Әмірхан Балқыбек: "Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға..."

Әмірхан Балқыбек: "Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға..."

Қазақтың белгілі ақыны, сыншы, әдебиетшi-ғалым, сарабдал мәдениеттанушы, ақеділ азамат Әмірхан Жұмабекұлы Балқыбек ағамыз мезгілсіз бақиға аттанды... Қырық бес жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп, мәңгілік оралмас сапарға бағыт алды. Бұл сапар қанша жүректі қайғыға орап, қанша көңілге мұң тастап кетті. Қазақ әдебиеті қара жамылды. Ақын бір өлеңінде:

"Жанды тербеп мәңгiлiктiң ағыны,

Тән арыды, Арман бiрге арыды!

Жанарымды қытықтайды нұрымен,

Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы.

Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,

Сәлем айтып кейiн қалған достарға,

Бұл қаладан кетем түбi көкке мен,

Кетемiн мен Сегiзiншi Аспанға.

Деймiн iштей,

Дейдi iшiмде бiр дауыс", - деп жырлаған екен. Иә, ол өзі айтқан "Сегізінші Аспанға" аттанып кетті. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, аға!

Аяулы ағамыздың жарқын бейнесі жадымыздан ұмытылмақ емес. Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңдерін ұсынамыз.


Баба-ырым

Бабалар ырымы бойынша тiлi шығуы  кешеуiлдей бастаған сәбиге итаяқтан  су iшкiзедi екен. Сондай жағдай менiң басымда да қайталаныпты.

Жұтаңдаумын, демен бiрақ жарлымын,

Баба ырымы, әлегi емес жарғының.

Қызыл тiлдi сөзге иiлту үшiн де,

Итаяқтан суды да iшкен бар күнiм.

 

Итаяқтан суды да iшкем, сөкпегiн,

Айыптарға өзге күнәм көп менiң.

Ырзығымды табам қазiр еңбекпен,

Тiлдi бiрақ иемдендiм теп-тегiн.

 

Итаяқтан суды да iшкен бар шағым,

Кез емес-тi ол көңiл күптi, арса мұң.

Сен шаршадың сәндi қуып, мен байғұс,

Баба-ырымға баға таппай шаршадым.

 

Итаяқтан суды да iшкем, Бабаның

ырымына мiнезi жат қаланың

көшесiнде көп – көрiктi қызбен де,

Қызып кетсем ырылдасып қаламын.

 

Осы болды-ау замананың өлеңi,

Көп болған соң көр сезiмi, көбеңi.

Исi тiлге илiкпеген тiлдерге,

Итаяқпен тамақ бергiм келедi,

Құдай сақтасын.

1990 жыл, 11 наурыз

Екiұшты тағдыр

Әкеме

Тiршiлiкке бейiмi жоқ ұлыңа,

Қазiр сенде болып жүр-ау аз өкпе.

Кiтап алып қаламақы пұлына

Екi-үш жырым басылғалы газетке.

                          Бала кездегi өлеңнен

Айтушы ең Омар Хаямды,

Оқушы ең жырын жатқа да.

Деушi едiң тек жыр баянды.

Басқаны, балам, мақтама.

 

Сағдимен сырлы мазалап,

Жәмимен жора қылып ең.

Хафиз боп бiрде ғазалдап,

Бедiл боп бiрде күлiп ең.

 

Ауылдың жайлы кешiнде,

Жұмекен дедiң жыр пiрi.

Сол бiр сөз әлi есiмде,

Есiмде әлi жүр тiрi.

 

Ақыннан елге қалары

Екi-үш жыр дедiң болғаны.

Жыр жазғын нөпiр қаралы –

Қалғаны соның жолдары.

 

Екi-үш жыр... жаздым, жазбадым?

Иемiн екi жинаққа.

Ақында басқа аз ба мұң?

Екi-үш жыр... менi қиналтпа!

 

Жоғалмас мәңгi жарқылы,

Сендердi жазбай кетем бе!

Екi-үш жыр... ақын тағдыры –

Екi ұшты тағдыр екен де...               

2005 жыл

Өткелде

Ауру емес,

Қасап қолдан өлем мен.

Сүйер ару

Ерiнiмнен көгерген.

 

– Түсiнбеппiн

Ғұмырыңды ұранды,

Кеш,– деп жылар

Алдыңдағы күнәмдi

 

– Мен күнәңдi,

Кешкем сонау тiрiмде,–

деп айтар ем,

Шықпайды, әттең, үнiм де.

 

Жүрегiме

Жатқанымен жас толып,

Айта алмаймын,

Жағым қалған тас болып.

 

Ұлым тұрар

Қос жанары мөлдiреп.

Ойламайды ол

Бiрақ менi өлдi деп.

 

Батасы игi

Бабалардың жолымен.

Жамандықтан

Қорғап жүрем оны мен.

Осы бiр шақ

Жұлдызыма жөнелген.

Бәрi шындық,

Бәрi өтiрiк дегенмен.

 

Басыма кеп

Жылап тұрар үш адам.

Өлмейдi олар

Мен өлдi деп құсадан.

 

Шындық үшiн

Мен кесiлген тiлдеймiн.

Үшiншiсi

Кiм екенiн бiлмеймiн.

1994 жыл


*  *  *

Қатулансам, Шыңғысхандай қатал ем...

