та.
Қайырымды да боп кеттім. Қатыгез жан
дірілдеген жүрекпен сыр ұғып па?

Бірақ өзің айныдың.
Су тартылып, тартқандай құрақ күлгін,
сен мысқылдап, мен болсам жылап тұрдым.
Өмір деген бұрқанған дарияға
бұрымымнан ұстап ап лақтырдың.
Сонда ғана есейіп, бұл жалғанда
бәрі алдамшы екенін бір-ақ білдім.

Сенің от құшағыңда
ардан аттап, қалдырдым пәктігімді,
ләззатқа батырған ақ түнімді.
Айырдым мен аяусыз енді кимес
ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі...
.. .Мен күнәһар емеспін ар алдында,
Құдайың да кешеді тап мұнымды.

Қараңғы түндердің шапағаты

Түндер келеді
құбылмас қараңғылықпен
дүниенің барлық жиіркеніштерін таса ғып,
күндізгі сағымдай көз жауын алмай
көлгір көркімен жасанып;
ақ сезімдердің ақ айдынында тербелер дел-сал
сәт қой бұл
қатыгездіктен қажыған көңілдер жасарып!
Қараңғы түндер,
бұл дүниенің ләззаты жалғыз сендерде ғана
қалған ба!
(Өзгенің бәрі өзгеріп кеткен шеңгелін мезгіл
салғанда).
Түндердің тұнжыр тыныштығы ма екен көңілдерді
көкке көсілтіп,
талпындыратын таңдарға!
Таңдайыңа татып тірліктің шырын шақтары
жанды шалқытқан
түн құшағына алғанда.
Жалғыз-ақ мынау бөлмеде
тыныштықта бей-жай көңіл көрпесі көсілмей,
(қасиетті түндер кешіргей!)
Ақтүтек ойлардың ақпаны сақ-сақ қүледі,
жалғыздығынан құтырып кеткен жесірдей.
Рахатын түннің тұл етіп сонда мен отырамын
шабыттың
сарала сауытын шешінбей.
О, шуақ күндер!
Қыз саусақ шұғыла төккенге балғын бақтарға
менменшілдікпен мақтанба!
Тірліктің қимас күндерін тылсым түндерде ғана
сезбесек
қадірсіз шығар ақ таң да.
Мынау жалғанда жалғыз-ақ өзім құдіреттідей боп отырам
Қараңғы түндер шапағат шашқан шақтарда.

***
Менің сорлы сәттерім –
тасқын жырлардан қалған шақтарым тосылып,
Ол сәтте менде арман деген де – бос үміт.
Күңгірттеу менің келбетімді көріп, іштегі
бұрқаныстарды ұға алмай жүр-ау осы жұрт.
Азапты ойлардан діңкелеп бейуақ кетемін
өзімнен-өзім шошынып.
Мүсіркер еді-ау дұшпандарым да бас шайқап,
Түндерде менің жасымды көрсе жастығымды
жуған жосылып.

Менің сорлы сәттерім –
ақтарар бір жан таппаған кезім, кеудемде тұнып,
сыр бұғып,
Жалтаңдағаным, айта алмағаным көңілдегі назды
құрбылық.
Көзім шалғанда бір байғұстарды қара басының
қамы үшін
жүретін асқақ арман дегенді тұл қылып,
күнкөріс жайын мұң қылып.
Күйбең тірлікпен күн кешкендердің
мәз-мейрамдығын қайтерсің
дүниенің бәрін жүргендей солар тындырып.

Менің сорлы сәттерім –
қызғалдақ дәуренде ару дидарлы Күн келген
қабағы ашылмай күн кешетіндер кірбіңмен.
Дүниеден орнын таба алмай жасып, тірліктен безіп
түңілген
байғұстарды көріп жүрмін мен.
Тірліктің тартыс-арпалыстарына төзе алмағандар
тұнжырап
күн өткізеді екен түсініксіз, мылқау бір мұңмен.
...Осы ғой менің сорлы сәттерім, мұңды сәттерім,
досым-ай!
Әлде бұл менің бақыттылығым ба екен?
Кім білген...

***
Қуанышты мендегі
сенің қайғың улайды.
Ешбір адам жердегі
білмейді бұл мұң жайды.

Сүйсе, бақыт емес пе -
мен біреуге тәттімін.
Түсесің де сен еске
сап болады шаттығым.

