Сағи Жиенбаев туралы бірер сөз

Сағи Жиенбаев туралы бірер сөз

Қолданушымыз Гүлнұр Тойшыбекқызы ақын Сағи Жиенбаев туралы толғанысын жолдапты.  Ақынның нәзік жырына үңілген Гүлнұрдың шағын зерттеуі кемшіліксіз емес. Дегенмен, әдебиет әлемін ұққысы келген балаң көңілдің талпынысын бағалауды өзіңіздің еншіңізге қалдырдық, талғамы биік оқырман! 

 Ақынды ақын ететін оның өлеңдері. Әр ақын өз  заманының шындығын жырына арқау ете білуі керек. Сонда ғана оның өлеңдері әсерлі шығады. Ақын болып дүниеге келіп, ақын болып өткен қазақтың дарынды ұлдарының  бірі - Сағи Жиенбаев. Ол ешкімге ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Оның өлеңдері халық көңілінен шығып, жүректерінен орын тапқан. Себебі, өлеңдерінде өмір бар. Ыстығы мен суығы, ащысы мен тәттісі араласып жатқан кәдімгі өмір жырланады. Ол өлеңдерінде өмірдің бар шындығын, бірін қалдырмай шебер жырлай білген.   

Сағи Жиенбаев соғыс басталғанда небәрі жеті жаста болған. Сондықтан сонау сұрапыл соғыс кезіндегі ауыл балаларының қалай күн кешкендері суреттелетін өлеңдері баршылық. 

   Ақынның:

                Қадалып түнде ...

                                          елеңдеп,    

                Қарсы алып таңның арайын,

                Көкешімді ертіп келер деп,

            Өлеңмен жаздым талайын,- деген «Хат» өлеңінде ағасына хат жазып, оның майданнан аман-есен оралуын асыға күткен бала сезімі шебер көрсетілген.

         Есіңде бар ма, бауырым,

         Сол күнгі таңның атқаны.

         Ауылдың бәрі ағылып,

         Төбеге шұбап жатқаны.

               Әлі де көз алдымда

               Сұрапыл өрттен қайтқан ер

               Жалғызын қоршап адырда

               Жамырай сүйіп жатқан ел!        

- деп сұрапыл күннің артта қалып, ауылдың жарқын, шуақты, көптен күткен қуанышты күннің келгенін қалай  қарсы алғанын шебер жырлайды.

Сағи Жиенбаев бармаған тақырып жоқ шығар. Осы уақытқа дейінгі барлық ақын өз жырына қосқан махаббат тақырыбын Сағи ақын да өз өлеңіне арқау етеді. Мысалы, «Гүл» деген өлеңінде:

               Кеудемде соның тұрды үні,

               Гүл көрдім содан, нұр көрдім.

               Отыра қалып бір күні,

               Суретін салдым гүлдердің.

-дейді. Мұндағы өлеңде балалық сезім суреттеледі. Мектепке жаңадан келген қызды көріп, өзінің ерекше көңілге бөленетінін жасырмай айтып, қыз бейнесін гүлге теңейді.

«Қыз туфлиі» деген өлеңде жас ақынның жыр деген бәйгеден озып, қыз туфлиін жеңіп алатыны, жеңіске жеткен жас ақын үшін алтын, күмістің қажет емес, оған қыз деген бір сөзден артық сыйдың жоқтығы айтылып келіп, қыздарды ақын:

                   Қыз деген –

                   әппақ періште.

                   Қыз деген-

                   мәңгі сұлулық – деп аппақ періште мен сұлулыққа теңейді.

Ал «Іздедім сені» өлеңінде:

                  Армансыз қудым, маралым,

                  Қайтпадым іздеп тапқанша...

                  Жанымда болсаң, жарадың

              Жұлдызым көктен аққанша, -дейді. Ақын бұл өлеңінде өзінің сүйгенін қаптаған жұлдыздар ішінен іздеп, талай рет ормандарда адасқанын айтып келіп, оны іздеп тапқанша жалықпайтынын шебер көрсете біледі. Оны мына «Көгілдір орамал» деген өлеңнен де байқауға болады:

                  Қайырылмай олда кетті үнсіз,

                  Қайда жүр қазір мекендеп.

                  Жол кезем ылғи дегбірсіз

                  Жолығып қалар ма екен деп.

Сонымен қатар «Талайлар мені елжіреп, құрметтейтін» деген өлеңде оны талай жандардың сыйлап, жанынан үйіріліп шықпайтынын, бірақ қаншама керемет деген жандар жанында болғанымен, оған бәрібір қасында біреудің жоқтығын және оны тапқанша іздейтінін айтады:

                  Күндіз-түн сол жоғымды іздейтінмін,

                  Таппасам маған өмір мұз дейтінмін.

