Оқи отырыңыз

Өзі білмесе де елге ақыл айту – қазақтың қасиетті өнері.

Автор: Оралхан Бөкей

— Редактор бағаны —

Жұмысқа кел, жас маман!
Жұмысқа кел, жас маман!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Тәуелсіздік туралы өлеңдер

Тәуелсіздік туралы өлеңдер

Тәуелсіздік туралы өлеңдер

Қадірлі оқырман, ата-бабамыздың шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы, елдігіміздің белгісі Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Қазақстаным, Тәуелсіздігім, Азаттығым деп жырлаған қаламгерлеріміздің бір топ өлеңдерін ұсынғалы отырмыз. 

Ақын рухымен серттесу

Мағжан Бекенұлына

Кере қарыс маңдайынан ғарышқа жол салып,
Шаһиттік Ер ғұмыр шалқыған!
Сұңғыла сертінде бодандық булығып,
Дұғалы сөзінде азаттық аңқыған!
Арыстан жүректі, абадан мінезді асылым!
Ажалды жылатып, айбынды от жырың,
Жалғанды жұбатты періште пәктігің.
Жан мұңын сөйлетіп,

Ар құнын құлпыртып,
Алаштың демінен Жұмақтың суретін билетіп,
Кешегі керауыз сатқынды састырып,
Бүгінгі сорауыз жалтаққа қастығып,
Көңілдің көгінде қырандай сусылдап,
Жүректің қобызын күңірентіп,
Қош келдің біздерге Ақ Сәуле – Ақтық Үн!

Тәңірі тірілтіп, Тәңірі қолдаған,
Бес күндік өмірдің өзегін жалғаған,
Ер Баба тілінен өр, дана Рухың нәр алып,
Сегіз қыр Сөзіңнен сегіз нұр таралып,
Күн шығыс көзінен күрең нұр 
                                    қара өлең лаулатып,
Күнбатыс көгіне Күн болып жаралып,
Алашқа Алланың Самалын естіріп,
Қош келдің бұл жерге қаһарман хас Ақын!

Қош келдің Жанарым!
Туған жер топырағын толғатып,
жібектей желімен сырласып,
шөбімен, аңымен, құсымен мұңдасып,
Түбі бір Түркі үшін,
Алтайдай  құлазып,
Арқадай аңырап,
Тұранның төсіне жұлдызды 
                                      ойлары жамырап...
Қаламның ұшынан 

 Әлемнің сезімін түрленткен
Ұлы Ақын!
Қош келдің Тәуелсіз Түркіге!
Қош келдің Тәуелсіз Қазаққа!

Даланың көшпелі Обалын ойлаған –
Сананың мәңгілік Шырағы.
Ойының киелі тұмары,
Рухы сусаса сусындар қасиет бұлағы –
Сендегі Аңсардың зарымен,
Үміттің қанымен көктеген жазбалар,
Қазақтың Есінде Дес болып жайқалып,
Жусандай бұрқырап тұр әлі!

Сен сендің Жастарға,
Сен сенген мына Мен –
Сөзіммен шайтанды шошыттым!
Өзіммен кәпірді жасыттым!
Желтоқсан желінде 
                     Қайрат боп қаһарым жұлқынып,
Ажалға жүгірдім кегіммен ұмтылып!
Содан соң…
Кірпіктің ұшында қуаныш мөлдіреп,
Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп,
Арқаның төсіне айбарлы Астана орнатып,
Алаштың мерейін тасыттым!

Сен сенген мына – Мен,
Е-е-хе-һе-ей!!!
Қарашы,
Адамның аспантек баласы!
Иманым жүзімнен жыр болып шашырап,
Күн болып шаттанып, шалқақтап күлемін!
Білемін,
Көмейден күй сынды сұңқылдап тілегім,
Ел үшін жұлыным жұлынса өкінбен!
Хас Ақын,
Мен саған Ант етем!
Алланың  жұпарлы Атымен Ант етем!
Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!

Бауыржан Қарағызұлы

Диалог

– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!

– Кезген бір тылсым Даланы мәңгі,
Кие боп кеудеме енді ме?
– Көгілдір туға оранып алды,
Күн күліп сәулеленді де!

– Керуен жолдан мың адасыпты,
Көнерген жылдар аңсар боп...
– Көзұшындағы Қыран да асықты,
Көгілдір туға қонсам деп!

– Көңіл пердесін аштым ба түріп,
Көкжиек көрінді нұрлы?..
– Көгілдір аспанның астында тұрып,
Көтердім көгілдір Туды!
(Көркем бір бейне кетер деп үнсіз,
Көкіректе әуен үздікті...)
– Көгілдір туды көтерген... кімсіз?
– ТӘУЕЛСІЗДІКПІН!!!

Қалмаханбет Мұқаметқали

Алаш

Олар...
Сонау қария ғасырда
Күмбезді көк етіп,
Төсекті жер етіп жаратқан даланың,
Көкпеңбек көліне шомылып,
Көгілдір тауына сүйенген.
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған.
Құлжадай қыздары
Тобықтай төгілген шаштарын,
Семсердің жүзімен тарған.
Алаштың оғылан ұлдары
Осындай тамырдан қан алып.
Осындай құрсақта жаралған.
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп,
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан.
Найзасы жасындай жарқылдап,
Жаңбырдай сіркіреп жебесі
Жауына тіл қатқан
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан,
Бабасы тәрізді,
Даласы секілді аумаған.
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ,
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ,
Арманы –
Алатау құзындай талықсып көз ұшта,
Ажалы –
Керілген киіктей тым сұлу, тыс қысқа
Алаштың аймандай ұлдары!

