Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесі қалай жазылды?

Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесі қалай жазылды?
Фото: http://flower.onego.ru

Сайын көбіне түнде жазатын. Күзде қарлы жауын жауады ғой. Әсіресе сол кезді қатты жақсы көретін. Ондай уақыттарда жұмыстан келе сала жазуға отыратын. «Алғашқы қар», «Қысқы кеш», «Ананың арманы», «Отау үй» әңгімелерін, «Қыран құс көк жүзін шарлап кетті» атты очерк-диплом жұмысын сол әуежай маңындағы үйде тұрғанымызда жазды. Төрт-бес жылдан кейін қаладан пәтер берілді де, сонда көштік. Ол үйде «Көкорай», «Күсен-Күсеке», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Басында Үшқараның» сынды шығармалары дүниеге келді. «Жусан иісін» жазып біткен соң ол керемет көңіл күйде жүрді. Сірә, оқырман қауымға, балаларға ұнайтынын сезген шығар.

Аянның ертегі айтатындығы Сайынның өзіне аздап келеді. Бірақ, Аянның прототипі бар. Ол – ауылда тобығы тайғандықтан, аяғын қисаңдатып, сәл ішіне басатын Ұзақбай деген бала. Сол баланың тағдыры шығармаға арқау болған. «Жабайы алмадағы» Қанат та өмірде бар адам. Қанаттың тағдыры - Сайынның ауылындағы Науқан деген баланікі. Оның да әкесі соғыста қайтыс болған. Шешесі соғыс уақытында колхоздың жұмысынан зорығып өлген. Қазір Науқан ауылда тұрады. Ақсақал болды. Он алты баласы бар. «Жабайы алмадағы» балалар Сайынның ауылындағы «Қызыл жұлдыз» бригадасының балалары. Ал «Басында Үшқараның» деген әңгімедегі Әсет – Сайынның өзі. Бір жылы Бердібек Соқпақбаев, Тахауи Ахтанов, Сайын үшеуі Қапалдағы Сайынның атасының жайлауын аралап, Бұрхан бұлаққа барып қайтқан. Келгеннен кейін ойыма бірдеңелер келіп жүр. Бір шығарма жазсам ба екен деп жүрді. Келер жылы Әкім Тарази өз ауылының жайлауына шақырып кетті. Содан келді де, күзге салым «Басында Үшқараның» әңгімесін жазып шықты. «Мұң жапырақ» деген повесі болатын. Шағын үзіндісін бір журналға жариялаған да: «Аса жақсы жазылған жоқ. Өзіме ұнамады», - деп жүрген. Бірде үйге кірсем пештің алдында керек емес қағаздарын, біраз қолжазбасын бұрқыратып жағып отыр. «Мұның не?» - десем, ««Мұң жапырақ» жақсы шыққан жоқ. Өртеп жібердім. Ойланып қайта жазармын», - деді. Бірақ, қайта жазуға отыра алмады. «Енді бір үлкен дүние жазсам, соған отырсам», - деуші еді. Үлгермеді…

(Мәриям апайдың естеліктерінен)

Ертегіші Аянның тағдыры бар Сайын ағаның балалық шағында...

«Балалар, тоқтаңдаршы. Мен сендерге кешегіден де қызықты ертегі айтып беремін» деп аяғын сылти басып, балалардың соңынан еріп жүретін Аянның аянышты тағдыры бүгінгі оқырманға таңсық болмас. «Жусан иісі» әңгімесін оқыған сайын, әуелі есімізге жусанның иісі оралады. Жусанның иісі ауылда өскен, ауылда дүниеге келген, ауылдың қара топырағын иіскеп өскен әр баланың есіне оралатыны анық. Аян тағдырына қатысты сауалыма Сайын аға бір кездері: «Бұл біздің ауылдағы соғыс кезіндегі балалардың барлығының тағдырынан жинақталған» деп еді. Сол жолы күліп отырып, ауылдағы жерлестері айтқан мына бір әңгімені еріксіз еске түсірген. Жазушының Ғұмар деген досы былай деп айтқан екен.

