Жүрсін Ерман: "Қабағымен ықтырар шалдар қайда?"

Жүрсін Ерман: "Қабағымен ықтырар шалдар қайда?"

Басы

Ақын Жүрсін Ерманның шығармашылығымен таныстыруды жалғастырамыз.

ІЗДЕУ САЛУ

Жеткіземіз деп жүріп жолдарды Айға,

Жиреншені,

Алмаймыз Алдарды ойға.

Шырт түкіріп, шақшасын қағып қойып,

Қабағымен ықтырар шалдар қайда?

 

Жеті қырдың астынан тың тыңдаған

Жігіт қайда – сақтайтын жылқыңды аман?

Ажал жетсе арысқа – жоқтау айтып,

Жесір қайда – жұбанбай сұңқылдаған?!

 

Тұлпарларын жүрсе де мініп қойға,

Тектілігі қанымен тұнып бойда,

Қарындастың басына күн туғанда

Ту түбінен табылар жігіт қайда?!

 

Бәлесі көп бықсытып өрт-өсегін,

Бұрышында тұрмайтын әр көшенің

Ару қайда – ар, ұят, иманымен

Жайнамаздай күтетін жар төсегін?!

 

Қыздар қайда – Мәжнүннің ғашығындай,

Келін қайда – аспанның ашығындай

Омпысына қорғасын құйып қойған

Бала қайда – құлжаның асығындай?!

 

Намыс болса, оянар өзі-ақ бойда

деп жүргенде,

ағарып көз ақпай ма?

Алты алаштың арманын арқалаған

Асып туған атадан қазақ қайда?!

 

Бар азапты арқама тиегендей

Мен өлуім керек қой,

Кием өлмей.

... Қазақ іздеп жүрмін мен, қазақ іздеп,

Күндіз шырақ ұстаған Диогендей!

Қаласаң қабыл аларсың

 

Қаласаң, қабыл аларсың,

Салайын деп ем бір қолқа:

Көңілге демеу боларсың –

Көрініп көзге жүр, қалқа.

 

Сағынып өмір сүрейін,

Сырыңнан сиқыр құр қалдым.

Сыңғырын естіп жүрейін –

Сыңарын берші сырғаңның.

 

Ынтықса жүрек шерменде

Басайын іштің күйігін.

Қасымнан өте бергенде –

Көзіңнің қишы қиығын.

 

Көлденең кісі сенер ме,

Арайлап атсын нұр таңым.

Тұтатсам, жетіп келерге –

Шашыңның берші бір талын!

Абай ескерткіші

 I 

Тас болып тұрсың.

Өтеміз күнде осы арадан.

Өзіңнен басқа таппаймыз мұңдасар адам.

II

Абай ағамыз!

«Қазағым-ау» деп Сіз бізді көп аямаңыз:

Қатыгездікке келгенде қарайып әлі

Сабақ алатын жақсыны

Сабай аламыз.

 

Өтірік! Жалған –

аспанның астын кернеген

Бабаларымыз, меніңше, қасқырды ембеген:

Қақпанға түссе, тірсегін қиып кететін

Бөрінің серті сондықтан дәстүрге енбеген!

 

Қанағат та жоқ,

Рахымның ізі қалмаған,

Қайырым  қылар дегенің – бұзық. Оңбаған.

Патшайым болар дейтіндей періште де жоқ,

Қу аяқ бар ма – қазақтың қызын алмаған!

 

Адамгершілік  айырылды өз бағасынан,

Алдауға келсе, інісі озды ағасынан.

Түндіктен түсіп,

Кіндіктен қылмыс жасайтын

Түңіліп жүрміз қазақтың бозбаласынан.

 

Мұсылман таппай – отырар тізгін басында,

Тұлпарға тоқпақ таққан соң,

Құзғынға – сырға,

Құдайдан медет болмаса, қазағың әлі

Жылап көрісер, ей, аға, Сіздің ғасырға!

Өзімшіл өлең

 

Бойы – биік,

Ойы – ұшқыр,

Өңі – тәуір

Азамат боп өссін деп елі таныр

Шайқы-бұрқы біреуді туа салмай,

Махаббатпен жаратқан мені Тәңір.

 

Өзіме-өзім секілді енді қазы,

Сол тәңірге боламын мен де разы.

Сөз ермейтін соңына сорлы емеспін,

Жараспайды мен жайлы әңгіме азы.

 

Анам сүйсе қуанып «құлыным» деп,

Сол маххабат жүктейді ұлы міндет.

Патшадан да еңсемді биіктеттім

Мен Тәңірдің сүйікті құлымын деп.

 

Махаббатсыз шырайы енбес үйдің,

Мені сүйген адамды мен де сүйдім.

Шөліркеген ерінім кезергенде

Мейірі бір қанбаған пендесимін.

 

Дос өкпелеп жатса егер, жар кінәлап,

Сүрінесің – болсаң да арғымақ ат.

Тарыдай мін таудай боп көрінсе егер –

Махаббатта болғаны бар кінәрат!

АҚЫННЫҢ ҮЙІ

немесе

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ

ҮЙІН ҚИРАТУ

 

Дегені қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесіндегі

Қиратып жатыр Қасымның үйін.

 

Қайтейін, кембақ астана сені –

Тиетіндей-ақ басқаға себі

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Қиналып тапқан баспанасы еді...

 

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін

Ажалдың сездім ақпандай лебін.

Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды

Кеудемді бұзып жатқандай менің!

 

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,

Қирады, сынды есік-терезесі.

Сәби жырлардың бесігі еді,

Бар екен сонша бесікте несі?

 

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,

Тағы да үйсіз қалды арысың бір.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

Қатыгез жандар, қолдарың сынғыр!

 

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,

Бауырын жазып бір көсілмеді.

Қиратып жатыр Қасымның үйін,

... Біздің үй соның іргесінде еді!

Дилемма

 

Қимайтын жанды қапа еттім,

Жақындарымды жат еттім.

Ортасында ылғи қаламын

Ербеңдеп жатқан екі оқтың.

 

Мойындап өмір өкімін,

Берік болмаққа бекідім.

... Сетінеп кете беремін,

Біреу емеспін.

Екімін.

 

Жібектен болса бір тінім,

Бір тінім – талы шырпының.

Тұтанып қоя беремін

Ойылып отпен жыртығым.

 

Екімін,

Екі бөлекпін.

Есемді жатыр елеп кім?

Біресе отпын маздаған,

Біресе сулы көнекпін.

 

Арбаса нәпсі-ыбылыс,

Алаңдай берем ұлып іш.

Көңілге неге сыймайсың

Көзіме сыйған құбылыс?!

Дайындаған: Әкежан Дәкен

сурет: alimpapa.beon.ru; archi.ru;stihi.ru; mvd.gov.kz; bomme

Е. Қайрахан