Бүгін – қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбайұлы туған күн

Бүгін – қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбайұлы туған күн
Фото: wikimedia.org

Бүгін – Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, кемеңгер тұлға, абыз Әбіш Кекілбайұлының дүние есігін ашқан күні. Оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Кемеңгер тұлға осыдан 2 жыл бұрын өмірден озды. Әдебиеттің қай саласына да қалам тербеген жазушының туған күніне орай ол туралы замандастарының айтқан естеліктерін назарларыңызға ұсынамыз. 

Меніңше, Кекілбаев қай сын мен қандай сынаққа да қасқайып қарай алады. Ол әдебиетке әуелі ақын боп келді. Жиырма бір жасында «Алтын шуақ» деген әдемі атпен өлеңдер жинағын шығарды. Алысты меңзейтін ой, тереңнен тартатын пікір өлеңнің өресіне ауырлық етті ме екен, Әбекең содан кейін-ақ қарасөздің қойнына сүңгіді. Қазір ол - қазақтың ең әйгілі прозашыларының бірі және прозамен ғана шектелмеген талант. Арамыздан оның сыншылығын олқы санар оқырман, ақын-жазушы немесе сыншы табыла қояр ма екен, сірә? Олардың қай-қайсысына да Әбіштен құптау есту, сын есту ешқашан әншейін нәрсе болып көрген емес. Әбекең – әдебиет босағасын аттаған күннен бері үзіліссіз, бәсеңдеусіз қаламын қару етіп келе жатқан бетті публицист: ол – елдің, әдебиеттің тарихы мен тіршілігіне ешқашан енжар қарап көрмеген адам, сондықтан қай кезде де қалам сардарларының алдыңғы сапында.

Бексұлтан Нұржекеұлы

Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз. 

Тұманбай Молдағалиев

Кейбір өрекпіме тұрғыластарымыз өзгені тыңдаудан гөрі өзінің ішіне сыймай жүрген ойларын жариялауға асығып жар салып жатса, ол ерекше байсалды мінезбен бұрын біз естіп-білмеген кейбір кітаптар мен авторларды алдымызға көлденең тарта бастаушы еді, сонда біздің арамыздағы небір даукес-білгіштеріміз де бәсеңсіп қалатын.

Герольд Бельгер

Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев – суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне, тіпті де, таңдануға болмас. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын. 

Есенбай Дүйсенбайұлы

Ол әдебиетке үлкен мұратпен қарады. Көркем шығармаға биік талап қоя білді. Оны жазушының терең танымымен туыстырды. Өмірдің әлеуметтік сырына, мән-мағынасына үңіліп, оны суреткерлік, философиялық ой-пікірдің тың дәрежесіне көтерді. Ол шешен еді, алғыр, ойға бай, толғап сөйлейтін ұстамды еді. Ұлы билердің үлгісін ұстаған Әбіштің тәуелсіздік жолындағы күрес пен әр қилы түсініспестікке жауап берген эссе, публицистикалық мақалалары бір әдебиет үшін ғана емес, ел рухын көтерген, рух туын берік ұстауға үндеген жан сыры еді. Сол арқылы адамға тән көңіл иірімдерін, толғанысты аша отырып, жалпы дүниенің, махаббат пен зұлымдықтың, намыс пен қызғаныштың, даңққұмарлық пен адамгершіліктің тартысын ұғынып, көзқарасын қосты. Оның жазушылық, ойшылдығының күші осында.

Серік Қирабаев

"Өлсең де қадіріңді біліп, атыңды ұмытпайтын ел-жұртың мен ұрпағың болса, өлімнің несі үрей, несі қиянат. Он сегіз мың ғаламның әрқайсысына жөн тауып берген жаратылыс жарықтықта әділетсіздік деген болуы мүмкін бе, сірә?!" деп айтқан екен жазушының өзі. Біз одан асып не айта аламыз? "Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған". Артына өлмес мұра қалдырған абыз жазушыны қадірін білетін ел-жұрты ешқашан ұмытпайды. 

Ж. Жұмағұлов