Нұрболат Жолдасбек: "Мен бәріне керексізбін, керекпін..."

Нұрболат Жолдасбек: "Мен бәріне керексізбін, керекпін..."

Өлеңі де дәл өзінің болмысындай шынайы бұл баланың, айналасына, жалпы өмірге мейірімділікпен қарайтын тұп-тұнық жанарында қашанда мұң үйіріліп тұратынын өзі біле ме екен?! Білмесе керек-ті, себебі, бәрін бір ғана жымиысы жасырып кетеді.
Кейде осы бала қытымыр жалғанды қырлы стақанда қысып ұстап тұрғандай көрінеді. Әрине кеуде тұсында әлдене өлең оқимын деп бұлқынып жатқандай. Аппақ көңілімен еркелейтінін былай қойғанда, өлеңі тағдырлы! Ақынға тән болмыс осындай шығар.
Біздің буын әдебиет есігін айқара ашты дейтін болсақ, буынға пышақ салдырмайтын бірден-бір адам ( ақыннан бұрын адам ғой ) осы бала! Өмірі мен өлеңі әрқашан өзі сияқты ашық- жарқын болсын деп тілейміз!

Нұртас Тұрғанбек

Шаңырақ

Құлатуға кеп тұр ма?.. жылатуға?
Сыр ашудан жалықтым мына қырға...
Жел – жарықтық жаныма жақынырақ,
Ол да жақын жақынын жұбатуға.

Сыйпайды өзі маңдайын ана қырдың,
Астында оның ана өзен қанатының.
Жапырақты құлаған тербетеді,
Сан тағдырды тербетіп баратырмын!

Таң атырдым, батырдым – есейгенмін,
Шешейді емдім – күн арта төселгенмін.
Жоғалуын көргенмін – Ғасырлардың,
Асылдардың көргенмін есі өлген күн!

Ақ дидарын ананың шаң ұрады,
Шаңырағы о,неге?.. қаңырады?!
Алақаны тілініп кесілгенмен,
Жесір жеңгем ұстап тұр шаңырағын...

Шаңырағы өртеніп кеткен кеше,
Кектенбесе қайтеді–ей, жек көрмесе?!
Бұлтттардың үстіне тұрып қалдым,
Өшірем деп егерде көп көнбесе.

Бақылап тұр бәрінде атырап, тау,
Бау – бақшалар, өзендер, топырақ, тал.
Жел ғана сол жаныма жақынырақ,
Ол да мендей қанғыбас, ақымақ – ау...


Ақмағамбет

Әжем менің... ақ уызын сақтаған,
Бас ұрамын белдеу түскен сәтте оған.
Інішек деп қарсы алғанда жеңешем,
Шытынауға шақ қалам.

Құйма – құйма шашын сілкіп ләйлі түн,
Құж – құдірет жасырғанда айды – күн.
Құлан түзде адасқанда әйгілі,
Сұраушы еді жайды кім?

Күңіренген көң даланы жампайлап,
Мыжық тауға мыж – мыж бұлттар жантайған.
Күрең кеуде күлгін көкке қол созса,
Күйші жел ғой сипайтұғын маңдайдан.

Мың бұралған биші күз,
Шараяққа шарабыңнан құйшы, қыз.
Сүю жайлы мендей ешкім білмес-ті,
Үйрететін сен жоқсың ғой, күйші қыз.

Борбайынан су сорғалап бұлттың,
Бейнеңді әсем айғыздауға құнықты.
Мен – періштең пенделікті ұмытқан,
Мен – періштең жылыттым.

Шараяққа шарабыңнан құйшы, қыз,
Күй шерткенше күйші қыз.
Құю жайлы желдей ешкім білмейді
Үйрететін сен жоқсың ғой, биші күз.

Шапалақпен тартқаны кеп жай оты,
Жай отымен үйлесіп ед қай ақын?
Жүрегімді жасырайын, күйші қыз
Сен – Найзағай... қоя тұр!

Парадокс

Мен бәріне керексізбін, керекпін,
Керектігім керексізге қорекпін.
Мен- Махамбет болар едім, бірақта
Бөлекпін...

Бөлектігім - тым қисынсыз түс көрем,
Түс көруге күнәм шығар күштеген.
Құдай жоқ деп айғайладым, қорықтым
Қорыққаннан У жоқ, сірә, ішпеген.

