- Негізгі бет
- Көкжиек
- Қадыр Мырза Әли....
Қадыр Мырза Әли. "Ғибратнәмә"
Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлидің «Ғибратнәмә» жинағына 160 ғибратты шағын әңгіме енген. Көлемі шағын ғана, тіпті 5-6 сөйлемнен аспайтын әңгімелер бірнеше кітаптық әңгімелермен парапар. Бүгін сіздердің назарларыңызға қаламгердің "Бір Тиындықтар", "Үшбұрыш пен Төртбұрыш", "Дирижердің таяқшасы" және "Көзқарас" секілді әңгімелерін ұсынамыз.
Бір Тиындықтар
Қай күні екені есте жоқ. Әйтеуір кезекті мереке-мейрамдардың бірінде өңшең Бір Тиындықтар бас қосып, ішіндегі көбірек жасап, көбірек көрген Көне тиын ата-баба тарихын қысқаша шолып өтті. Әңгіменің аяғы, әрине, той-тамашаға айналды.
– Бүкіл ақша атаулының бастауы – біздер, Бір Тиындықтар боламыз! – деді қызып алған баяндамашы. – Біз тұтаспыз. Бізді ұсақтау мүмкін емес! Ал біздер, өздеріміз, елу сомдық па – бәрібір! – кез келген үлкен ақшаны майдалап бере аламыз! Керек болса, ұсақтаған үстіне ұсақтап, тоз-тоз ғып жібереміз! Егер бір тиыны жетпесе, ол енді Мың сом емес, - ТОҒЫЗ ЖҮЗ ТОҚСАН ТОҒЫЗ СОМ ТОҚСАН ТОҒЫЗ ТИЫН ғана! Ойна Бір Тиынмен! – Осыны айтты да баяндамашы көкірек атып, столдың астына сылдыр етіп құлап түсті. Оны барып көтерген ешкім жоқ. Өйткені ол Бір Тиын болса, басқалары да Бір Тиын! Олар да тілдері күрмеліп, құлап түскелі әрең отырғандар.
Осының бәріне кездейсоқ куә болған Он Тиындық столдың үстінен сырғып түсіп, ұялғаннан еденнің қуысына кіріп кетті...
Үшбұрыш пен Төртбұрыш
Үшбұрыш пен Төртбұрыш тәжікелесіп қалды.
- Текке таласып қайтесің! Бәрібір сенен менің бір бұрышым артық! – деді Төртбұрыш.
- Одан не пайда? – деді Үшбұрыш. – Керісінше, бұрышың неғұрлым көп болса, соғұрлым өзіңе қиын болады. - Міне бұл тауып айтылған сөз! – деді домаланған Жұмыр Шар.
– Маған жұрт қай жағымнан келерді білмейді. Мысалы... «Сегіз қырлы, бір сырлы» болам деп армандаудың заманы баяғыда өткен. Меніңше қырлылар емес, қырсыздар бақытты бүгінде!
- Круглый Дурак! – деді ыза болған Төртбұрыш, қалай орысша сөйлеп кеткенін өзі де байқамай.
Дирижердің таяқшасы
Ұлт аспаптар оркестрі. Оның құрамында не жоқ! Қобыз, Домбыра, Сыбызғы, Шаңқобыз, Сазсырнай, Жетіген,.. Құдайға шүкір, жетіп жатыр!
Ұжымның аты ұжым. Қайткенде де оны біреу басқаруға тиіс. Кім? Қобыз ба? Әлде Жетіген бе? Ақыл таразысына салып көрсе, бәрі де лайық. Бәрінің де жөні, бәрінің де мүмкіндігі бар. Бірақ жабық жасырын дауысқа жібергенде ешқайсысы оқ бойы озып шығып, барынша көп дауыс ала алмады. «Тұяқты тұяқ жібермейді» дегендей, өзара деңгейлес түседі. Тізеге басып, күш көрсетуге тағы болмайды. Қобызды қойсаң – Домбыра, Домбыраны қойсаң – Сыбызғы,.. әйтеуір біреуі ренжиді.
Амал жоқ... бүкіл ұлттық оркестрді басқару дирижердің таяқшасына тапсырылды. Таяқша бірден мінез көрсетті. Бүгінде Ол қазақ ән-күйіне әбден еңбегі сіңген көне аспаптарды бір шыбықпен айдайды.
Көзқарас
Орманды көргенде:
– Мынау менің бүкіл ғұмырыма жететін жұмыс қой! – деді Балта.
– Мен мұны бір жылда-ақ жайратып салам! – деді Электр Арасы.
– Ал мен үшін бірер күндік қана шаруа! – деді Өрт.