Кітап оқуға мотивация болсын

Кітап оқуға мотивация болсын
Фото: WomanAdvice.ru

Кітап оқудың пайдасы шаш етектен екенін біле тұра, уақыт бөле алмаймыз. Күнімізді жоспарлап, қай істің өзгелерден маңыздырақ екенін ертерек сараптап отырсақ, тәуліктегі 24 сағатты барлығына да жеткізуге болады.

Таным көкжиегіңіз кеңиді. Өзіңізге қажетті тақырыптағы кітаптарды тауып оқысаңыз, өмірлік жауабын іздеген сұрақтарыңыздың шешімін табасыз. Әр кітаптан жаңа ілім үйреніп, бұрын білмеген нәрсенің көзін ашуға болады.

Фильм көруден кітап оқу пайдалы екеніне көз жеткізесіз. Кітап желісімен түсірілген фильм көргеніңізді еске түсіріңізші. Фильм кітап ләззатын сыйлай алды ма? Оның үстіне жүздеген беттегі оқиғаны бірнеше сағатқа сыйғызу оңай емес. Фильм арқылы түсінбеген жерлеріңізді кітаптан алуға болады.

Оқиғаны әртүрлі талқылай аласыз. Сіздің пікіріңізбен бірдей немесе қарама қайшы ой айтылған кітаптарды оқығанда сол жағдайға қатысты ой-пікіріңіз ұштала түседі. Жағдайды басқа қырынан танып, түсінігіңіз арта түседі.

Идея туғызу. Кітаптан оқығаныңызды дәл солай қайталау міндетті емес. Оқи отырып өзіңізге ой түюге, бір ойдан басқа ой шығарып, жаңа идея тууына жол ашылады. Тек дер кезінде жазып қоюды ұмытпаңыз. Содан соң сіздің ойыңыздағы идеяны басқалар жүзеге асырып қоймай тұрғанда, орындап үлгеріңіз.

Кез келген тақырыпта әңгіме өрбіте аласыз. Өмірде ешнәрсені маған қатысы жоқ деп ойламаңыз. Дөңгеленген дүниеде дәл керек емес дегеніңіз алдыңыздан шығады. Кез келген адаммен барлық тақырыпта әңгіме айта білу үшін басқа салалардың кітабынан да хабардар болыңыз.

Адам психологиясына бойлай аласыз. Кітап оқиғасындағы кейіпкерлердің диалогына, мінез-құлығына зер сала отырып, басқаларды тез тануға мүмкіндік аласыз. Айтқан сөзінен, жүріс-тұрысынан-ақ не ойы барын, ішкі пейілін танудың шебері боласыз.

Қиялыңыз дамиды. Фильм көрген кезде барлық картина сіздің көз алдыңызда болады. Оны тереңінен ойлауға мүмкіндік бермей, ойыңызды шектеп тастай алады. Ал кітаптағы оқиғаны көз алдыңызға өзіңіз елестете отырып, өз қиялыңызды қоса аласыз.

Көзқарасыңыз өзгереді. Біреудің пікіріне сеніп, өз көзқарасыңды түбегейлі өзгерте алмайсыз. Дегенмен оқығандарыңыз белгілі бір дәрежеде әсерін тигізбей қоймайды. Бұрынғы өз ойыңыз дұрыс екеніне тағы бір мәрте көз жеткізесіз не дұрыс емес екен деп жаңа ой түйесіз.

Қазір қандай кітап оқып жүрсіз?

@. @assel_assanova