Бүгін Сергей Есениннің туған күні

Бүгін Сергей Есениннің туған күні

«Әй, Сергей!

Сергей, Сергей, Сергей, Сергей!  

Түстім-ау сергелдеңге мен де сендей», деп кетіп еді ақиық ақын Мұқағали. Ақынның жанын ақыннан артық кім түсінер... Аз ғана ғұмырында сергелдеңге түскен алып ақынның бүгін туған күні.


Сергей Есенин 1895 жылы (21 қыркүйек) 2 қазанда Константинов аулында Рязань губерниясында шаруа отбасында дүниеге келген. Ол 9 жасынан бастап-ақ, халық өлеңдеріне еліктеп, өлең басын құрай бастады. Сергей жергілікті училищеде оқып, кейін ауылдық шіркеу мектебіне оқуға түсті. Сол кезде оның ең алғашқы салмақты жырлары дүниеге келе бастады. Орыс табиғаты, орыс классикасы мен дәстүр-салты оның дарынын дамытуға көп септік берді. 17 жасында ол Мәскеуге аттанып, типографияда жұмыс атқарады. Сонда жазудан алшақтамаған ақын жігіт отанына деген махаббатын риясыз өлеңімен жеткізеді. Жас ақын сол кездері дүркіреп тұрған Суриковский атындағы музыкалық әдеби үйірмеге мүше болады. Оның жыр топтамалары 1914 жылдан бастап мерзімді баспасөз беттерінде үздіксіз шығып жатты. Ал бір жылдан кейін ол ат басын Петроградқа бұрып, сол жақта Блокпен және басқа да көптеген танымал ақындармен танысады. Оларға өз шығармашылығынан өлеңдер оқып беріп, жоғары баға алады. Бара-бара атағы жайыла бастаған Есенинді әдеби орталарға көп шақыра бастайды. 1916 жылы атақты ақынының «Радуница» деген атпен тұңғыш жыр жинағы дүниеге келеді. Артынша өзінің көптеген топтамаларын жарыққа шығара береді. Өз өмірінің ең қиын тұстарында (1922-1925 жылдары) ол «Дөрекі Мәскеу» деген жыр жинағын және «Қара кісі» деген поэмасын өмірге әкеледі. 

Атақты ақынның өмірі 1925 жылы 28 желтоқсанда аяқталды. Оның жансыз денесі Ленинградтағы «Англетер» қонақ үйінен табылып, Мәскеудегі Ваганьковский мүрдесіне жерленді. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: liveinternet.ru, sergesenin.ru

А. Әбілхан