Ақын Мұқағали Мақатаев: «Жұмекен жұмбақ ақын. Тамырын тереңге салған, ойға бай, тілге сараң суреткер. Ақын-Жұмекен, жұмбақ-Жұмекен біздің поэзиямыздың бүгінгі де, ертеңгі де орнына мықтап жайғасқан. Ол оқушысы құрымай, өзі де құрымайтын саналы, ақылды жырлардың авторы» деген екен. Жұмекеннің жұмбақ сырына бойлағымыз келгенде күнделігіне үңілеріміз хақ. Ақынның "Аурухана-83" деп аталатын жан сыры, жүрек үні жазылған ескі дәптеріне тағы бір үңілсек.
***
Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге /немесе мысалдап деуге келер ме екен / бейімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық сипат бердім. Творчествоның бір ғажабы: сен бірдеңені солай етіп жасағың келгенімен, ол мақсатыңа -99 процент – жағдайда жете алмайды екенсің. Ал, аракідік, осыны осылай етейін деп ұмтылған мақсатың орындала қалған жағдайда – ол шығарма болмай шығады. Қ. Мырзаның трагедиясы, меніңше, сол: өз заказын өзінің мүлтіксіз орындай алуы. Мен, мәселен, бір жолды бастағанда, төртінші жолдың /ұйқастың / қалай шығатынын алдын ала біліп көрген емен. Білсем, тура жаңағы айтқанымдай, нашар жансыз шығады.
1960 – жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген / «Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі / ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар поэма деп айдар тағуға қорқып, әнгіме /лер / деп атадым. Оны түсінген адам болған жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын...
Осы күні сюжетті дүниелер жазуға /притча песенно-балладного характера / құмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс /еркімнен тыс десем жұрт сенбейді / солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғам жоқ, немесе почти / «Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең / жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын. 1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет, журнал беттерінде де мол - мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұқтар мен Қадірдің бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /»Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, Мұқтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар / қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де –қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой - бояуын қаншама сақтайын десем де – бәрібір өз өлеңім болып кетеді.
Өткенде бір жігіт / ақын / менің Вознесенскийден аударған өлеңдерді мақтай келіп, «точно аударма екен» деп қорытты. Ақымақ! Там Нәжімеденов больше, чем Вознесенский. Мен шынымды айтсам, өзіме - өзім тәнті боп көрген кісі емеспін. Соның ішінде аударма... кімді аударсам да /Бартоны мен аударғам жоқ, бір жолын да аударғам жоқ, жолдастар өздері аударып, ақшасын мен арқылы алған / өзім болып шыға келем. Ал, біреу оригиналдың аузынан түскендей, аумай қалады. Ғафу аударған Мақтымқұлы, Қадыр аударған Расул Ғамзатов сондай дүниелер. С. Есенинді Қадырдан гөрі Ғафу жақсы аударды. Олжастың поэмасын Темірханға аударту керек секілді /әттен, культура /. Сергей Есениннің қайсыбір жолдары Мұқағалида жүр дегенді Оразбек айтып еді. Қарап көрсем, рас екен. Назым Хикметті - Әбішке аударту керек. Мен аударып, шығара алмадым: Хикмет түгілі, Нәжімеденов те шықпай қойды. Қолдан келмесе – амал не.
Қалай дегенмен, Андрей Вознесенскийді қазақша оқуға болады. Керек.
1982 жылы «Советский писатель» жинағымды шығарды. Бұдан артық нашар аударма болуы мүмкін емес. / Біз /, өзімде бармын / ешбір елдің ақынын бұлай қорлаған емеспіз. Мендегі төрт жол өлеңді А. Юдахин он алты жолға жеткізген. Сөздердің белін сындыра берген, сындыра берген. Ақша тауып отырған /бәрімізде табамыз ғой, дегенмен.../менің досым Қайрат Жұмағалиев секілді. О кісі Маяковскийден де көп сындырады. Жарасқан екеуі. Бірақ ептеген мағына, ақындық күш-қуат деген секілді ұғым-түсініктерді сызып тастаса – екеуі де ешкімнен кем біз деп жүрген жоқ..
«Жалын» баспасының директоры баяндамасында: «Біз былтыр жаңадан бұрын аты белгісіз 30 талант ашып ек, келесі жылы олардың санын 40 - 50-ге жеткіземіз деп отырмыз». Міне біздің творчестволық мекемелердің басшылары партия мен үкіметтің творчестволық жастарға жасап отырған қамқорлығын тап осылай түсінеді. Күлесіз бе? Жылайсыз ба? Екеуін де істей алмайсыз!
3 сентябрь
***
Көктемде әр дүкеннен таныс іздеп жүріп, әйтеуір бір аяқ киім таптырып едім. Бәтіңке - әдемі, түсі қара болды. Бірақ сырты әдемі болғанымен, іші нашар, екі сағат кисең - өміріңді екі жылға қысқартатындай азап көрсетеді. Бүгін сұрасам әйел: «сатып жібердім» дейді. Расында, ғұмыры аяқ киімге жарып көргем жоқ. Әсіре соңғы кезде. Бірақ киген соң /бұрынғы кезде / кеңіп аяғым үйреніп кетуші еді. Қазір олай емес: киген сайын қыса түседі, «кеңіген» сайын кию мүмкін болмай барады.
Дүниеде талай адамның аяғын етік қысқан шығар. Әйтпесе: «дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса» деген секілді сөздер тумас еді ғой.
Менің аяғым онша үлкен де, кіші де емес. Орташа ғана: 40 размер кием. Бірақ сол қырықтың кез - келгені маған аяқ киім бола бермейді. Ілуде біреулері ғана. Ондай жалғыз-жарым аяқ киімді /етік, бәтіңке, сандал\ мен қайдан таба берейін.