Аяз шарпып денені
сүйген болам бекер кеп.
Сені іздегім келеді
қай жерде отыр екен деп.

Сен жайлы ойды жасқадым
қалмасын деп ол біліп.
Құшағында басқаның
сені ойлаймын. Сорлылық.

***
Өзіңді жерлеп келіп,
жапа-жалғыз отырмын. Меңіреумін.
Айналамда қыстыққан еңіреулі үн...
Әлем деген қап-қара бұлтқа оранып,
Жел соғады әйнекті сыртта налып,
есі ауысқан шығар бұл сығыр құдай,
сосын, сосын... денемді бұрынғыдай
аймалаған секілді сенің ернің.

Буынымды босатып
сыбырлаған үздігіп сенің үнің,
сосын менің тек саған жерік үнім...
жанарымыз түк үнсіз ақтарған ой
(тек екеуміз білетін сәттер бар ғой?) -
алақандар тигенде, бұлақ-құмар
дір еткізіп жүректен бір-ақ шығар -
барлық елес таптады мені бүгін.

Жерлеп келіп...
Жоқ, жоқ! Иә, өзіңді жерлеп келіп,
отырдым сен деп семіп,
өмір деген өзіңсіз қараң қалып,
керең болып кеткендей тамам халық...
осы менің бүгінгі есімдегі.
Сені осылай жерлегем. Кешір мені.

***
Кетсе де алдап сағымдай үміт, арман,
мен сені ұмыта алман:
төгілген көз жасым үшін,
жүрегімдегі қорғасын үшін;
саған ессіз сенгенім, сезгенім үшін;
сен үшін достардан безгенім үшін;
сені құшып тұрып пәктікті армандағаным үшін -
арланбағаным үшін;
сен бардағы мұңсыз күндерім үшін,
тілеулестерді күрсіндіргенім үшін;
аймалап-құшқан қылықтарың үшін,
дүниені ұмытқаным үшін;
өкініш қарыған жалын мұңым үшін,
сонау бір сағым күнім үшін
мен сені ұмыта алман.

***
Мен қорқамын:
Екеуімізге арманның да,
Таңдардың да ортағын;
қуаныштың,
жұбаныштың ортағын;
жолдардың да,
ор-жардың да ортағын;
бізге атылған оқтардың да,
достардың да ортағын;
сағынудың, сезінудің ортағын;
аңсап-талып кезігудің ортағын -
көнбей ешбір дәлелге
бәрін айтып қояды-ау деп әлемге
мен өзімнің көздерімнен қорқамын;
сосын, сосын, өлеңдерім,
өздеріңнен қорқамын!

***
Жанарлармен тіл қатып,
Жүректерді жырлатып,
Сезім деген айдынға
Мың бұлқынып, мың батып –
Кездесу де бір бақыт!

Тамған жасты
нұр-жақұт
еріндермен құрғатып,
ләззат пен аңсауға
ой-санаңды ұрлатып,
қиыса алмай амалсыз
қоштасу да бір бақыт!

Елікпей еш жырға түк,
кірпік ілмей түн қатып.
жүрегіңнің дүрсілін
жалғыз жанға тыңдатып,
іңкәрлықтан үздігіп
аңсаған да бір бақыт!

***
Көңілім алабұртып саған аздап,
бір алау келе жатты жаңа маздап.
Әйтеуір, құдай сақтап, қалдым-ау мен
өзіңе ғашық болып қала жаздап.

Басқаны жазғырғанмен кезінде жай,
сезбейсің торға түстің өзің қалай.
Жоқ жерде өрт шыққандай лап ететін
осы бір құрып кеткір сезімдер-ай.

Сені де құшағына ап "кесірлі" үміт,
көзіңмен тұрдың мені шешіндіріп.
Сүйіктім қарап тұрған секілденді -
селк еттім сонда ғана есім кіріп.

Кешкің кеп сол бір сәттің отын бірге,
құмарлық есіңді алып отыр мүлде.
Әйтеуір, аман қалдым. Білмеймін тек
мен бұған қуандым ба, өкіндім бе...

