Бақыт Беделханұлы: "Менің де жаным мейірге сол бір шөлдейтін..."

Бақыт Беделханұлы: "Менің де жаным мейірге сол бір шөлдейтін..."

Бақыт Беделханұлы 1975 жылы Алматы облы­сы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында туған. 1996 жылы Абай атындағы Алматы мем­ле­кеттік университетінің қазақ филологиясы фа­культетін, философия кафедрасының аспирантурасын тәмамдаған. Т.Жүргенов атын­дағы Өнер академиясы, Театр факульте­тінің режиссерлік бөлімінде білімін ұштаған.

1999-2004 жылдары Астана қаласындағы Мемлекеттік “Елорда” баспасының редакторы және Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2004-2007 жылдары «Қазақстан» Ұлттық арнасында «Атажұрт», «Саят» бағдарламаларын жүргізді. 2008 жылдан Қазақстан Жазушылар Одағының Әдебиетшілер үйінің директоры болып қызмет атқарып келеді.

“Толқыннан толқын туады”, “Қарлығаш”, “Жас ақындардың антологиясы”, “Қос ішек” атты ұжымдық жинақтарға топтама өлеңдері енген. «Кең дүние», «Көкемарал», «Уақыттың жүрегі» жыр кітаптары жарық көрді. «Махамбет» поэтикалық драмасының және «Қанталапай» киносценарийінің авторы.

Т.Айбергеновтің 60 жылдығына орай өткізілген жас ақындар жыр-мүшайрасының жеңімпазы. 2002 жылы өткен Халықаралық “Шабыт” фестивалінің лауреаты. Дәстүрлі «Шығыс шынары» мүшайрасының арнаулы Ш. Құдайбердиев атындағы сыйлығының иегері. 2011 жылы өткен І.Жансүгіров мүшайрасының бас жүлдегері.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. «Бауыржан Момышұлы атындағы қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ұйғыр ауданының Құрметті азаматы.

* * *

Алматым – ару қалам-ау,

Жаныма дәру бола ма-ау, бұл көркің?

Аңқылдап кетсең, аспаннан түспей тұр бөркің...

Қиялымдағы періште қалпың ұрланып,

Іргең сөгілсе,

 төріңді жайлап жын да еркін.

...Арман боп алдап, ажалы тұрса алдында,

Жасыра алады ей, кім дертін?!.

 

Алатау – абыз-данам-ау,

Осылай жалғыз қалам-ау, күрсініп,

Көшелеріңнен көңіліме қара ніл сіңіп.

Пәруәнә түгіл пәруәрдігерің мұндағы

Жанына, және..,

 нанына еткен құлшылық .

Бақытын тілеп, шамдары сөнбес шаһардың

Заһар-уынан жұтамын сосын тұншығып.

 

Нән шаһар – тымырсық әлі,

Түнімен ыңырсығаны тынышыңды ап,

Дөңбекшіп бірге жатасың уайым, мұң шырмап.

Зәулім үйлердің сай-сүйектерін сыздатып,

Таң бозарғанша ұлып шығады у-шу бақ.

Самайыңа кеп сайтанның үні қадалап,

Санаңа сіңіп кетеді сосын шым-шымдап.

 

...Зарлайсың ғұмыр-әніңді,

Сүйретіп сірі жаныңды өлмейтін.

Сұлу қаланың суретіндей боп сол кейпің?

Таусылған шақта тау жаққа қарап қоясың,

Медеу ғып жанға жалғыз үмітті сөнбейтін.

Ауылын аңсап мөлт етсе мұңлы жанарлар

Менің де жаным мейірге сол бір шөлдейтін.

 

Шаһарға бір тыныстаған,

Ұлтымның рухын ұстаған әкемнің

әңгімесінің ащылығынан екі өлдім.

Өркен-ниеттің өп-өткір иісі мүңкіген

Алды-артын сезбес не деген қауып-қатермін;

Соқыр көздерім жынды көбелек боп ұшса,

Көшелерінде Жұмағали мен Сәкеннің...

 

Алматым – ару қалам-ау,

Шындыққа тағы зәру болам-ау ...шақта – бұл,

Сенің жаның боп нұрланып әр кез жатты ауыл.

...Ауырған шақта жаныңды ұғар деймісің

Ішіңе кіріп, жақын боп кеткен жат бауыр...

Ауылың барда сен ауырмашы, Алматы,

Жат болып кеткен жақының ем ғой, Һаққа құл.?!

* * *

Ешкімнің де болмасын дауы бүгін,

Тауда тудым, тауда өстім, тау ұлымын.

Анау, асқар шыңдардың-шығандардың

Бірге туған інісі-бауырымын.

 

Таудан ескен даланың самалымын,

Сағынышпен күтетін сан ауылым.

Болашақтың бойына қуат берер,

Әр ошақтың маздаған алауымын.

 

Жанған алау жаныңды жай қыла ма?

Бақ па, сор ма?..

 Батайын қай күнәға,

Қан-жүрегім кетсе де қақ жарылып,

Қуанышқа ортақпын, қайғыңа да...

 

Дос жылатып көргем жоқ , жау жаралап.

Құйындатып кіргем жоқ , дауға борап.

Қанатымды қағамын көкке ұмтылып,

Тағатымды табамын тауға қарап.

 

Таласпаймын талпынып дара шыңға,

Әркім қалсын өзінің бағасында.

Заманалар дауылы соққан кезде

Тұрсам болды таулардың арасында...

 *  *  *

Ей, менің жүрегімнің шақырылмаған қонағы,

Кел, төрлет!

Құтты қонақ үш-ақ күндік болады,

Көңілімді көркемді ет!

 

Сен дәме еткен қажеттінің бәрі бар,

Дәм тат, кел!

Сағынбаған, аңсамаған жалығар,

Сағынып кел, аңсап кел!

 

...Жүрегімде жалғыз қонақ күтіп ем,

Баяғыда... мәңгілікке ол қап кетті.

Өрісімен,ырысымен, құтымен

Бір басымды бақты етті.

 

Оның жөні бір бөлек қой, әрине,

Жүрегім де соныкі.

Сол қарайды қарағандай сәбиге,

Түнімді де күзететін сол - Үкі...

 

Әй, менің жүрегімнің шақырылмаған қонағы,

Кеп тұр солай... жолың боп.

Жолай соғып кеп тұруға болады,

Ал, қонуға орын жоқ!

***

Ауылдан Алматыға кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

...Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,

Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,

Бүлінеді екенсің неше жерден?

 

Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің.

Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала

Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,

Дайындап суық қолды сұр мергенін.

Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.

 

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің

Жасырмай тұрады екен бар мінезін.

Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,

Жарға итере салады нардың өзін...

 

Алматыға ауылдан кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

Сүрінбеймін десең де неше жерден,

Бүлінбеймін десең де неше жерден,

Қала деген сондай ғой,

                                   жетегіне ап,

Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер

Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!..

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: alashainasy.kz, en.wikipedia.org, goodfon.ru. 

Ш. Талап