Джон Фаулз "Коллекция жиюшы" романы

Джон Фаулз "Коллекция жиюшы" романы
Фото: www.be-bloggers.com

«Коллекция жиюшы» – ағылшын жазушысы Джон Фаулздың 1963 жылы жазып, бірден бестселлерге айналған алғашқы романы. Көлемі үш жүз беттен асатын шығармада Фредерик есімді жігіттің өмір тарихы баяндалады. Ермек қылып, көбелектерді жинаудан басқа ол ештеңе істемейді. Фредериктің жұрттың көбі біле бермейтін тағы да бір Миранда есімді сұлу бикешті сыртынан бақылайтын кәсібі бар. Алғашқы көрген сәттен-ақ ол өзіне ең керек жанның Миранда екенін түсінді. Бірақ ол басқа адамдардай сұлу бикешпен танысуға әрекет жасамайды. Тек сыртынан ғана қызықтап жүреді. Күндердің-күнінде «батыл» қадам жасап, қызды ұрлап әкетеді. 

Фредерик сұлу бикешпен жақынырақ танысып, оны өзіме ғашық қыла аламын деген қияли ойдың құмарына беріліп кеткен болатын. Міне, осылайша Миранда жүйкесі ауыратын жігіт коллекциясындағы байғұс көбелектердің біріне айналады. 

Оқиға екі адамның – Фредерик пен Миранданың аттарынан баяндалады. Романды оқу барысында екеуінің арасындағы керағарлық бірден сезіледі. Фердинандтың тілі кедір-бұдыр, жұпыны, көріксіз. Ал, Миранданың стилі сыпайы, әсерлі, көркем. Оның атынан айтылған әр сөзден шығармашылық мінездің адамы екені айқын сезіледі. 

Дәл осындай, бір ситуация екі түрлі кейіпкердің көзімен суреттелетін сюжеттердің құрылымы маған қатты ұнайды. Автор шығарманың екі басты кейіпкерінің сезімдерін өте шебер жеткізе білген. Құдды бір Миранданың күнделігін тауып алғандай немесе Фредериктің өзімен сөйлескендей әсерді басыңнан кешесің. Бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі адамның жан әлеміндегі құпиясына үңілгендей боласың. Романның ең үлкен жетістігі баяндау барысында шығарма авторы қандай да бір тараптың жағына шығып, оқиғаға араласпайды. Мораль оқып, өзінің ойын таңуға ұмтылмайды. 

 Амангелді Кеңшілікұлы 

М. Ақан