***
Даланы жалғыз жайланып,
шымылдық құрып жатты түн.
Киіз үй. Көгал. Ай жарық.
Бағандай биік ақ түтін

өрлейді көкке жай ғана,
леп жоқ – сирек тыныш шақ.
Ұйқыға бөккен айнала,
табиғат жатыр тыныстап.

Қараңғы құшып жасыл маң,
тентек жел кеткен түңіліп.
Боз жусан – жұпар шашылған,
Көңілде – көктем бір үміт.

Ару Ай кербез, гүл рең,
сүйкімді сұлу жас қылық,
жұлдыздарды да нұрымен
бір сәтке сәуле шаштырып

барады көкте шат түрмен,
аспанды дара басқарып.
Көз ілмей Жерде жаттым мен
жусанды жалғыз жастанып.

***
Шуағын төгіп күн шығып,
қанатын жайды гүл шыбық.
Келеді көктеп
даланың
құрсағын жарған тіршілік.

Үрпіне Жердің сүт толып,
жүзіне мөлдір шық қонып,
тереңнен алған тынысы
қалқиды мақта бұлт болып.

Еркелеп, сүйіп аймалай
құшады қырды, сайды арай.
Жыңғылды сайдың баурайы
жап-жасыл жұмсақ жаймадай.

Тұрмайсың бейжай, таң қалмай
тірлік жоқ жатқан жанданбай,
керемет сезім, кең құшақ
адамнан Жерге ауғандай.

Тіл бітіп тілсіз құмға да,
бусанып, бүрлеп тұр дала.
Бошалап кеткен боз інген
боталап жатыр жылғада.

***
Көздеріңде
ақыл, ой, мұң тұнады,
адамдайсың қанбаған бір құмары.
Жаның жүдеп, дәрменсіз отырасың
маған қарай жүрегің бұлқығалы.

Мен біреуге жарқ етіп қарадым ба -
қызғанасың
жалт ойнап жанарыңда.
Тәкаппарлау түрімнен тұншығасың,
көмілесің амалсыз нала, мұңға.

Мен ғанамын ойларың, таңдарың да,
Қайғы әкелер қол жетпес арман ұлға.
Мен елік боп көзіңе көрінгелі
сүйкімсіз боп кеткендей жан жарың да.
Үміттенер мен жақтан естілмейді үн,
сезбей ме деп ой селін кештің кей күн.
Әйел сезбес сыр бар ма бұл жалғанда -
сезем бәрін. Білемін. Тек сүймеймін.

***
Бәрі менің есімде:
Сені күтіп терезеден қараумен
Минут санап тұрғаным.
Жанымды өртеп бір жалын;
Сөндіре алмай сағыныштың мұңдарын;
Сосын сенің кіріп келер сәттерің,
Тілсіз, үнсіз аймаласқан тәтті ерін...
қос жүректе - ақ сезім мен пәк сенім;
көп ішінде
сыр ақтарып көзбенен
жырақ шығып өзгеден
оңашарақ қалуды ылғи көздеген;
сәтке ынтығып шырын-бал,
қол ұшынан бойға тарар жылулар,
тек екеуіміз түсінетін сыбырлар;
құлақ қоймай еш үнге,
сезім селін ынтығып бір кешуге
аласұрдық. Бақыт па бұл, кесір ме?
Бірақ бәрі есімде.

 Сурет: fariza.kz

Массагет сайтына жарияланған Фариза Оңғарсынова туралы мақалалар

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Үкімет шектеу шараларын 2 тамызға дейін ұзартты
Үкімет шектеу шараларын 2 тамызға дейін ұзартты
Шілде айындағы 42 500 теңге қалай беріледі?
Шілде айындағы 42 500 теңге қалай беріледі?
Дятлов асуының құпиясы 60 жылдан кейін ашылды
Дятлов асуының құпиясы 60 жылдан кейін ашылды
Карантин екі аптаға ұзартылып, 42 500 теңгеден беріледі
Карантин екі аптаға ұзартылып, 42 500 теңгеден беріледі
"Манчестер Ситиге" Чемпиондар лигасына қатысуға рұқсат етілді
"Манчестер Ситиге" Чемпиондар лигасына қатысуға рұқсат етілді
Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегіне қанша сыйақы алды?
Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі алғашқы жекпе-жегіне қанша сыйақы алды?