- Негізгі бет
- Көкжиек
- "Шабыт -2016". Бүгінгі...
"Шабыт -2016". Бүгінгі жас ақындарды қандай ой мазалайды? #2
«Шабыт» фестиваліне қатысқан ақындар «Әдебиет порталына» келіп, бүгінгі әдеби процесс турасында біршама әңгіме өрбіткен болатын. Жастардың дөңгелек үстел барысында білдірген пікірлерінің тағы бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.
Шерхан Талап: Рушылдықтың, жершілдіктің жалауын ұстау жастарға жат қылық болу керек.
Бір ағамыздың айтқаны бар еді, «бізде әдебиет жоқ, әдебиеттің айналасындағы әңгіме бар» деп. Сол өсек-аяңдардан биіктеу болсақ деп ойлайсың. Ағалардың жасаған қателігін біз қайталамауымыз керек. Олардың арасындағы ұрыс-керістің, ескі бір жылғы түсініспеушіліктің бізге ешқандай қатысы жоқ.
Мәселен, өткенде ғана Рахымжан Отарбаев пен Мұхтар Мағауин хақында біраз дау болды. Нақ сол кезде бүгінгі қазақ қоғамының деңгейі, оқырмандардың ой-өресі бір байқалып қалғандай болды. Ол тіпті, рушылдық, жершілдікке әкеп соғып, іштен бөлініп, өзара қырқысқа дейін ұласты. Сонда ойлайсың: ағаларының артынан жалау ұстап, ұрандап кеп ұрыс бастағанның қандай қажеті бар? Бұндай даудың біздерге – мына жастарға қандай қатысы бар?! Отарбаев пен Мағауиннің арасындағы шоқты үрлеп тұтатып, маздата түсу – адамдыққа жата ма? Қала берді әдебиетке деген адалдығымызға сын емес пе? Біз неге мұндай әңгімелерден аулақ болмаймыз? Онсыз да лас қоғамда жанымызды таза ұстайық. Біз таңдаған жол – арлылардың жолы.
Мерген Тоқсанбай: Әр жылы бірлі-екілі мықты ақындар жүлдесіз қайтады
Мен өзім "Шабытқа" осымен төртінші рет қатыстым. Басында жүлде алмай қайтқанда ренжуші ем. Қазір жүлде алмайтынымды біліп барған соң ба, достарымды көргенге қуанып қайтам. Тек əр жылы бірлі-екілі мықты ақындар жүлдесіз қайтып, өлеңі сəл осалдаулар (бəрі де достарым. Бірақ, ақты ақ деу керек!) жүлде алып кетіп жатқанды көріп əлгі əділетсіздерді еркекше үй сыртына алып шыққың келеді. Сосын қойшы дейсің...
"Шабыт" маған көп нəрсе берді. Көп нəрсе үйретті деп ойлаймын. "Шабыттан" соң - Дос таптым, ғашық болдым. Өлең жаздым. Жалпы осындай фестивальдер керек бізге. Пендешілік бəрінде болады. Менде де бар.
Біржан Ахмер: Жаспыз деп қашанғы жүреміз?
Қазақ поэзиясы зау биікке қанат қағу үшін, менің ойымша, біріншіден мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп əлемдік деңгейде поэзия фестивальдары мен жыр мүшəйралары жылына бір рет болсын өткізілуі керек. Онсыз алға жылжымасымыз айдан анық. "Қазақстан барысы" турнирі оған дəлел. Бұл жарыс болмай тұрғанда күрес қандай деңгейде болды, қазір қандай деңгейде? Саралап көріңіз. Екіншіден, ақындарымыз классикалық туынды жазуға талпыну керек. Жаспыз деп қашанғы жүреміз? Кезінде қыршыннан қиылған Төлеген Айбергенов отыз жасында, Қайрат Рысқұлбеков жиырма екі жасында дүниеден өтсе де, келер ұрпаққа классикалық шығармалар қалдыра білді.
Үшіншіден, ақындардың арасында күндестік болмағаны лəзім. Мұқағалидің өзі "күндес таласқан өнерің өнер болмайды" демеп пе еді? Ендеше, ақындар бір біріне қызғанышпен емес, қызығумен қараса қандай жарасымды!
Қорытындылай келе, қазақ поэзияна қара бұлт үйірілмей, керісінше аспаны адуынды ақындармен жарқырап тұрса екен деп тілек тілейміз.
Қуаныш Оспан: Таланттарды журналистика құртып жатыр
Меніңше, Тәуелсіздік алғаннан соң қазақ әдебиеті екі бағытта жақсы дами бастады. Поэзия мен проза да. Ал драматургия мен сын бәсеңдеп қалды. Қазақ тәуелсіздік алғаннан кейін поэзияға қалам тартқандар буын-буынымен келе бастады. Енді қазақ "атқа мінгеннің алты ауыз, түйеге мінгеннің төрт ауыз өлеңі бар дейтін ақын халық қой, Прозада аз болғанымен Асқар Алтай, Дидар Амантай сиякты мықты-мықты қаламгерлер келді. Антикалық, түркілік әдебитін зерттеуге, бойлауға барды. Бірақ қаламақы мәселесі қиын, сол себепті жастардың ізденіске баруға мүмкіндігі жоқ сияқты. Сондықтан көп таланттарды журналистика құртып жіберіп жатқан сияқты, қолдау керек жастарды!
Дереккөзі: adebiportal.kz
Н. Айдархан