Есенғали Раушанов: "Мен осынау жүрегіммен, жаныммен..."

Есенғали Раушанов: "Мен осынау жүрегіммен, жаныммен..."

Бүгін қазақтың танымал ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтың туған күні.

Қазақтың дарынды ақынын туған күнімен құттықтай отыра, өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Мен осынау жүрегіммен, жаныммен

Мен осынау жүрегіммен, жаныммен,

Алау ыстық қаныммен,

Бойымдағы барыммен,

Ақ қаймағы бір қасықтай фәнидің

Табынамын күлкісіне сәбидің.

 

Сәбиі үшін тілемеп ем мың бақыт,

Орай мені мәңгі ерімес тоң-мұзға,

Өзге жанның жыры болған сол қызға.

 

Кейде анама бесік жырын жырлатып,

(Бұл сырымды еш бүкпесіз айта алам)

Сәби болғым кеп кетеді қайтадан.

 

Әзілдейді әз жеңгем:

«Жұрт ұлына өбектейсің сонша кеп,

Қайтер едің бұл өз балаң болса» деп.

 

Қам көңіл көл секілденіп қаз келген,

Бір серпіліп қалар мынау кең кеуде,

Жасы кіші інім сәлем бергенде.

 

Менің әкем әл үстінде жатқанда,

Бір сүйді де немересін алдырып,

Қалғып кетті мәңгілік.

 

Қара мая ақ ботасын тапқанда,

Жылағанын алғаш рет көргенмін

«Бедеу әйел» атанған сол жеңгемнің.

 

Жігіт болдық ел сенер,

Алға тартты бақыт деген бір кеме,

Сәуле шашар жақұт берем түнге де.

 

Сәби болғым келсе егер,

Бәрін қайта бастасам деп жүр деме,

Жыр есігін ашпасам деп жүр деме.

Сезімге от

Сезімге от,

Дәтке қуат сенен алам,

Өзім деп,

Өзегім деп келем әмән.

Омпы тұрған сақадай оқшау төбе,

Оқшырайып қарадың неге маған?

 

«Суын іш, жапырағын жараңа таң», -

Деп сізді қалдырмап па ед маған атам?!

Тым суық қарсы алдыңыз неге бұлай,

Сазарған сартас мола, сағана там?

 

Келіп ем тындайын деп сөз данасын,

Апырма-ай, селт еткізді-ау көз қарасың.

Мұншама тосырқадың, жарықтығым,

Танымай тұрған қарттай өз баласын.

 

Басқа деп қарамағын, тегі, бөліп,

Еске алдым мен атамды сені көріп.

 

Әуелі танымай қап ол да сендей,

Бір ұрсып ап, сүйетін еміреніп...

Ал кәне, құшағынды аш, сары бас тау,

Сары шалым секілді тебіреніп!

Осы жазда...

Осы жазда ауылға тағы бардым,

Тағы оянды ауырлау мәні бар мұң.

Сәрідегі жұлдыздың жарығындай

Әрідегі жайттарды жадыма алдым.

 

Осы жазда ауылға тағы бардым,

Тағы оянды ауырлау мәні бар мұң.

«Көкқасқалар» танаптан оралуда,

Оралмайтын шағымды жадыма алдым.

 

Келінтөбе бауырына жағып алау,

Таң көрінді.

Таңымды сағынам-ау.

Тау күрішті ана жыл бірге аударған

Тау тұлғалы қарт диқан танымады-ау.

 

Жерге сіңіп жатқандай үні барып,

Газик әрең ілбиді ыңыранып.

Жіңішке арық құйрығын

бұлғаңдатты,

Басын біздің атызға тығып алып.

 

Күндер де жоқ баяғы, дүрмек те жоқ,

Кімге кінә артамын, кімге өкпелеп.

Саяқсыған мен құсап

сан досымнан

Ну тоғайдан қалыпты бір кек терек.

 

Сирей берді сағымы барқыт белдің,

Жолға түсіп, үн-түнсіз тартып бердім.

Жалғыз ағаш нені айтып сыңсиды деп

Toп шеңгелден сұрауды артық көрдім.

Ұмытпайды

Ұмытпайды.

Біледі ел,

білмесін бе?

Әулие атам -

халықтың бұл да есінде.

...Аруағы оның сарүйек жылан екен,

Оратылып жатыпты іргесінде.

 

Соны айтады әлі күн

өңір-аймақ,

Желден ұшқыр сарүйек,

пері қайрат.

Алқа топта сөз алса атам менің,

Иығында тұрыпты шегіп айбат.

 

Бұл өлеңді біреулер даттар мейлі,

Ұнатпайды өскен жұрт мақтангөйді.

Әулие атам өлген күн,

жойқын сары

құйрығымен жер сабап жатқан дейді.

 

Мен оянам ұйқымнан мүлги беріп,

Кілт тоқтаған секілді сырғи келіп.

Жылан - менің тарихым!

Түсімде де

қылғындырып орайды ол ылғи келіп.

 

«Не айтасың, кәнеки, бабаңа» деп,

Ширатылып жатады сары ала боп.

Мен қорқамын, қорқамын,

"сорлы жылан

белін мәңгі жаза алмай қала ма" деп.

 

Әулиемін дегеннің көрдім көбін,

Қашады әрі, мұны айтсам,

ең дүрлерім.

...Жылан жатыр ұйысып,

оратылып,

Қалай жазам орамын?

Мен білмедім.

Қара бауыр қасқалдақ

Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.

 

Қарабауыр қасқалдақ, қасқалдағым, кері қайт,

Сиреп кеткен тоғайға қамықпа деп көңіл айт!

 

Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы,

Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды.

 

Өз босағаң бұл жердің тауы, қыры, төбесі,

Босағасын басқаға тастай ма екен, о несі?

 

Қасқалдағым, кері қайт!..

 

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: photooner.kz, alashainasy.kz, Vk.com

Н. Айдархан