Таразда Асқар Тоқпановтың ескерткіші ашылды

Таразда Асқар Тоқпановтың ескерткіші ашылды
Фото: ult.kz

Бүгін Жамбыл облысының 80 жылдығы атап өтіліп жатыр. Жаңа форматта өтіп жатқан мерейтой барысында бірқатар нысандар пайдалануға берілді. Ең алдымен облыстық қазақ драма театрының алдына орнатылған Асқар Тоқпановтың ескерткіші ашылды.

Жамбыл облысының 80 жылдығына арналып ашылған рухани нысандардың көшін А.Тоқпановтың ескерткіші бастады. Асқар Тоқпанов облыстық қазақ драма театрының негізін қалаған, ондағы шығармашылық ұжымының кәсіби біліктілігін жетілдіруге өз қолтаңбасын қалдырған елімізге танымал режиссер.

Ескерткіштің лентасын КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов пен Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Асқар Тоқпановтың шәкірті, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев қиды. Олар тұлға туралы есті естеліктері мен тағылымды ойларын ортаға салып, А.Тоқпановтың ескерткішінің облыстық театр алдынан ашылып отырғанын өте орынды шешім болғанын баса айтты. Ескерткішке ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, облыс әкімі А.Мырзахметов және бірқатар зиялы қауым өкілдері ықылас гүлін қойды.

Асқар Тоқпанов – жоғары білімді түңғыш ұлттық кәсіби режиссер, Қазақстан театр өнерінің көрнекті қайраткерлерінің бірі, Қазақстанның халық артисі. Ол 1915 жылы қазан айында Алматы облысының Іле ауданына қарасты № 2 ауылда дүниеге келген. 1939 жылы Мәскеудің мемлекеттік А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтының режиссерлік факультетін тәмамдаған соң республикамыздың театр өміріне зор еңбек сіңірген тұлға.

Айта кетерлік тағы бір жайт, бүгінгі іс-шара барысында А.Тоқпановтың өмірі мен шығармашылығы жөніндегі “Тоқпанов тұлғасы” атты естелік кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қонақтар үшін А.Тоқпановтың қызмет жолы, еңбектері, наградалары, шәкірттері жайлы фотостенд ұйымдастырылып, тұлға туралы деректі фильм көрсетілді.

Сонымен қатар, бүгінде Жамбыл облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, халық әртісі Асқар Тоқпановтың есімін беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапқан бұл ұсыныс бойынша қазір Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда.

Облыс театрына тұлғаның есімін беру – өнерсүйер қауымның көптен бергі арман-тілегі болатын. Өйткені қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға өз еңбек жолында Жамбыл облыстық қазақ театрында да елеулі еңбек еткен. Көптеген қойылымдар сахналап, шәкірттер тәрбиелеген.

Бұл ұсынысты осыдан 10-15 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазғанымен, жауапсыз қалған еді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы мәселені Үкімет, Мәдениет министрлігі деңгейінде көтеріп, игі бастама өз шешімін табуда.

А. Тоқпанов есімі бұған дейін елімізде ешқандай театр мен өнер ұжымына берілмеген. Ал 1936 жылы құрылған облыстық қазақ драма театры осы жылдар бойы бірде-бір тұлғаның атымен аталмаған. Осы тұрғыдан алғанда бұл бастама көпшіліктен зор қолдау табуда.

Театр режиссерінің мүсінін белгілі мүсінші Момыш Сұлтан жасап шықты. Оның құрылысына танымал меценат “Super pharm” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Қаймолдаев демеушілік еткен.

Т. Раушанұлы