Тәуелсіздік туралы өлеңдер – 3

Тәуелсіздік туралы өлеңдер – 3

І бөлім

ІІ бөлім

Шырақ

...Бұзылды қорғансыздық қамалы.
Үзiлдi үмiтсiздiк жiбi.
Шырақ тұтанды! 
Құйынды ғасырлардың қойнауында сөнген:
Мөлдiр iңкәрлiкке малынып сенiмнiң ақ уыз гүлi,
Тәуелсiз таң нұры тарады,
Қобыздың қоңырқай даусы ба-уыр-лап көлде;
Мың түрлi сиқырымен құбылып,
 өрмекшi тоқыған өрмек,
жусанның жұпар лебiне жуынып...
Жасымыз парлап жанардан
(Дәмi сәл кермек)...
Самайы қудай ағарған
Аңыздар 
Абыз Даланың көкiрегiн кернеп –
Иiскеп, құшып...
Бозторғай жүрдi шырылдап, қауырсыны ұшып.
...Қоңыр қаз баяу мамырлап,
Мамырлап,
Ақырын, мүлде;
Сан ғасырлық сағынышымыз ауырлап,
Жеңiлдеп бiрде;
Сауысқан сұрап сүйiншi, ақ сөйлеп, күлген.
Торғын мұң толқып, 
                 бусанып топыраққа сiңген...
Бiртүрлi өксiк,
Бiртүрлi арпалыс,
Бiртүрлi зарығу сезiмi билеп...
Маңдайды сүйгiзiп Мәңгiлiк Күнге,
Жаныңның жапырағы бүрлеп,
Көңiлдiң күлгiн шоқтарын  күйлермен үрлеп...
Сонда...
Ұз-за- ақ...
Шақырмас ендi бiздердi байырғы жолдар.
Байырғы соқпақ.
Байырғы тұзақ.
Өртенген орман.
Санадан кетпей сұлбасы... ескiрген қорған
Күйiгi молдау күйлерiн күңiрене толғап
Сағымға айналып барады... ...көлеңке торлап,
Шыңғырды ескi үрейлер шыңырауға батып.
Сығылған Кеңiстiк пенен
Мыжылған Уақыт
Қарайды кейде iргеден етегiн түрiп.
Қуады оның елесiн 
       баябан дала төсiнен Бөрiлер ұлып.
Маңдайға түскен Ай нұры таңдайда тұнып...
Жаңғырық ойлар бiткенше жартасқа сiңiп, жоғалар күдiк.
Жоғалар күдiк, жоғалар, жоғалар үркiп,
Қолымда менiң – Қыран құс, Қыран құс – Бүркiт.
Қолыңда сенiң – Қыран құс!
Маңайын шолған: 
Ашылып жаңа Кеңiстiк.
Сыңсиды орман.
Сыңсиды орман жап-жасыл.
Жап-жасыл таулар.
Буырқанған теңiз.
Ішiнде малтыған Ай бар.
Мұзартты заңғар.
Шақырар бәрi...
Уақыт...

Қанатын қомдап,
Ұшады әлi ол ұзаққа – зау көкке самғап!..
Мұндайда менiң есiме түседi бұрын,
Парағын үнсiз сипалап Тарихтың жұлым,
Кiсiнеп қоя бередi, жүрегiм-құлын:
«Шалқыта көршi, Тәңiрiм, Пешене Нұрын,
Құлан жал тағдыр, құлатпа, Қазақтың Туын!»
 
... Ойына тоқып алғандай әкенiң жырын,
Бесiкте жатыр былдырлап, перiштем – ұлым!..

 Тоқтарәлі Таңжарық

Айқасқа құлын (Қайрат Рысқұлбековке)

Қайқы қылыштың ай жүзін бойлап,

Тайғанап жатты тамшы қан.

Қазақтың көгін қайғы мұң жайлап,

Жүрегін мүжіп, жаншыған.


Талпынып барып, балапан ұлдың

Ішінде кетті бір мұңы.

Қаралы байрақ,

Қараша ауылдың,

Қайрылмай қалды түңлігі.


Ызалы дауыл қозғады кекті,

Оған да талай көз дәлел.

