Салтанат Смағұлова: "Сенен өзге кім ұғады мендейді?!"

Салтанат Смағұлова: "Сенен өзге кім ұғады мендейді?!"

Салтанат Смағұлова 1982 жылы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Бірнеше облыстық және республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. «Жанарымдағы жазулар» атты жыр жинақтың авторы. Шығармашыл жастардың ХҮ Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Педагогика ғылымдарының магистрі. Бүгінде академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады.

Ақынның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Таңсәрі

(ЦИКЛ)

Түннен аман шығып едің.

Таңсәрі.

Жаның неге жабырқау күй аңсады?

 

Көңіліңді тербеп тұр ма шерлі өлең?

Өз бағына қолы жеткен пенде кем.

 

Таң алдында тебіренбей, мұңайдың,

Қай қылығын қия алмадың ұры айдың?

 

Күнді көрер шақта көзің қарықты.

Арман жазу емес сенен жалықты.

 

Алаң-елең.

Енді есің кіргесін.

«Сана» деген жүрегіңе түрме шын.

 

Аузың аққа тиер еді шақта бұл,

Қолыңды алып құшты өлең, жат бауыр.

 

Бір аттасаң адамға – әке, Хаққа - құл,

Өмір сүріп кетер едің тәп тәуір.

***   ***   ***   

Өңім бе бұл?

Есеңгіреп келемін.

Көңілімнің көкжиегі көне мұң.

Біреу-міреу жай сұраса, жабығып,

Өткенді айта беремін.

 

Сөз етеді сезім сырын біліп кім?

Шешімін мен табам деп сан құнықтым.

Ессіз сүю айып десе, бас изеп,

Күліп өте шығыппын.

 

Қара жолда қаралы көш тоқтадым,

Білсе, білді мені өртеген от барын.

Табыттағы цыган қызы Лоланы,

Дауыс салып жоқтадым.

 

Дүбір-дүбір..

Жалғыз қалып торықтым.

Күбір-күбір..

Түсімді өң деп жорыттым.

Өлі, тірі мені елемей кеткендей,

Көзсіз ынтық болыппын.

 

Енді бір сәт тәтті қиял тербейді,

Сенен өзге кім ұғады мендейді?!

Ерім дедім.

Етегіңнен ұстадым.

Айырылғым келмейді.

 

Өлең менің бір өрісім көктегі,

Өмір шіркін өліара кез өтпелі.

Ай астында берген серттен танбасаң,

Күттірмессің көп мені!

***   ***   *** 

Таң алдында шырт ұйықтап қалыппын,

Тылсым бір күш жұлып алды төсектен.

Жанып кетіп..

Өле алмадым, талыппын,

Қысылып тұр қос өкпем.

 

Жүгіргенім бергені-ай деп Хақ тілеу,

Өз жанымды өзім зорға еншілеп.

Арқа беріп күтіп тұрған жат біреу,

Арым саған меншік ед(і)..

 

Алдамадым көңілімді хас көп деп,

Тілеуім сен алақанды жайғанда әр.

Адамзаттың асылы деп әспеттеп,

Сенсің дедім Пайғамбар!

 

Алдына сап алып кетсін кегін көп,

Таңсәріде неге іздеп келеді?

Екі көзім екі әлемде ерім деп,

Жалғыз сені көреді.

 

Хақтың ісі елеп, тағы елемеу,

Сенсіз өтсе, өтер дедім киік күн.

...Жалаң аяқ келе жатып көнелеу,

Аяқ киім киіппін.

 

Сезіміне сұрар екен қалай құн?

Рухым тағы кетсе жақсы үстем боп.

Айналама аң-таң болып қараймын,

Қазір көктен түскен боп.

 

Жүрек сенде!

Айтсын енді жарлығын.

Тыңдамасаң таң алдында талақ қыл.

(Өзім емес).

Өлең болар тағдырым,

Саған ғана қарап тұр!

***   ***   *** 

Сенi көрген сәтiмде қалам гүлдеп,

Жүрегiмдi қойып ем сағaн күрмеп.

Таң алдында (о, тоба) iздеп шықтым,

Faйып.

Байып.

Жүздесiп қалам ба деп?

 

Неткен көркем?!

Жаңбыр ғой... себелеп тұр.

Көз ұшында манаурап көбелек қыр.

Сағaн ұқсап әлемнiң бар ғaжабы,

Көнiлiмдi тербейдi.

Өлен еткip!

 

Жарқылдады найзағaй.

Дipiлдедiм.

Мен бip пенде бiлемiн сырын ненiң?

Белес.

(Елес?...)

Бейнеңдi көрген болып,

Есiм шығa есiмде жүгipгенiм.

