- Негізгі бет
- Поэзия
- "Ауыл десе, сол...
"Ауыл десе, сол қызды сағынам мен!"
ҚазҰУ-дың филология факультетінде оқитын Нұртас Тұрғанбек есімді жас ақынды естіген боларсыз. Бұған дейін де Массагетке бір шыққан болатын. Енді міне, тағы бір кезек жетіп отыр. Нұртастың өлеңдері оқырманды бей-жай қалдырмаса керек.
Құлагер көкте
(Ілияс Жансүгіровке арнау)
Ақын бақ қуса жете де алмайды,
Өзгелер сенсін, сенбесін.
Ажал балдағы көтере алмайды,
Ақсақ өмірдің кеудесін.
Ақын кесілсе кеше кіндіктен,
Бүгін мұң дейтін жел ескен.
Қайыңның шіріп кетерін күткен,
Қайырымсыз тағдыр емес пе ең.
Деместен туған мекеніңді ұмыт,
Құлагер кетті жаны мұң.
Мылтықпен көміп кетерін біліп,
Қаламмен қазған қабірін.
Қайтеді енді сезім, күдікпен,
Шаршатқан қоғам мына жат.
Аспан әйнекті көзілдіріктен,
Ақын қарап тұр сығалап.
Жер бесік бәрін қасыңа ал деген,
Жер ана мұңлы, шерлі ана.
Шындықты бұлт жасырғанменен
Жасыра алмайды-ау кең дала.
Білесің тірлік арпалыс кілең.
Кім биік болса, сол ұлы.
Сөкпегін бізді аспан үстінен.
Ей, ақындардың шоғыры.
Ашынған жаным мен үнсіз дедім.
Кінәм көп үңіл мұңыма әр.
Сөзі бар құры сезімсіздердің
Жүрегін кел де, жұлып ал.
Дүбір бұл қазақ бүгін елдегі,
Бабам деп шықсын сөз басы.
Аспан ақынның күңіренгені,
Шын таланттардың көз жасы.
Жылатпа халқым сенімді іздеген,
Намыстың отын жағып жүр.
Жетісу сенің желіңді үзбеген,
Құлагер көкте шауып жүр.
Алматы ақын ұлдың сор, бағы ма?!
Мұңы ма жығам дейтін орға мына.
Мен ауылды сағындым көшесі де,
Ұқсайтын тағдырымның жолдарына.
Сол жолында құладым, сан адастым,
Бақытына осыны баламас кім?!
Топыраққа домалап өскен ұл ем,
Алматы, мені қайда ала қаштың?!
Демедің бе ұшасың, ұшынасың,
Мұнда шыннан жалғанның күші басым!
Қайыңның сөлін ішкен маған қала,
Неліктен шырыныңды ұсынасың?!
Маған ондай бақыттың керегі не?
Ару дейсің, жылулық береді ме?
Ауыл қызын айтсаңшы, шаң жуытпай
Жүретін сиыр сауған шелегіне...
Соның бәрі жыр сезім жанға тұнық,
Тәтті қыз болмаса да алматылық.
Кешке жолдан күтіп ап көк сиырын,
Өрісіне айдайтын таңда тұрып.
Оны көрсе сақтайтын балаң да әдеп,
Кетпейтін жүзінен ар, жанардан от.
Сиырды да ұруға батпайтұғын,
Сол қызды ренжітіп алам ба деп!
Осыған үйренген бе жаным абден?!
Қит етпеймін кірлердей арым әлден.
Сол қыз десем, ауылды еске алам да,
Ауыл десем, сол қызды сағынам мен!
Ауыл мен қыз тым ұқсас-нарқы белес,
Бөлек те емес мен үшін жарты да емес.
Сүйем сені Алматы, кешір бірақ,
Ауылдан артық емес!
Жылулық па жүрегіме керегі?!
Сағыныш па мұңаюдың себебі.