Бодан боп қыршын боздағы кетті,

Бозінген болып боздады ел.


Қызғалдақ қырға түсті бұлт төніп,

Қырқылып жатты гүл – қыздар.

Жыландай көктен ысқырып келіп,

Желтоқсан шашып тұрды ызғар.

 

Қан аңсап келіп ұмтылды білем,

Қанішер заман қасқыры.

Еркіндік үшін бұлқынды кілең,

Жәудір көз бота, жас құлын.

 

Өтінде сол сәт құйынды желдің,

Ай тұяғынан ұшып от.

Құрбандығы үшін үйірлі елдің,

Бір құлын кетті кісінеп.

 

Өртенді қанша ұлым намыстан,

Үзіліп түсті қанша жас.

ісінеп туған құлын дауыстан,

Дүркіреп тұрды алты алаш.


Жарқырап туып, жалқы боп келдің,

Көзіңнен қанды жас тамды.

Тәуелсіз күні тауқыметті елдің,

Құлыным, сенен басталды. 

Қайсар Қауымбек

Алаңдағы ой

«Қалың елім қазағым», жасқа толып жанарым,

Үрей билеп есірген сұлап жатыр алаңым.

Желтоқсанның желіккен желі сүйіп тұр үнсіз,

Еркіндіктің еңсегей көкке асылған жалауын.

 

Шашын жайып жылайды бір елестің сұлбасы,

Азаттығымды аңсаған көк бөрінің тұлғасы.

«Жеті басты жалмауыз жерге кіріп кеткен»-деп,

Мінбелерден сөйлейді ауық-ауық бір басы.

 

Ұл-қызымның төгілген обалы мен сауабы,

Елдігімнің ертеңге айтар жалғыз жауабы.

Талықсыған бір үнді естіп жатып оянам,

Қобызымның кетеді мұңға толып шанағы.

 

Мұһмін болып туылып,кәпір болып шоқындым,

Жатырында жалғанның жадігой боп жетілдім.

Күнім үшін күлік жеп алаңғасар күн кешпей,

Атой салып алаңда өлмегеніме өкіндім.

 

«Еркек тоқты құрбандық»-екендігін ұғынбай,

Бас сүйек пен қан ішкен ғасырларда туылмай.

Ділім тозып тіл шайнап,өз-өзімнен жерідім,

Өрітке оранған кешегі рухыммен жылынбай.

 

…Құтылғаным осы ма баста қарғыс құрсауым,

Мен отырмын тастағы тарихыма мұң шағып...

Ырысбек Дәбей

Таңсәріде тілегім...

Таңсәріде Тәңірден тіледім:

Аман болсын жаз шуақты Күн Елім!

Түгел тұрсын төрт құбылам, жан-жағым...

Титтейімнен осы менің аңсарым.

Ел-жұртымның есенінде жігерім,

Еңсе тіктеп... мерейленіп жүремін.

 

Таңсәріде Жаратқаннан сұрадым:

Сарқылмасын таудан аққан бұлағым.

Сылдыраған үйлесімді сүйетін,

Таза сақта қазағымның ниетін.

Таңғы шықпен құлпырады құрағым,

Түзу маздап... жарқырайды шырағым.

 

Таңсәріде бір Аллаға жалындым:

Тілегенін бере гөрші Халқымның.

Туған жердің нәріменен жетілген,

Көкейімде бал-бұл күйлер шертілген.

Құлынымнан ақ уызға жарыдым,

Бабалардың хақ жолынан табылдым.

 

Құштарлықпен дарытқан Күн лебін...

Қуаттансын ізгілікпен Құт-Жерім!

Кемерінен қуанышы шүпілдеп,

Қазағыммен бірге соқсын лүпілдеп...

Кеудедегі жұдырықтай жүрегім,

Махаббатпен мұңсыз өмір сүремін.

 

Желтоқсанда Ұлтыммен бір ниетім:

Адамзатпен өркендесін Нұр-Елім.

Мәңгілікке құтты болсын өз еркім,

Тәуелсіздік – мызғымайтын тірегім!

... О, Тәңірі, жалбарынып тіледім:

Қабыл болсын, таңғы таза тілегім!

Гүлсамал Аймаханова

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:vk.com