 

Сен сөйледiң шамасы түн тiлiнде,

Ұғысып-ақ кетер ек бip түбiнде.

Менiң айтсам дегенiм жасқа айналып,

Әттең, әттең, қап қойды кipпiгiмде.

 

Тұрғaнымен күбipлеп күдiк құрдым,

Мен еңсемдi егiстей бiтiк қылдым.

Сенiң айтсам дегенiн өзiңде жүр,

Тағы айналып соғaрсың.

Күтiп тұрмын.

***   ***   *** 

Көзiме күлкiмдi тағып,

Өмipдi cүpeмiн дедiм.

Жүрегiм қалғaны налып,

Өлеңдi сүйетiн едiм.

 

Аспан-жер тұтасып... сарсаң,

Сен жайлы жеткендей дерек.

Ақ бұлтқа оранып барсам,

Алдыңда ақталам не деп?!

 

Қаласаң жолыма сор жаз,

...Күні кеше бастап ем оңды.

Үмiттi он көктем, он жаз,

Ғұмырдың өтеуi болды.

 

Аян боп қалды ма жоғым,

Бipey жүр.

Мен емес бөтен.

Ағына алданып соның,

Бағына қанағaт етем.

 

Аh ұpып..

Алмадың жалғaй,

Жазылмай жыр кеттi есiл.

Қағaзғa көшipiп алмай,

Өшipe салғaнмын.

...Кешip.

***   ***   *** 

Сен емессің өлеңдегі өрнегім.

(Өзің жоқта екілене сөйледім).

...Неге сен боп құшағына қысады,

Үстімдегі көйлегім?

 

Сен емессің, сен емессің серігім.

(Сенімді айтсам, тергер дейсің мені кім?).

...Жайсаң жанға жар болатын жанымды,

Саған неге телідім?

 

Бал ма, у ма?

Қажеті аз күбірдің.

Қолыңнан ап қос кесеңді сімірдім.

Бір бағымды бір сорым кеп үркітер,

Содан бері мінім мың.

 

«Бақыт» деген не тәйірі қаласа,

(Бұл өзіме түскен түрім араша).

Он екі айға билік құра алмайды,

Біз табысқан қараша!

 

Сезім...

Сезім...

Секеңдеген кекілік.

(Сендірдім-ау өз-өзімді өтініп).

Мүлде сені көрмегендей ұмыта,

Алам дедім.

ӨТІРІК!

***   ***   ***

Түн емес, таң емес.

Ғажап!

Өң емес, түс емес.

Азап.

 

Ай түндік, көлеңке күндік.

Қоштасу екенін білдік.

 

Жүректе жүздескен сәттер.

Қалтаңда қалам мен дәптер.

 

Кеудеңде күлкім жүр керім.

Мен сенің өмірің едім.

 

От сөнді екеуміз жаққан.

Енді ешкім салмайды бақта ән.

 

Сен мені құшаққа алып,

Мен тұрмын тағдырға налып.

 

Жарлы өмір жарымжан етті,

Қабырғам сөгіліп кетті.

 

Күрең бел болар-ау мекен,

Тек қалай жұбатар екен?

 

Білгенге бар болып едің,

Көргеннің алдадың көбін.

 

Заңына қайшы деп ардың.

Музам – сен!

Айта алмай қалдым.

 

Ақтық сөз.

Не деген ауыр?

Бар сөзім айтылған жауыр.

 

Қолымды ап, көзімнен өптің.

Мен ғаріп талықсып кеттім.

 

Білмеймін жағдайды арғы,

Қолымда жүзігің қалды.

***   ***   ***

Мен – ақынмын!

Әйелдігім кескінім.

Өзге тірлік еншілейді бес күнім.

Кеше кешке өз өзімді біреуден,

Соры қалың екен ғой деп естідім.

 

Ақиқаты –

Маған артық «керек» деу,

Өлең жазбау –

Өз өзімді өр етпеу!

Бір айыбым өмір сүрдім дегенім,

Адамдардың айтқанынан бөлектеу.

 

Жазам десең –

Қырды күйге бөлеп көр.

Жазар десең –

Кері шегін бер өткел.

Басымды бұлт торлап тұрса ол дағы,

Менің өлең жазуыма себепкер!

 

Бірі жақтап,

Бірі даттап... көріпкел,

Барымды аңдып алас ұрып желікті ел.

Ғайбат айтып айбат қылған пақырға,

О, жаратқан, бақ-сорымды бөліп бер!

 

Мен – ақынмын!

Атағым жоқ, арым бар.

Тәңір маған жыр сыйлады таңымда әр.

Айдын көлде алас ұрып аққулар,

Мен кеткенде...

Қиқу ете қалыңдар!

Бір шу ете қалыңдар!

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Vk.com

Н. Айдархан