Ұлылар ұсынған кітап тізімі: Орхан Памук

Ұлылар ұсынған кітап тізімі: Орхан Памук
Фото: vk.com

Атақты жазушының тұңғыш үлкен туындысы – стамбулдық жанұяның бірнеше ұрпағының тарихы жайлы баяндалатын «Джевдет-бей мен оның ұлдары» атты отбасылық романы. «Ақ қамал» (1985) тарихи романы жазушыға шетелде үлкен танымалдылық әкелді. New York Times: "Шығыста жаңа жұлдыз пайда болды, ол – түрік жазушысы Орхан Памук" деп жазған еді. Жазушының «Қара кітабы» түрік әдебиетінің ең даулы да ең танымал туындылары қатарына енген. 1992 жылы Памук «Қара кітап» мотиві бойынша «Жаңа өмір» фильміне сценарий жазды. Фильмді түсірген танымал түрік режиссері Омен Кавур.

2003 жылдың 14 маусым күні Памук «Менің атым Қызыл» романы үшін халықаралық дублин сыйлығы IMPAC-пен марапатталды. Бұл әдебиет саласындағы ең үлкен қаржылай сыйлық (100 мың евро).

Жазушы шығармашылығының негізгі тақырыптары - батыс пен шығыс, ислам мен христиан, дәстүр мен қазіргі заман арасындағы жанжал мен қарсылық.

Жазушы болам деген талай өреннің кумиріне айналған Орхан Памұқ оқитын кітаптар тізімін шолып өтіп, өзіңіз оқымағандарын қойын дәптеріңізге түртіп алыңыз.

Анна Каренина. Лев Толстой

Толстойдың “Анна Каренинасы” туралы Орхан былай дейді: «Мен 1974 жылы өзімнің алғашқы ромнымды жазып жүрген кезде бөлмемде Репин жасаған Толстой портретінің репродукциясы ілініп тұратын. Ол кезде мен жылдар өте сүйікті жазушымның Отанында әдеби премия аламын деп ойламаппын. Толстойға тамсанамын. 19-20 жасымда «Соғыс пен бейбітшілік» және «Анна Каренина» туындыларымен танысқанда, оның бұларды қалай жазғаны туралы ойламадым. Мен оларды жай ғана оқумен әуестендім. Бар болғаны сол еді, олардың бағалау қаперімде де болмаған. Кейін есейген шағымда Толстойды қайта оқыдым. Бұл жолы мүлдем бөлек күй кештім. Жазушы жасаған құндылықтар иерархиясы маған үлкен әсерін тигізді. Жазушы өмірдегі ең маңызды дүниелер : отбасы, достық, сенім, мамандық, ақша табу, махаббат, қызғаныш. Романист оқырманға «бұл өмірде не маңызды?» деген ой салады. Мен Толстойдың құндылықтар иерархиясымен толықтай келісемін. Ал «Анна Каренина» романын Колумбия Университетінде студенттермен талдаймын. Осы кітапты өзім жазбағаныма өкінемін».

Албастылар. Федор Михайлович Достоевский

Орхан Памук: «Достоевскийді мен тым жас кезімде оқыдым.Ол Толстойға мүлдем ұқсамайды. Достоевский туындыларында тұрмыстық табиғилыққа орын, есесіне ол адам табиғатының шынайы болмысына терең бойлатады.

Мен бірінші оның «Ағайынды Карамазовтар» туындысын оқыдым, бірақ маған жазушының «Албастылар» романы үлкен сілкініс сыйлады. Содан алған әсерім менің «Қар» романымнан байқалады. «Албастылар» – адамзат тарихындағы ең үздік саяси роман. Билікке деген құштарлықтың қаншалықты мықты болары, адамның кешіре білу қасиеті, өзін де, өзгені де алдауы, сенімге деген қажеттілік мені қатты толғандырды. Мен кейіпкерлердің өтірікке, саяси арпалыстар мен өлім қаупіне толы әлемінде бірге өмір сүрдім. Осының барлығы қалайша бір романға сыйған?».

Тылсым тау. Томас Манн

Өзіне үлкен әсер еткен жазушылар туралы айта келе Орхан Памұқ орыс ұлтының ұлы жазушылары Толстой мен Достоевскийден кейін бірден Томас Маннды атайды. Әсіресе, оның « Тылсым тау» романы.
Көптеген сыншылар Памұқ пен Манн шығармашылығынан ұқсастық көреді.

Жоғалған уақытты іздеу. Марсель Пруст

Орхан Памук былай дейді: «Менің ойымша, жазушы қайта оралмайтын күнделікті сәттерге қажетті деңгейде көңіл бөліп, солар туралы жазуы керек. Мен бұл қасиетті ең алғаш Марсель Прусттан байқадым. Журналистер мені түріктен шыққан Марсель Пруст деп атайды.

Әңгімелер. Хорхе Луис Борхес

Орхан Памуктың сүйікті жазушылары қатарында аргентиналық прозаик Хорхе Луис Борхес те бар.

А. Оралқызы