                  Кетсе де, жолдар ұзап, жылдар ағып,

                  Мен одан күдерімді үзбейтінмін.          

«Бір адам » деген өлеңінде ақын әр жанның жүрегінде сағынатын, аңсайтын, тек соған ғана мұңын айтып, сырласатын бір адам болуы керек дейді.

                   Мен білмеймін–

                   Тазамысың күнәдан?!

                   Тірлік деген

                   бұлтанақ та бұралаң...

                   Өміріңде

                   аңсап қана жүретін–

                   Көңіліңде

                   тұру керек бір адам!..

Сағи  Жиенбаевтің махаббат туралы кез келген өлеңін оқып көрсеңіз, ол өзінің жанына жақын бір жанды іздеумен жүреді.

Ақын жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдерді де көптеп жазды. Мысалы,  «Көктем еді», «Күзгі бақта», «Көктем», «Қар туралы жыр» «Көктемде құрғап беткейлер» т.б.

                   Сәулеге толып етегің,

                   Осылай ылғи күттіріп,

                   Өмірдің тәтті екенін

                   Кетесің бізге ұқтырып.

Баршаның сүйікті қаласына айналған Алматыны жырына қоспаған ақын жоқ шығар. Сағи ақын да осы Алматыны өз жырына арқау етеді. Ақын Алматының қыс бейнесін жасауда, қыста қар жауғанда ол жерге қалай түсетінін жеткізуде теңеу сөздерді ұтымды пайдаланып, ғажайып бейне сомдайды.

                   Ұйтқып-соғып аласұрған көңілдей,

                   Бір-ақ түнде ақтарылып төгілмей

                   Қара жерге түседі ылғи жасқанып

                   Қалыңдық боп жаңа түскен келіндей.

Көктем. Халықты ерекше бақытқа бөлейтін көктем. Барша адамның сүйіктісіне айналған көктем. Ақын осы бір мезгілде адамдардың, сонымен қатар барлық жандардың  ерекше көңіл-күйін, қуанышқа толы бейнесін бізге әдемі етіп жеткізе біледі. Мысалы, «Көктем сәулелері» деген өлеңінде:

                   Билейді  белін мың бұрап,

                   Найзағай бұлттың ішінде

                   Көтеріп басын гүл-құрақ,

                   Қарайды сол бір мүсінге, -дейді.

             Дірілдеп жалғыз жапырақ

             Денесін суық қарыған,

             Ақырғы сәтте жатып ап,

            Айрылар емес талынан, -деп басталатын «Күзгі бақта» деген өлеңінде жадыраған жаз айының өтіп, сұр түске боялған күздің келе жатқанын, осы мезгілде жап-жасыл түске боялған жапырақтар сары түске айналғанын, бірақ жапырақтар жаз бойы бірге болған бұтақтарымен қоштасып айырылғысы келмейтінін әсерлі етіп баяндайды.

               Қатал бір қара түкті қол

               Жұлып ап оны оңай ақ.

Қандай ақынның болмасын, өлең жазудағы шеберлігін көрсететін өзіндік ерекшелігі болады. Мысалы ақынның өз туған жеріне арнаған өлеңдерін оқысаңыз, туған жерінің суретін қалай көріп, қалай қабылдайтынын байқайсыз. Сағи ақын табиғатты суреттеуге жеңіл-желпі қарамайды, ол әдемі, бейнелі сөздермен суреттеп  көрсетеді.

                   Қоңырқай  тартып реңі,

                   Қойғандай алдын құрсаулап,

                   Бір шөкім бұлтқа тіреліп,

                   Сәулелер жерге тұр саулап.       

Бұл өлеңде туған жерінің сұлулығын, әсем келбетін ақын ешбір артық сөз қолданбастан шебер суреттеп көрсетеді.

 

                   Ақша бұлттар мен ақ қарға.

   Елім мен

                   Туған жеріме саулық тілеймін

   Жаңарып әр күн,

                   Ағарып әр таң атқанда!

Әр адам үшін өзі туып-өскен мекені әрқашан ыстық. Туған жері үшін ол қолынан келгенше бәрін жасауға, өзінде бардың бәрін беруге дайын тұрады. Сағи Жиенбаев  бұл туралы «О,Туған жер, барымның» деген өлеңінде былай келтіреді:

                  О, туған жер, барымның

                  Сәттілері сенікі.

                  Балы болса жанымның

                  Тәттілері сенікі.        

Туған жер!  Оған татымды  теңеуді о заман да бұ заман, қандай ақын тапты екен. Ақын өлеңдерін оқып отырып,  туған жеріне, халқына  деген сүйіспеншілікті анық, айқын көресің.

Жолдаған: Гүлнұр Тойшыбекқызы

Сурет: belarus.nemiga.info

М. Оңғарова