Қорыққанмын көшелерден қараңғы,
Қатын дедім қабақ шытқан ғаламды.
Жолыққанның жолын кестім, жарадым,
Қолын кестім қол көтерген адамның.

Жер сұрады – жерге бердім, жерледім,
Ел сұрады – елге бердім, өлмедім.
Жалғыздыққа жалғыз бардым, жазғырды,
Жауыздыққа жалғыз досым азғырды,
Ермедім...

Кездесуге асыққанмын Алламен,
Кімге жарық болған еді жалған өң?
Қорқау тірлік жабысқан жоқ балаққа,
Қорқақ қыртпен жабылмадым торға мен.

Өткеніме өткенім деп қараймын,
Сау күн іздеп арасынан әр айдың.
Ақынсың деп алдағанмын талайды,
Ақылды боп ішіп кеткем талай күн.

Сосын, сосын сүйгенім бар – Құландық,
Бойында оның бір қылық жоқ ұнарлық.
Біз бақытты бола алмаспыз, - деді де,
Кетіп қалды еркіндігін сыңар ғып.

...Тізе берсем бола қоймас өлшемі,
Тізе берсем көтермеспін еңсені.
Шексіз мұңға алып кетем бір күні,
Шексіз бақыт құшағынан мен сені.
Шексіз сезім аралына мен сені...

Ай

Жібек өңді жанымен жаралы ару,
Жылытпайды-ау, сертімнің сары алауы.
Мені іздеумен сабылып әлі жүр ме?
Мен бармайтын теңіздің жағалауын.

Сағынышың дерт болып мені іздеуден,
Уақыт уатып сенімді өлі іздерден,
Бос шөлмекке хат салып сосын, сәулем,
Жауап күтіп тұрдың ба теңіздерден.

Ойға шомып қайталай сауалыңды,
Қытықтатып толқынға табаныңды.
Уақыт өтіп жатты ма үнсіз ғана,
Бір салып, бір алумен аяғыңды.

Күте бердің өзгерген кезде ғалам,
Ойланбайды күткенде өзгені адам.
Ақындығы ақынның күнәсінде,
Сұлулығы сұлудың көзде ғана.

Мен келдім ғой өткізіп сан кемелер,
Бақыты көп өмірдің сен кенелер.
Сүймегені секілді мені ешкімнің,
Мен де ешкімді сүймедім сенсең егер!

Жібек өңді жанымен жаралы ару,
Жылытпайды-ау сертімнің сары алауы.
Мені күтіп жүр ме екен жылатып ап
Мен бармайтын теңіздің жағалауын.
Күтсең ғана келеді шынайы бақ...

Дауыл

Жел – қамқоршы құрақтың сүртіп терін,
Өз түсіне бояған кірпіктерін,
көзін көрген алғашқы пайғамбардың,
Ең кәрі ару тұр әне іркіп демін.
Бір құт енді үстінде бүркіттердің,
Аспан, аға, жылауық қарындастай,
Сен де оның көз жасын сүртіп пе едің?

Дарыны ғой ақынның құдіреті,
Бақа ән сап, толқындар жүгіреді...
Күлдіреді бақтарды,(сүгіретін,
Құдіреттің сала алмай түңіледі).
Сүрінеді, құлайды... теңіздерді
нәп-нәзік шөлдегенде сіміреді.
Дарыны ғой ақынның құдіреті.

Бір құт енді астында бүркіттердің,
Келе ме, аға, жасымда сүртіп бергің?
(Сілкіп келдім бәрінде құртып келдім)
О, неге, аға, жағаңды жыртып бердің?!
Кең далада адасқан емшідеймін,
Кескізіп ап өмірдің кірпіктерін.

Желді тыңда, қалқатай, ең болмаса,
Ей, ұсқынсыз Дүние желді алдасаң,
Екі жүз мың дәуірлік мұң – қайғының,
Жетегінде кетерсің мен болмасам!
(Мен оның жарымын ғой...)

Жел – қамқоршы құрақтың сүртіп терін,
Бір құт енді үстінде бүркіттердің,
Аспан, аға, жылауық қарындастай,
Сен де оның көз жасын сүртіп пе едің?

Сурет: ©Мassaget.kz, nicehdwallpaper.com, familyconsulting.pro.

Ш. Талап