Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Бауыржан Халиолла: "Жазым өтіп барады жадыраған..."

Бауыржан Халиолла: "Жазым өтіп барады жадыраған..."

Бауыржан Халиолла:

Бауыржан Халиолла Ергенұлы, 1979 жылы 24 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Қособа ауылында туған. 2001 жылы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген.

«Жұмбақ қыздың жанары» («Жазушы» баспасы, 2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (Орал қаласы, 2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн»(2012 жыл, Орал) атты жыр жинақтары жарық көрді. Халықаралық, республикалық айтыстардың жеңімпазы.

Бауыржан Халиолла кеше ғана Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Айтыс пен жазба поэзияны қос қанатындай ұстап, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ақын ағамызға шығармашылық табыстар тілей отырып, бір топ өлең-жырларын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Базына

Күзім өтіп барады күңіреніп,
Қаңқылдаған қаздардың үні болып.
Асылымды аңсаймын қайбір жылғы,
Асылардай мойныма түбі келіп.

Қысым өтіп барады қыңырайған,
Есейдім бе, күнім – түн, түнім – ойран.
Құбыжық қып түрімді көрсетеді,
Қолымдағы сабы жоқ сынық айнам.

Көктем өтіп барады көкорайлы,
Ұшқан бақыт жаныма жоламайды.
Саусағымнан сусыған сынап құсап,
Ып-ыстық жас көзімнен домалайды.

Жазым өтіп барады жадыраған,
Өткен… өшкен… өткінші бәрі маған.
Жолаушымын жанына торсық байлап,
Ішіндегі сусынға жарымаған.

…Өтсін, өтсін, қайтейін, өте берсін,
Тағдыр, әлі тапалап, төпелерсің.
Туған елім, жүрісім әрпіл-тәрпіл,
Еркелігін ұлыңның көтерерсің!

Ақындыққа ақталу

Кешір мені, Ақындық, кешіре гөр!
Затың асыл ақсүйек, есіл өнер.
Ескерткішке айналар жандар болса,
Тізімінен талассыз өшіре бер.

Жағым сауып, қанша сөз қауғаладым,
Қайда барып құныңды дауламадым.
Бір азғантай дүниеге пенделікпен,
Сахнаға шығып ап, саудаладым.

Қызартпастан бетімді өрттей қылып,
Белсендіге беделім өтпей құрып.
Аш-жалаңаш жұртыма кеңес бердім,
Өз ақылым өзіме жетпей жүріп.

Қайран өнер, киеңнен қорқам бүгін
Санам – дала, ойым – шөл, сортаң – жырым.
Қайырыңды берсе ғой, қалған күнге
Рахатынан азабы мол Тағдырым.

Тірі ескерткіш
(Есенқұл Жақыпбековке)

Торқа киіп, той кешіне бармаған,
Аш өзегін өлеңменен жалғаған.
Ар, ибасын ақындыққа арнаған,
Көре қалсам көзі тірі ұлы ақын,
Қалай өлмей жүргеніне таң қалам.

Жұпынылау күй кешкенмен есалаң,
Жұмбағы әлі шешілмеген осы ағам.
Құдай қандай топырақтан жасаған,
Біз сияқты жетілмеген жетімнің,
Пірәдардай пірі болған Есағам.

Алтын балық айтатындай арман-ән,
Өзен, көлден өзін-өзі аулаған.
Бар сауабы балағынан саулаған,
Жота, қырда жортып жүрген жаралы,
Жоны алапес жолбарыстан аумаған.

Мінезіне мін тақпастан мекердің
Өр мінезін аласартпай өтер кім.
Көңілінің көпіріндей екі елдің,
Ескерткішін соғар ма еді алтыннан,
Ескі көзден қалған көк көз көкемнің.

Қайғылы түнде қамығу

Қара түн.
Ауыш халін сұрап келді Ай нұры.
Қанатым
Қайырылардай талпынамын қайғылы.

Жылаймын,
Жақын келіп жұбатпайсың жанды да.
Құлаймын,
Жапырақ боп терезеңнің алдына.

Күйінем,
Табаныңмен таптап өте шығасың.
Сүйіп ем,
Оның өзін жалған көріп тұрасың.

Түңілдім,
Тағдыр сонша оқи берді жат үкім.
Бұрымдым,
Дидарыңда жүр-ау сорлы бақытым.

Кешпеймін,
Сенсіз сұрлау тіршілікті бір күн де.
Не істеймін,
Баянсыз-ақ бір күлуім мүмкін бе?

Таң қылаң
Бермегесін жұлдыздар тұр әлі ыстық.
Артынан,
Тау жамбастап ұйықтап кетем талықсып?...

Балалық шақтан бір көрініс

Сіздің үй көк бояулы темір қақпа,
Кешкілік бүлкек қағып, со бір жаққа.
Атыңды бормен сызып кететінмін,
Толтырып тор жәшікті небір хатқа.

Қарт әжең мені көрсе, көңілсіз ед,
Үйде жоқ деген сөзге сенуші ме ек.
Бөлмеңде екеніңді білдіретін,
Білтелі балауыз шам өлімсіреп.

Талықсып таң атқанда ағараңдап,
Сиқырлы ән сызылтамын саған арнап.
Сол кезде жынды әкеңді оятатын,
Қағылез қанден «ақтөс» шабалаңдап.

Даусымды одан бетер соза баптап,
Тығылам сіміріп ап «бозаны» аппақ.
Ауғаннан ауыш болып келген әкең,
Шығады мылтық ұстап, көзі алақтап.

Сен үшін асқар таудай аяулы адам,
Дәл көздеп атуға да аянбаған.
Сыбайды жеті атамды, жетімек деп,
Қызғанып пұшық қызын бай алмаған.

Ей, қалқа, заты бөлек зарлы жырым,
Менімен аттас енді жалғыз ұлың.
Сол бала махаббаттың пәктігіне,
Жетпейді осы күнгі бар қызығым.

…Қайтты әкең қызық тойды жатқа жасап,
Жазыпсың әжең атын тасқа қашап.
Үйіңе бара қалсам, «ақтөс» те жоқ,
Күйеуің күйіп-жанып қақпаны ашад.

Еске түссе ертегі

Сені, жаным, сүйем деуші ем мәңгілік,
Күн батқанда, атқан шақта таң күліп.
Айқайласам, қайталайтын атыңды,
Алатауды жарып шығып жаңғырық.

Енді бүгін ғашықтықтан жалығам,
Құлан құсап жеріп кеткен қағынан.
Өкінбеймін… өкінбеймін мен қайта,
Сабылдырған жылдарымды сағынам.

Бірге болу еді бізге басты арман,
Жібіткенсің жүрегімді тас болған.
Еміренген екеумізден ұялып,
Қанша жұлдыз ағып түсті аспаннан.

Жұлынымыз кететіндей жұлынып,
Ағыл-тегіл өксіп, іштей ұлыдық.
Айдың өзі иығыңа қонақтап,
Ақ жүзіңді аймалайтын құнығып.

Содан Тағдыр қойды кенет қырсығып,
Жолымызды бөгей берді тіршілік.
Қалып қойды кінәсі жоқ махаббат,
Қара түннің қойынында тұншығып.

Ей, шырағым, мен де жүргем төс қағып,
Аһ ұрғанмен бақытымнан кеш қалып.
Алматыға бару оңай деймісің,
Ерте… Ерте… Ертегіні еске алып.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағат, florissia.blog.ru, Vk.com.

Дайындаған: Шерхан Талап
Қосылған күні: 02 сәуір 2014, 22:45

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.