«Сенің «Отау үй» атты кітабыңда «Жусан иісі» атты әңгімең бар емес пе?! Міне, соны оқыған біздің ауылдың Тәжібай, Науқан деген ағайынды механизатор екі жігіттің үлкені: «Бұл мен туралы жазылған екен», - дейді қызып отырып. Оны естіген кішісі: «Жоқ, мұндағы Аянның тағдыры тура маған ұқсайды», - деп оған қарсылығын білдіреді. Сөйтіп, екеуі шартпа-шұрт төбелесіп, ақырында оларды әзер айырып алатынын» айтқанда, Сайын ағаның жүзіне еріксіз күлкі үйірілген еді. Әңгіменің тым шынайы жазылғандығы да шығар, жерлестерінің ол шығарманың өн бойынан өздерін іздеп, өз болмыстарын танып жатқандығы. Әрине, Аянның тағдыры тым аянышты. Жусан иісін ұмыта алмайтын баланың ауылды, жусанды ұмытып кетуі мүмкін емес. Әңгімедегідей біз де Аянның жусанды ауылға қайтып оралуын тілеп едік. Естеріңізде болса, Аян былай дейтін еді ғой әңгімеде:

«- Әй, мен сендерге бір қызық айтайын ба,- деді ол сүйінші сұрағандай қуанышты үнмен, - Мен бүгін таң алдында түсімде ағамды көрдім. Рас айтам. Түнде жатар алдында ағамның пальтосын басыма жастап, көпке дейін иісін иіскеп жатқам. Ағамның иісі сіңіп қапты. Біртүрлі жусанның иісі сияқты жақсы иіс. Мен бүйтіп жағасына мұрынымды тығып алдым да ұзақ-ұзақ иіскедім... Әжем ылғи: «ағаңды анау Жусанды төбенің үстінде, мал қайырам деп жүргенде айдалада тапқанмын дейтін... Менің ағамда жусанның иісі содан қалған...Сөйтіп жатып ұйықтап едім, түсіме кірді...», - дейді. Сайын ағаммен болған алғашқы сұхбатым әлі есімде.

Сайын аға редакцияға өзі келді. Сол жолы аға маған шығармалары жайлы, иә тек шығармалары жайлы, кө-ө-ө-п сыр шерткен. Өзiнiң де Қанат кейіпкері сияқты хат тасығанын, Ырысбек сияқты ағаларының кейбiр қияли қылықтарын шығармасына арқау еткенiн риясыз әңгiмелеген едi. Өткен күндерi еске түстi ме, ағамның әңгiме ауанына қарап, мен де сөзiн бөлгiм келген жоқ. Ара-арасында өткен күндердегi балалық қылықтарына өзi де риза боп, күлiп алады. Әсiресе, ең алғаш ересек балалардан хат жазуды үйренгенiн, хат жазамыз деп бүкiл балалар бiр-бiрiнiң көкелерiнiң атын хатқа жазып жiберген сәттерiн айтқанда, мен де ерiксiз күлгем.

Мен үшін Сайын ағаның шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі – «Жабайы алма». «Жабайы алманың» әрбір сюжеті менің санамда жаттаулы. Кез келген сәтте сол бір повестен үзінді айтып бер десе, қиналмай айтатыным рас. Қанаттың бойындағы кейбір көріністерді соғыс кезіндегі балалардың бәрі бастан кешкені анық. Соғыс туралы жазылған шығармалардың көбінде «Жабайы алманың» кейбір эпизодтары қайталанып жатады. Бұл шығарманың қайталануы деген сөз емес, бұл сол қоғамның нақты көрінісін көрсететін шығарманың шынайылығында. Өйткені сол қоғамдағы оқиғаның бәрі солай біркелкі қайталанып жатты. Ауылдағы тұрмыс, балалық шақтағы қиындық, ұрлық-қарлық, әйелдердің колхоз жұмысындағы ауыр тірлігі, аналардың екі қолға бір күрек деп, таңның атысы, күннің батысы үй көрмей, дала кезуінің өзі сол қоғамдағы көріністі айқындап тұр.

(«Менің қарындасымнан» басталған жол /
Түркістан.- 2011.- 17 қараша (№ 46). - 10)

pushkinlibrary.kz

@. @assel_assanova