«Жырлаймын туған елімді» байқауында жүлде алған өлеңдер

«Жырлаймын туған елімді» байқауында жүлде алған өлеңдер

Жақында «Таңшолпан» бағдарламасы ұйымдастырған «Жырлаймын туған елімді» атты жыр  додасы мәресіне жетті. Байқауға 100-ге жуық ақынның өлеңі келіп түскен. Жыр додасының қорытындысында үшінші орын шығысқазақстандық Айдана Сегізбаеваға бұйырса, екінші орынды Алматы облысынан келген Мерген Тоқсанбай  еншіледі. Бірінші орынды Қызылорда облысынан атынан сынға түсен Салтанат Қожа иеленді. Ал, байқаудағы бас жүлдені алматылық Қайсар Қауымбек жеңіп алды.

Байқауда жүлде алған туындыларды назарларыңызға ұсынамыз: 

Қайсар Қауымбек - «Атажұрт» (Бас жүлде)

Айбарлы ата жауымның есігінде өсіп,
Жетімім қаңғып жоғалған, жесірім босып,
Бетімен кеткен бүлініп, бесігін кесіп,
Түзелмей кетті-ау, қазақтың осы бір көші.

Сары нар таққан сол көштің бұйдасы қалған,
Сұңқылдап барып басталды күй басы – зардан.
Сары өзен жақта ғұндардың қу басы қалған,
Самарқанд жақта сақтардың сырласы қалған.

Айдаһар басты ата жау қылышын бұлғап,
Үш жүзім құрған шайқалтты, ұлысымды ырғап,
Әуелгі қалған ұл-қызым, туысым қымбат,
Тәуелді болған тізгінім, құрысын бұл бақ.

Оң иығыма күн сүйген қыранымды алдым,
Сол иығыма құл сүйген Құранымды алдым,
Қозғап бір келем қайғысын бұла қырлардың,
Боздап бір келем үстінде құла құмдардың.

Көкбөрі текті тұқымы ем, бағзы Көктің,
Көктегі Күн, Ай куәсі жазығы жоқтың,
Көк Туым сені көрдім де, қазығым еттім,
Тәңірім өзің қолда, деп тағзым еттім.

Салтанат Қожа - «Азаттық» (1-орын)

Азаттықтың арайлы жаңа таңында,
Бір құдірет тулайды дара қаңымда.
Қазақ деген өр рухты қайсар халық қой,
Тағдырының жазуы алақанында.

Тарихымыз бар еске алар кеткендерінде.
Тәуелсіздік бұл – талайдың төккен терінде.
Алтындай боп жарқырар егемендігім,
Ауылдағы диқаншы кетпендерінде.

Шөл – ғасыр аналарымды шөлдеткенінде,
Баһадүрлер бұлқынған жөргектерінде.
Тәуелсіздіктің жазуы өріліп жатыр,
Әжелердің тоқылған өрмектерінде.

Жылдан-жылға көркейіп түлеп тірлігің,
Өмір кешем жұртымның тілеп бірлігін.
Қайсар рухты қазаққа ұқсатам кейде,
Жолбарыстың жұлқынған жүректілігін.

Тайғақ кешу тар жолдар тоқырады да,
Бейбіт күндер! Нұр төкті атырабыма.
Қадірімді қабірім басқанға дейін,
Тағзым етер жүрегім топырағыңа...

Мерген Тоқсанбай (2-орын)

***

Түнімен тұрған таң асып,
Тобылғы меңді торым ең.
Сән-салтанатым жарасып,
Сал-серілердің жолымен.

Сары адырларды бетке алып,
Салқын самалын төске алып,
Ауған бөкендей топталып,
Соңымда қара қос қалып.

Кес-кестеп жолды көлденең,
Бөделерім жорғалап,
Беткейдің желі тербеген
Бетегелерім жол қарап.

Толқытып әнді тулатсам,
Қара домбырамды күйлетіп,
Қарағайларды шулатсам,
Ақ қайыңдарды билетіп.

Қолпаштап терек-емендер
Қол соқса, әрбір жапырақ
Мәртебем қалай төмендер?
Гүлдерін сыйласа, топырақ.

Сусыным қанбай бұлақтан,
Саумалын көлдің сұратсам,
Ағаштай жаңа бүр атқан
Ақ нөсеріңе құмартсам.

Осылай өмір кешсем бір,
Қиялым кері бұрылды
Көшкен дәуренді көксеу бұл,
Сағынып сері ғұмырды.

Тұлпарын мінсем өлеңнің,
Сұңқарын жырдың түлетіп,
Туған топырағым! О, менің!
Өтейін сені жыр етіп!
Өлейін сені жыр етіп!

Айдана Сегізбаева - «Туған жер» (3-орын)

Беу, туған жерімді сағындым,
Белінен жалбыз аңқыған.
Тентек мінезді ағынмын,
Жүрегін шабыт шарпыған.

Жайлаудың жасыл желегі ай,
Орағы батпас, тарағы.
Жанымды нұрға бөледі ай,
Бұлақтың мөлдір жанары.

Миымда ойлар тынымсыз
Ауылға қарай ұмтылған,
Бойжеткен болып бұрымсыз,
Жыраққа кеттім жұртымнан

Анамның аппақ тоқашы
Əкемнің қисық арбасы.
Ұзарған Үржар жотасы
Қызарған қызыл алмасы

Атамның жатқан қабірі
Əжемнің мəңгі мекені
Сағынсам қашып сабырым
Көңілім босап кетеді

Кеткім келеді ауылға,
Асыр сап ойнап құлынмен.
Алып кетіңдерші, бауырлар,
Сағынып кеттім бүгін мен.

Сурет: twitter.com

Ш. Талап