- Негізгі бет
- Поэзия
- "Бір күлермін ғарыш...
"Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде..."
Бүгін – қазақ ақыны Жұматай Сағадиұлы Жақыпбаевтың дүниеге келген күні. Қазақ өлеңіне нәзік те сырбаз сезімге, сырлы суретке толы, әсем нақышпен өрнектелген қанық бояулы жырлар әкелген ақынның ортамыздан кеткеніне 24 жыл өтіпті. Жұматай Жақыпбаев көзі тірісінде-ақ замандастарының, ағаларының құрметіне ие болған бақытты ақын. Жас кезінде оған Тұманбай Молдағалиев: "Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!" – десе, Олжас Сүлейменов: "Жуматай – истинный и даже редкий поэт!" – деп үлкен баға берген. Өзара сырлас досы болған Асқар Сүлейменов: "Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді", – деп таңданған екен.
Ал бүгінгі ұрпақ поэзия патшалығының лайықты тұрғыны бола білген Жұматай Сағадиұлының "Саратан", "Ләйлә", "Шұғынық гүл төркіні" және қайтыс болғаннан кейін жарық көрген "Көктемгі хаттар" сынды өлең жинақтарын сүйсініп оқиды.
Сондай-ақ, өлең оқитын кез келген оқырман оны сүйіктісі Ләйләға арнап жазған көптеген лирикалық жырларын жақсы біледі. Жұматайдың бұл махаббаты тым ерекше еді... Ол өлеңдеріне арқау болған аруды өмірінде тек үш рет қана көрген. Онымен қыз-жігіт болып, қол ұстасып жүрмеген де... Айлы түнде сейілдеп, сұхбат та құрмаған. Ақын жүрегіне келбеті келісті, меңді сұлу бірден әсер етті. Ол оған ессіз ғашық болды. Ол Ләйләні муза етті, кейінгі буын сүйсіне оқитын жырлар қалдырды. Тіпті, бір өлеңінде:
"Сол бір кезде жан баласы жыламай
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны" - деген екен...
Ақынның туған күні қарсаңында Ләйләға арналған бір топ өлеңін ұсынып көрмекпіз. Махаббатқа, жырға шөлдеп жүрсеңіз, оқып шығыңыз...
Ләйләға
Ешкімге мұндай мінез берілмеген,
Күнім ең көптен бері көрінбеген.
Ойымда ештеме жоқ, домбыра ойнап
Жатыр ем нағашымның үйінде мен.
Үстіне артылған соң дара білек,
Шанақта бір оқшау күй барады үдеп.
Төр. Бөлме. Бір кезде әжем кірді
Бесінім қаза болып барады деп.
Мұратқа соныменен жетті ме екен,
Бір тілде күбірлеп ап кетті бөтен.
Селк еттім. Не деп кетті? Сөйтсем әжем:
«Ләйлә, илло-алла»… деп тұр екен.
Онсыз да жойылса да саны аз күнә
Сүреге ұии қалды сабаз мына.
…Өлең не? Ішінде атың бар болған соң,
Оқығым келіп кетті намазды да.
Қара алмас көзді қасың да керік
Қара алмас көзді қасың да керік,
Қадалмас саған жан қайда?!
«Хамсадан» біздің ғасырға келіп
Қалып ең қалай паң Ләйлә?!
Жүрегім бұлай бүлінбес еді,
Кетпес еді ес-түсім.
Хиссадан шыққан күніңде сені
Көрдім мен биде кешкісін.
Жарқылдап жүзің, жайнады өңің,
Қарасам – қайта жоқ бопсың.
Өлеңнен келген Ләйләні менің
Өлеңім қалай тоқтатсын?!
Ләйләң қайда?
«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп күн,
«Ләйләң қайда?» - деді маған күліп түн.
Дүниенің көріп жүрген күллі елін
Көрдім маған күннің қатты күлгенін.
Қатты күлді, әйелдерше күлді кеп:
«Сені тосып жүре ме ол, - деп, - үлбіреп?!»
Құшағы бар аялайтын аялы,
Түн мүсіркеп, түн кеп мені аяды.
Аяды кеп, аялады күлмеді,
Қоңыр үнмен жұбатты кеп түн мені:
«Мәңгі түнге жеткеніңше уақыт көп,
Күлкілі боп жүрісің де бақыт», - деп.
Аямайтын күн болып кел – бәрібір,
Аялайтын түн болып кел – бәрібір.
Сені, Ләйлә, қара көзді киелім,
Қайыспастан қара жерше сүйемін.
Сені көргім...
Біраз тілді үйренгем жоқ тегіннен,
Бір кісідей білем барлық мұраны.
Шоң кеңсеге ертең барар едім мен,
Сені көргім келеді де тұрады.
Сағыныштың күш-қайраты неге осы
Мақсатыңды жерге алып ұрады?
Сен жүрген жер секілді бір жер өсі
Сені көргім келеді де тұрады.
Мен таппаған, мен айтпаған сөз қалмай,
Көбейсін деп қазекеңнің жыр-әні,
Дастандарды төгер едім қоғалмай
Сені көргім келеді де тұрады.
Салыңқырап кеттім білем, сірә, мен,
Арақтың да көп қой кесір, ылаңы.
Әр нарсенің басын шатып жылар ем
Сені көргім келеді де тұрады.
Мен нәзікпін, мызғымастай ер емен,
Құлағыма кірмейді елдің ұраны.
Баяғыда-ақ мен атылып өлер ем,
Сені көргім келеді де тұрады.
Таудан көшкін көше ме екен еңселі,
Ерір ме екен ағаштардың сеңсеңі?
Сенің қолың деген қол бар, мен соны,
Соны білгім келеді де тұрады.
Шығармай жүрдім бір де естен
Шығармай жүрдім бір де естен,
Ұмытып ұйқы-күлкіні,
Бір рет қана тілдескен
Бейнеңді сенің күн-түні.
Қай жұмыс мейлі істесем,
Қуат боп жүрдің көңілге.
Көзіме менің түспесең,
Не көрдім дер ем өмірде?!
Тәңірім талай түске енген,
Тентек те қылдың ақылды.
Ақындық жолға түскенде ем,
Жыр қылып сұлу атыңды.
Сұлулық – талант, жанымның
Қонған-ды саған дарыны,
Өспірім менің шағымның
Өшпеген жалғыз жалыны.
Өзі жайлы ойланғасын туғалы
Өзі жайлы ойланғасын туғалы
Өлең жолы болғандықтан қуғаны,
Өмір жайлы ойламайтын ақын аз,
Ойламайтын өлімі де туралы.
Армансыз жан көгере ме көктей ме?
Көз алдында жүрген мынау көп бейне
Ақынымыз, ардағымыз кетті деп,
Ойланады жылар ма екен деп кейде –
Сапарына аттанғанда ақырғы,
Жоғалттық деп қайта тумас ақынды.
Қабіріме қандай белгі қояды ел,
Қай көшеге береді деп атымды?
Қайтқамын жоқ қайда жүрсем бір беттен,
Жоқ мені өмір жөкей де еткен, дүр де еткен.
Дәме етпеймін мен ешқандай жоқтаудан,
Дәметпеймін мен ешқандай құрметтен.
Кетер күнім... Келер, келер ол дағы,
Бір қаралы шеру шығар жолға әлі.
Сол бір кезде жан баласы жыламай
Ләйлә, жалғыз сен өксісең болғаны.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: writers.kz, vk.kom