Кеш түссе күңіреніп
Боздайды бұл дала
Боздақтар үнімен,
Білмейді-ау осы үнді
Бозөкпе ұлдарың,
Кіндігін кірлеткен,
Желетек қыздарың,
Білмейді-ау сол үшін
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын.
Тәуелді рухты
Тәңір де кешірмес,
Кешірмес жер басып жүруді,
Алланың әр күні "Азат" деп зарланар,
Алаштың оғылан ұлдары
Сол үшін мерт болып,
Сол үшін шәһит боп өлді олар.

Өлерміз ол рас,
Қабірден жолданған
Құдайдың хаты бар,
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар.
Атылған хаттар-ай
Қанаты тым ыстық,
Кімдерге жетті екен нүкте боп?!
Бес күндік бұл фәни
Бес құлаш матамен оралып,
Тым алыс қашыққа жолданар,
Өйткені біздегі
Өмірдің мазмұны 
Өлімнің тілімен оқылар 

Олар...
Алқымды сабадай
Ажалдың пырағын кісінетіп,
Алласын көрмекке
Аспанға аттанған ғайып боп,
Бұл неткен қайсарлық!
Өлсем ғой шіркін-ай,
Осылар секілді шәйіт боп.

Кеше...
Кеңестік бодандық
Менің күп-күрең қаныма суарып,
Қып-қызыл ту ілген
Кермек жасымды
Кекете сімірген.
Мен содан...
Алаш боп үзіліп
Азат боп қайтадан тірілгем,
Тірілгем...
Жусанның бұрқырап бүрінен...

Ықылас Ожайұлы


Жадымда қалған – Желтоқсан...

Жуғанмен жылдар жылысы мұздағы қанды,
Қыздарымыздың көзінде мұз қалды.
Бойымды қарытып соғатын желтоқсан желі,
Жүрегімді тағы бір сыздатып алды. 

Толқындар талай соғады жағаны ұрып,
Кетпейді өткен оқиға таралып ұмыт.
Бодауын үзбек ботадай бұлқынған сонда,
Түсіме кейде кіреді жаралы жігіт. 

Өмірден мынау келемін аласымды алып,
Түскенде сонау есіңе қаласың налып.
Қыршын қыздардың көзімде елесі тұрар,
Отырғандары баланың баласын бағып. 

Топ жарып шығар, ал бірі шаруасына нық
Қызғанда аз-кем досымен дауласып анық.
Жүретін еді-ау жігіттер болғанда есен,
Жорғасын мініп, қолына қауғасын алып. 

Мұз тоңған қайта көздері ашылды бұлақ,
Өкінішті күннің өкпесі басылды бірақ.
Жаңа алаңдағы ескерткіш жадымды қозғап,
Алдына келіп бас идім жасымды бұлап... 

Тас мүсін қашау, әрине ғасырға мұра,
Бұл елдіктің құрметі асылдарына.
Кептерлерге дән сеуіп шапқылап жүрген,
Бақытты болсын балғындар, қасымда мына!

Орынбасар Самалықов
(Желтоқсан көтерілісіне қатысушы)

Қазақстаным!

Бір Алла атты теңдессіз ғажап Ұстаның,
Бойына жиған имани тазалық нәрін.
Төріңе қанша төнсе де қара дұшпаның,
Болашағы үшін бастарын бәйгеге тігіп,
Қорғады сені серт беріп сан Арыстарым –
Қазақстаным!

Төндіріп тағы басыңа қара бұлттарын,
Тарихтан білем ұлтымның жан ауыртқанын.
Ұрпақтарыңның былғаған балалық шағын,
Қариялардың ұрлаған даналық шамын,
Замандар да өтті-ау, жататын тоналып бағың –
Қазақстаным!

Өмір-өзеннің бұлқынған долы ағыстарын,
Елең де қылмай, еңкеймей, алабұртпадың.
Қап-қара жерге қып-қызыл көп ағып қаның,
Ақырып теңдік сұрап ең, Алашыңды айтып,
Ақыры келіп қолыңа жалау ұстадың – Қазақстаным!
 Босатып тордан, зарыққан дала құстарын,
Алдыңнан атты нұр шашып, ағарып таңың.
Соның үшін де қолыма қалам ұстадым...
Жүрегімменен жүремін үнемі сезіп,
Бойыңда сенің асқақ рух, дара күш барын –
Қазақстаным!

Алмат Исәділ

 ЖАЛҒАСЫ

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

228214 8
Рейтинг: +9

Дайындаған: Кәусар Мұң
Қосылған күні: 13 желтоқсан 2013, 08:57
Пікірлер
+0
13 желтоқсан 2013, 10:10

әрбір қазақ "Әлемге сүйгізем Қазақтың хұсни Жүрегін!" деп мақсат қойса ғой, шіркін...

+0
13 желтоқсан 2013, 10:33

Керемет, тәуелсіздікке құлаш-құлаш поэма арнаса да артықтық етпейді ақындарға.

+0
13 желтоқсан 2013, 11:26

дұрыс айтасыз. Тәуелсіздік бұл киелі ұғым ғой. Тәуелсіз қимылдайық

+0
13 желтоқсан 2013, 11:56

Керемет, патриоттығыңды оятып, мен осы елдің азаматымын деген мақтаныш сезімін оятады!!! Ақындарға респект!!!

+0
13 желтоқсан 2013, 14:01

Тамаша жырлар!

+0
13 желтоқсан 2013, 22:53

:o :mrgreen: ;)

+0
14 желтоқсан 2013, 03:12

Ең мықты дегендерін іріктеп алған екен. Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

+0
14 желтоқсан 2013, 13:27

Тамаша!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл, 13 маусым

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз. 

Қайсар До Бон Сун #1
Қайсар До Бон Сун #1

До Бон Сун – ерекше қыз.Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық...