Кітапты жылдам оқу әдісін меңгеріңіз де, бәріне үлгеріңіз!

Кітапты жылдам оқу әдісін меңгеріңіз де, бәріне үлгеріңіз!
Фото: vk.com

Әрбір адам жиі болмаса да аптасына 1-2 рет қолына кітап алады. Қаланың күйбең тіршілігі жар бермей, кітапқа қарайтын уақыттың тапшылығын жоққа шығара алмаймыз. Десе де, нағыз кітаптың жанашыры немесе өзін шын оқырманмын деп есептейтін адам басқа-басқа, дәл осы кітап оқуға міндетті түрде уақыт табуға тырысады. Ақпарат алудың жаңа жолдары пайда болса да, адамзаттың кітапқа деген құрметі төмендемек емес.

Бәрінің де жылдам оқып үйренгісі келеді. Ол үшін нені білу керек? Біздің аз-кем кеңесімізге көз жүгірте отырыңыз. Бір кәдеңізге жарасын!

Киев қаласының тұрғыны Ирина Иваченко минутына 163 333 сөз оқып рекорд орнатқан. бейресми деректерге сүйенер болсақ украиналық бойжеткен Евгения Алексеенко 1 минутта 416 250 сөз оқыған екен. Бұл сіздің де қолыңыздан келеді.

Жылдам оқу қабілетін дамыту – күрделі жұмыс. Мега жылдамдықпен оқып үйрену үшін бекітілген негізгі ережелерді ұстану қажет.

Біріншіден – езуімізді жиямыз, яғни дыбыстап оқуға болмайды. Себебі, адамның ойы сөзінен 21 есе жүйрік екендігі дәлелденген.

Екіншіден – таңбаларды саусақпен жүргізіп отыру қажет.

Үшіншіден – оқу барысында тоқтап қалуға болмайды. Оқып болған соң сөйлемдерге қайта оралудың қажеті жоқ. 

Тағы бір білу керек ереже, ол – мәтінді түсінуге тырысып, мейлінше жылдам оқу. 

Кітап оқыған кезде көбіміз әр сөйлемге жеке қарайды екенбіз. Миымыз назарға алып отырған сөзден 15 градус аумақтағы таңбаларды ғана қабылдай алады. Егер арнайы жаттығулар жасасаңыз бұл аумақ 35 градусқа дейін үлкейеді. Жылдам оқу әдісін меңгерген мамандар кітаптың (парақтың) ортасына қарап-ақ сол бетте не жазылғанын біледі. 

Осы секілді әдіс-тәсілдердің арқасында адамның есте сақтау қабілеті дамиды. Яғни қысқа ғана уақытта оқып шыққан кітабыңыздың мазмұнын толық түсінесіз. Жылдам оқу әдісінің басты мақсаты да сол – біліміңізді арттыру және уақытыңызды үнемдеу. Асықпай оқу барысында адам кітапта жазылған мәтіннің 60%-ын ғана қабылдайды. Жылдам оқығанда керісінше, кітаптың 80%-ын түсінуге мүмкіндік туады. Жылдамдыққа сай ақпарат тез қабылданып, тез сіңеді. Зерттеушілер асықпай оқығанда көздің тез шаршайтынын анықтаған.

Ең негізгі құпияны айтайық. Сіз оқу барысында сөзге акцент түсіресіз бе әлде ойға ма? Мәселе осында. Егер ойға салмақ түсірсеңіз, онда кітап жылдам оқылады. 

Тез оқу үшін, әрине, ең бірінші кезекте мүмкіндігінше көп оқуды қолға алу керек. Көп оқығанның жады қажетті ақпаратпен толысып, түйсігің кеңейе түсетіні анық. Кез келген саланың амалдары мен әдіс-тәсілдері бар. Тек соны дұрыс қолдана білсеңіз болғаны. Адамның қолынан келген нәрсені сіз де жасай аласыз.  

Есіңізде болсын!

Бұл жетістікке бірден жете алмайсыз. Барлығы бірте-бірте, ақырындап келеді. Тек қана оқуды тоқтатпаңыз!

Ж. Жұмағұлов