Тірсегімнен тіліндірген бұл тағдыр,
Жүрсем мүлдем сүріндіре береді...
Тұр дей ме екен, жүр дей ме екен шыда да,
Бір кем дүние деген осы шығар, ә?!
Жаңылысып кеттің бе деп сен менен,
Қанып ішіп алған күні сыраға,
Сұрама!
Өзіме де белгісіздеу күн мынау,
Жалған сезім, біреу салған қылбұрау,
Бақыттырақ жалған сүйген бәз біреу,
Менің осы шын сүйгенім мұңдылау!
Түсін мені, сезімімді шын ұқ та,
Жүрегіңмен суыма да, суытпа!
Мен шын сүйген ересектеу тағдырым,
Жасанды етіп жүрегіңді жылытпа,
Ұмытпа!
Мен ұнатқан жанарыңның ар-мұңы,
Түннен өзге бір ләззаттың барлығы.
Әттең, әттең менің сүйген жүрегім,
Әлдекімнің тағдыры!
Тағы үңілді бір ару міне, міне,
Менің мұңды күйімді біледі ме?!
Әйнегінен сығалап жанарымның,
Қарап тұрған секілді жүрегіме.
Қымсынбайды, тіпті де дір етпейді,
Бұл жанардан дейтіндей кім өтпейді.
Оған әсер етпей ме кеудемдегі,
Төрт бөлініп жатса да жүрек мейлі.
Қарамашы болды енді шыдамаспын,
Салқындықтан келеді тұра қашқым.
Сен жылулық сыйласаң, ұшып тұрып,
Құшып тұрып итерсең, құламаспын.
Одан өзге жүрегім күтті нені?!
Сүйем десе, кеудеме құт кіреді.
Арамыздың біразға алшақтығы,
Жақындатып тастады тіпті мені.
Ұшпасыншы тек бізден тырна бақыт,
Түн қаратып аспанмен мұңға батып.
Сен де кетіп қалмашы сағынышты,
Көзімнің әйнегінен сырғанатып!
Өмірдің толқыған теңізін,
Арманмен кешіпсің тек ұзын.
Дәл биыл еңсеріп тастапсың,
Жиырманың сегізін.
Арамыз десем мен шақырым,
Жымиып күлесің ақырын.
Қараған тұп-тұнық көзіңде,
Жүзуге жетер ме батылым?!
Жанымда онсыз да көп күмән,
Көңілді аударма тек бұған.
Бір күні жанардан сезім жас,
Үзіліп түспесін деп тұрам.
Жылама, жылатпас тағдырың,
Борамас төбеңнен қарлы мұң.
Мен де бір жүректен басқасы,
Бойынан табылмас жарлымын.
Сезімге бас исе бар ғалам,
Сезбейтін адамдай таң қалам.
Сен барда жүректің желісін,
Әдемі дауысың жалғаған.
Демейтін болғанбыз енді сіз,
Сен дейміз сезімі сенгісіз.
Екеуміз тау тағдыр қапталы,
Ар жағы белгісіз!
Иірілген өмір ұршығы,
Бақ жібі қолдан сусыды.
Бір жүрек бола алмадық,
Екі кеуденің дүрсілі...
Ақыры солай бұл сырды,
Доғарып шештік ұрсуды.
Мезгілдік қана сезім бұл,
Алма ағаштағы гүл сынды.
Тағдырдың емес тоқтамы,
Бізден де кінә жоқ тағы.
Өшетін бір кез болады-ау,
Сексеуілдің де шоқтары.
Бос қалмас кеуде бесігің,
Қаза да болмас бесінің.
Сығалап жүрген кез де өтер,
Жамау жүректің тесігін!
Көз жасын-мұң мен қоймалжың,
Бір сәтке болсын ойға алғын.
Жамау да жамау жүрекке,
Инені шаншып қойған күн!
сурет: alomkereso.com; mizushiroland.blogspot.com; vk.com
Дайындаған: Фараби Арыстанбек
Л. Лига