Жанарбек Әшімжан 1976 жылы 1 сәуiрде Алматы облысы Райымбек ауданы (бұрынғы Кеген ауданы) Жалаңаш ауылында туған. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң журналистика факультетiнің түлегі.
1996-1999 жылдары қалалық «Алматы ақшамы» газетiнде тiлшi, 2000 жылы републикалық қоғамдық-саяси «Қазақстан» журналында бөлiм редакторы, 2000-2005 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетiнде әдебиет, саясат бөлiмдерiнiң меңгерушiсi, 2005-2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары қызметтерiн атқарған.
«Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, Жазушылар Одағы басқарма бастығының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжанның бір топ өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.
Аттанғанда
Арнасын бұзып көпшiлiк ашытқы-ойдың,
Ойынды таста дегендей, асықты қойғын.
Дәу қала жақтан естiлген даңғаза үндер,
Ауылдың жап-жас тұрғынын ғашық қып қойды.
Арманға бөлеп жүректiң бөктерiн балаң,
Аттанып едi болмай-ақ өткенiне алаң.
Ақсақалдарым аспанға алақан жайып,
Шығарып салған ауылдан шеткерi таман.
Ақ бата тiлеп ағайын жорамалыма,
Ақ құртын орап ал анам орамалына.
Аттандырған едi бар ауыл тiлекшi болып,
Сәт-сапар тiлеп томпиған молалары да.
Тыныштық орнап сол сәтте дала көгiнде,
Көздерiн қадап бәйшешек жаңа көрiнген.
Ер-тұрман жайлы елдерге ертегi айтар,
Даланың ұлы аттанды алакеуiмде.
Қолғабыс емей немене өскенi ердiң!
Тәңiрдiң әсте тәлейге кескенiн көргiн.
Қалаға солай аттанды болашақ жайлы,
Көп ойлайтұғын бiр ұлы көшпелiлердiң.
Ауылға хат
Қалай бауыр, ауылда шал аман ба,
Ағашты ат қып мiнген бала аман ба?
Торайғырдың төсiнен қар кеттi ме,
Сал Қапез әнге қосқан дала аман ба?
Сенi ойласам бөлiнiп санам мыңға,
Отырамын күбiрлеп ар алдында.
Топырағын өзгенiң жерсiнбейтiн
Қолды болған торыңды таба алдың ба?
Тағы қандай шаруалар еңсерiлдi?
Ала алдың ба даярлап жем-шөбiңдi?
...Сендерде ғой адалдық, бекзадалық,
Жiгiттерi-ай ел жақтың ең сенiмдi!
Ауыл жақтан ән жетсе құлағыма,
Байыз таппай кетемiн тұрағымда.
Бақұл болсын... бiраз шал кетiп қапты,
Әлдилеген бiздердi тұмағына.
Жалаң жiбек жамылған қыздарымды,
Қылыш мiнез сағындым ұлдарымды.
Шалдарымды сағындым, бауларымды,
Солар едi киесi түзгi ауылдың.
Ауылда ғой гүл көктем, жайдары күз,
Құрақ ұшар атты да, жайдағыңыз.
Кер бестiнi сағындым, кең даланы,
Кеттiк достым, ауылға, сайланыңыз!
Нарынқол, Жалаңашым – дала мекен,
Жаралы екен, осы өңiр жаралы екен.
Заманақыр зауалы таяғанда,
Бұл ел де жер түбiнде қала ме екен?..
Аға, сiз айтыңызшы пәтуәнi,
Туған ұл жерсiнбеп пе жат ұяны!
Құлағыңа жете ме бақи әнi?
Бiз топырақ iздеймiз.
Кiм iздейдi?
Жолбарыс ұл ұл жоғалса қапияда.
Опырылып отырам осыны ойлап,
Қонбады ғой тәңiрi, басыңа-ай бақ.
Тас-талқан қып кетедi аспанымды,
Кенеттен күн құбылып, жасын ойнап.
Жалаң жiбек жамылған қыздарымды,
Қылыш мiнез сағындым ұлдарымды.
Шалдарымды сағындым, бауларымды,
Солар едi киесi түзгi ауылдың.
Болмады ғой тiптi де өмiр – бұйым,
Үйiрiп тағы әкеттi жемiр-құйын.
Алматының аспаны ағыл-тегiл –
Тiк тұрып құлап түстi көңiл-күйiм.