Ата мұңға батады ендi баталы ер.

Бiр қыз көрiп күзгi аспандай бүлiнген

Ғұмырыма болып алдым қапагер.

 

Жаугер рух бастар жердiң шетiне –

Жалаң желдiң байлап қойып өтiне

Орта ғасыр батырлары өр намыс

Осым үшiн түкiрмей ме бетiме.

 

Дақ түсiрмей аруағы мен атына,

Ту астынан табылатын батырға

Бедел iздеп етегiне сүрiнген,

Мазақ болу оңай деп пе ең қатынға.

 

Өледi деп iшкi дертiн жасырған

Мәжнүн болсам затыма сай расында

Бейдауаға – замандасым күлмей ме, –

Орын жоқ деп жиырмасыншы ғасырда.

 

Халқым, саған сол болса егер керегi,

Қалды жорық,– сендiк жеңiс, мен ендi.

Шайыр болам бiр қызыңа күн мүсiн

Түнде сарнап шығаратын өлеңдi.

 

Суық түнде шығып алып шоқыға

Жылынатын махаббаттың отына.

Қас батырдан бiлегiне сенетiн

Айналам да жаны сақы сопыға.

 

Қылышымен жарып шыққан жатырды

Ақылынан алжастырған батырды

Анам деймiн асқақ басым иiлiп,

Осы қызды тапқан қазақ қатынды.

 

Қас батырлар, айта көрме оза сын

Сендердi де ойландырсын сөз асыл.

Пәк арудың ақ бiлегi ұсынған

Бейбiт күннiң iшсем деп ем бозасын.

1992 жыл

Біздің кезең

Құр ауаға қалды асылып қанша әнім,

Жер бетінде сенделем бе әлі көп.

Мен жарықты күте-күте шаршадым,

Ендігі өмір түс сияқты мәні жоқ.

 

Уақытымды күте-күте бітті әлім,

Маңдай тұман, жұлдыз біткен адасты.

Кім біледі кімдер не істеп жатқанын,

Кімдер қалай жұбатарын Алашты?

 

Қасіретімді түсін мейлі, түсінбе,

Өз талайын әркім өзі тапқандай.

Жонарқамда, жұлынымның ішінде,

Жауынқұрты қабір қазып жатқандай.

 

Тас төбемде шұбалады бұлттар,

Шұбалшаңдай қорқынышты көздері.

Біздің кезең, кім біледі, Рухтар

Жер бетіне түсе алмайтын кез бе еді?

 

Осы болды-ау зар-заманға жалғас ән.

Есімді алып арқан қиған алқымдар

Жапан түзге шығып алып зарласам,

Сырласым боп қарға ғана қарқылдар.

 

Мен ендігі өмірімді түс көрем,

Не боларын оянғасын болжармын.

Бұрын соңды ешбір әруақ түспеген

Ортасында жүргендеймін жанжалдың.

 

Мешіт құр үй, молда болса ібіліс,

Қырсыққанда ақыл берер аға аяр.

Ендігі жер неге керек кідіріс,

Жер бетінде не қалды енді аялар?!

 

Оянғанда алда көпір күтеді,

Қайта ұйқыға кетеді ол да құласа.

Маған, маған қас қағым сәт жетеді,

Барлығын да көру үшін жаңаша.

 

Кеудемді өртеп жанарымнан жас тамар,

Жас емес пе ем, қалай ғана алқындым?

Ендігі өмір түс сияқты, басқа амал

Қалмағасын оянуға талпындым.

 

Тас төбемде шұбалады бұлттар,

Шұбалшаңдай қорқынышты көздері.

Біздің кезең, кім біледі, Рухтар

Жер бетіне түсе алмайтын кез бе еді?

 

Сана сайтан, жүрек болса ібіліс,

Кез болып тұр арлы үшін де арланар.

Ендігі жер неге керек кідіріс,

Жер бетінде не қалды енді қарманар?

1998 жыл

Естелiк

Жүректе жазылмас жарасың,

Қайтейiн, қайран жоқ,

                                      көнем де.

Деп едiң – ұлы ақын боларсың,

... Құл болып кеттiм мен өлеңге.

 

Сен маған жерiмдi сүюдi,

Үйреттiң өзiңдi сүйдiрiп.

Үйреттiң ел үшiн күюдi,

Некемдi өлеңмен қидырып.

 

Тауға да, тасқа да сыр аштым,

Қырлардың гүл демiн

                                      жырладым.

Көлдермен хал-жағдай

                                      сұрастым,

Белдердiң бөлiстiм сырларын.

 

Солар ғой өлеңнiң өзегi,

Өндiрдей өлеңнiң өзi де.

Туған жер өлеңнiң өз елi,

Екенiн алдым мен сезiне.

 

Ақынмын ел бiлген бағасын,

Жаным-ай, көрiпкел ме

                                      едiң шын!?

Жүректе сыздаған жарасың,

Көкейден кетпейтiн шерiмсiң.

 

Азғантай наз да бар бұл менде,

Күлкiлi-ау, әйтсе де күлмегiн.

Менi ақын етудi бiлгенде,

Сүюдi қалайша бiлмедiң?..

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

сурет: ©Өмірбек Сансызбай, ©Шерхан Талапұлы

Ш. Талап