Әдебиет және өнер саласын­дағы мем­ле­кет­тік сыйлық Абай атын­дағы сыйлық деп өзгертілді

Әдебиет және өнер саласын­дағы мем­ле­кет­тік сыйлық Абай атын­дағы сыйлық деп өзгертілді
Фото: massaget.kz

“Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін "Абай мұрасы және әлемдік руханият" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында "Абай және рухани жаңғыру мәселелері" деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады” делінген Президенттің "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласында.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта Абайдың шығармалары ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржі­ма­ланатынын атап өтті. Сондай-ақ, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және "Абай" телесериалы түсіріледі.

Мемлекет басшысы бұдан былай әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатынын мәлім етті.

"Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдері өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатын болады", - деп жазды Президент.

Мақаланың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Т. Раушанұлы