***
Қуат алғандай жырынан ақындарымның,
Жолын күткендей ет-бауыр жақындарымның,
Жеңісін күтіп жүремін аэропорттарда,
Ғаламдық жорыққа аттанған батырларымның!
Қайсар қазақтар күш жатқан қуатында мың,
Батырларыммен рухымды жұбатудамын.
Екі де талай күн туса елдің басына,
Ақырып теңдік сұрайтын сұрапылдарым.
Даланың Арлан ұлдары, құбатүздіктер,
Сағы сынған жұрт ұлы күш сұрады сізден.
Ерлікке шөлдеп жүргенде есіміз кетіп,
Көк Туға қарап сан рет жыладық біздер.
Алла өзі қара, ақ нәсіл демей-ақ бәрін,
Құрыштай етіп жартақан қол-аяқтарын.
Секундамердің тетігі айналғанынша,
Уақыттан озған о, менің желаяқтарым!
Қарсы келгенді қапсырған қабылдандарым,
Жауырындыны жапсырған балуандарым!
Қапысын тауып қарсылас қақпанға салса,
Аяғын шайнап тастайтын сәруарларым!
Күй
Дәуiр ағып барады жанарымнан,
Сәуiр сырғып ағады сабағынан.
Тұрлауы аз дүние тұра қашты-ау,
Қондырып ап қаралы қабағына ән,
«Балбырауын» жылатты шанағынан,
Ғазиз жылдар құлатты қабағынан.
Қара өлең неге ғана елес бердiң,
«Аққудың» алаңғасар сағағынан.
Қыз-жалған ойлы, қилы қыратты екен,
Көбеюде күн сайын сұрақ бөтен.
Қобыз шалып отырған қоңыр қызды,
«Қоңыр қаз» неге ғана жылатты екен.
Уақыттың қомағай қылығы да,
Аруларды үйiрдi құрығына.
Құмыра бел қыздардың төгiлмейдi,
Қазанғаптың «Көкiлi» бұрымынан.
Сартоқа сайран салған сардалаға,
Бөкейден Дәулеткерей паң қараған.
Соны ойлап Алматыда мен жүремiн,
Жанымда сабаз күйшi, сардар ағам.
Санам жаңа сезгендей көкте iз барын,
Қырмызыға дүние төктi ызғарын.
Тағдыры теңбiл-теңбiл арулардың,
Жанарынан оқыдым қобыз зарын.
Дәуiр ағып барады жанарымнан,
Сәуiр сырғып ағады сабағынан.
Тұрлауы аз дүние тұра қашты-ау,
Қондырып ап қаралы қабағына ән.
Уақыттың кәрiнен ықпайды арман,
Бұл да бiр шер екен ғой шыққа айналған.
Жүрекке күй боп кiрiп ақырында,
Сұм жалған сырыңды ашам құсқа айналған.
Тырналар
Төбемнен өттi тырналар легi,
Есiме түстi сол әуен.
Сол әуен неткен мұңлы әуен едi,
Ұрлап алған-ай көк әлем.
– Жадыма қайта түсiрiңдершi,
Ол менiң ғана мұңым ғой, –
деп едiм сол сәт бұлтты аспан қапты,
Тырналар ғайып қарап ем.
«Тырналар легi қайда жол тартты,
айтып жiбершi күз дала?», –
деп тiл қатып ем ләм-мимi жоқ,
Жұтаған ағаш сыздана.
Тырналар ғана түсiрер еске,
Сол мұңға қатты ғашық ем.
Менiмен қоса қайғырып жатты,
Тал, терек, емен... жыр-нала.
Жанарым менiң қанталап тұрса,
Мұңайып тұрсам күз дегiн.
Ақ қайың-қызға сүйенiп тұрып,
Сыр айтып тұрсам күз дегiн.
Тағдырымды менiң күзге ұқсатыңдаршы,
Сары алтын емес – сары уайым.
Сары уайымнан сары дала тұнса,
Бағынайын ба, нағылайын...
Көзiмнен жасым көл боп ағады,
Оқысам мұңлы тектi өлең.
Тырналар салған сол iздi көрсем,
Жаныма қайғы бөктерем.
Баяғы сол шық тырналар легi,
Тiзбекке қосып ап кеткен,
Мұңымды менiң қайтарып бермей,
Күз мәңгi сенi жек көрем.
Дайындаған: Шерхан Талапұлы
Сурет: azattyq.org, szh.kz, baq.kz