Жалпы, маған кез – келген /әрине, өз размерімнің / бәтіңке шақ келуге тиіс еді. Заурядный адамдарға размер таңдаудың /размер ішінен размер таңдау деген мағынада / қажеті бола бермейді деуші еді. Мен өзімді жай кісілердің /ептеп қабілетім болуы мүмкін / қатарына қосам. Егер аяқ киім таңдау, бәтіңкенің ішінен /арасынан / бәтіңке таңдап кию – адамның өзіне ғана тән қасиеттеріне /личность деген мағына / байланысты болса мына адамдарға ешбір елдің стандарты /размері / сай келмесе еді: Гомер, Данте, Шекспир, Байрон, Петр-1, Наполеон, Маркс, Ленин, Ньютон, Абай, Маяковский, Махамбет, Тәуке - хан. Тым асыра сілтеп жіберген жоқпын ба? Нешауа! Әбілхан ағам айтқандай, айтылып кетті. Я думаю, Байронға арнап /көп ақын соның жеңінен түсті ғой /, етік тіккен, не Маяковский үшін әйтеуір киім жасаған адамға... ией, солар да кімге не қызмет көрсетіп жүргендерін білді дейсіз бе! Так что, кез-келген инструктордың аяғына дәл келген аяқ киім маған да үйлесуге тиіс еді. Қалай дегенмен, инструкторға қарағанда аяғымның ептеген айырмашылығы болуы керек... аузы-мұрны жоқ жаман кебісімнің өзі аяғымды қажайды. О, құдай!
Түнде «Сыщик» деген киноның 2-сериясы болды. Біріншісің алдыңғы күні ұрланып – жырланып дегендей, әйтеуір бір амалын тауып көріп едік. Екінші /жалғасын / серияны көре алмадым, /көре алмадым деген жаман - ақ тіркес /, көпшілік көрсетпеді. Хоккей /СССР – Венгрия/ болады екен. Маған батқаны бір шығарманың басын көріп, аяғын көрмегенім де емес. 1. «Сыщикті» көргенім жоқ деп, ешкімді сендіре алмадым. 2. Әлгі Хоккей көреміз дегендер – шын мәніндегі жан - күйерлер болмай шықты. Себебі, екінші тайм біткенде есеп 4:0, біздің пайдамызға шешіліпті. Содан кейін әлгілер: жеңдік қой деп тарап кетіпті. Егер шын жан – күйер болса ешқашан олай істемейді. Өйткені оларға керегі, әрі-беріден соң, жеңіс те емес, ойынның қызығы болуға тиіс. Видите, у нас даже многие болельщики ненастоящие. Менің «Сыщикті» көремегенім рас еді. Ана бөлмеде балалар көріп жататын. Телепрограммадан да оқығаным бар. Бірақ көрудің сәті түспей-ақ қойған. Детектив қой деп менсінбегендіктен емес, жоқ әйтеуір бір сәті келмеді. Бұдан: 1. «Сыщикті» көрдім десем, 2. Хоккейге болельщик болсам, вернее болып көрінсем, сөйтіп, қып-қызыл өтірік айтсам, жасанды қылық көрсетсем – жұрттың бәрі сенер еді-ау деген қорытындыға келдім. Тағы бір мәселе. Бізде «детектив» десе – біраз жазушылар мұрындарын шүйіріседі. Бұрынырақ кезде өзімде солай қарайтынмын. «Ақ шағыл», т.б. прозалық кітаптарға, меніңше, тек қана сол /оқиға - сюжет/ детектив жетпеді. Детектив деген көркем шығармаға ауадай керек /егер ол оқиға болса /. Мысалы: Шекспирдің «Асауға тұсауы» - детектив емес пе? «Капитан қызы», «Преступление и наказание», «Собор Парижской богоматери», «Тамянь», «Крейсерова соната» даже и мн. мн. другие. Мәселе оқиғаны кім қалай пайдаланады. Бүкіл Конан Дойл – детектив! Бірақ қандай детектив... Бұл тақырыпта талай тәулік сөйлесуге болады. Қысқасы әлем әдебиетіндегі ең беделді шығармалар, ең алдымен, оқиғаларына бола өлмес дүниелерге айналды. Ал, Паустовскийлер онша көп болмаған.
Детектив дегенің өзін, сөз, термин ретіндегі мәнін де тым тар мағынада түсінбеу мақұл. Детектив болу үшін – кісі өлімі, сұмдық қылмыс, ит ұстаған милиционер, не қазіргі заманның Шерлок Холмосын ойлап шығару /комиссар Мэгреге ұқсатып / міндетті емес. Жорж Сименон – жақсы жазушы. Психология, характер ашу т.б. көркем әдебиетке керекті жапырақтардың бәрі бар. Ал, Конан Дойл кейде тым жалаң, жалаңаш детектив секілді көрінеді. Әйткенмен Конан Дойл Сименоннан әлі де әлдеқайда биік тұр. Бәлкім, уақытты, соған орай адамдары «биік» шығар? Неге? Мен қайдан білейін! Екеуін қайталап, тағы да бір-бір оқып шығып, салыстырып, өзің де бір ойланып көр. Меніңше, детективтің /детективтік шығарманың дегенім ғой / шыңы – «Золотой жук» - өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Сөйтсе де, қандай ғажап, а? Сила и мощь, блеск гениального духа. Гигант! Психологизмнің де, романтиканың, реализмнің де көкесі – сонда Эдгар По шығармаларында. Бірдеңе деген экскаватордың аспанға ұшатыны – фантастикада емес пе? Жалпы, батыс, әсіресе ағылшын әдебиеттерінің әрбір талантты өкілі өздері әрбір тәуір деген шығарма жазған сайын Эдгар Поға жарна төлеулері керек!
8 сентябрь