Әбіш Кекілбаев туралы айшықты ойлар

Әбіш Кекілбаев туралы айшықты ойлар
Фото: av.kaznu.kz

Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев туралы білмейтін қазақ кемде-кем. Бүгін назарларыңызға жазушы туралы айтылған орамды ойлар топтамасын ұсынамыз.

***

Әбіш — қыры мол ірі дарын. Ол сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал, бір Әбіштің бойында тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды.

 Марал ЫСҚАҚБАЕВ

***

Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев – суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне, тіпті де, таңдануға болмас. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын.  

Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ


***

Әбіш Кекілбаев… XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі.

 Манаш ҚОЗЫБАЕВ

***

Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірек пен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді.

 Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ

***

Тарихқа арналған шығармаларды жазудың тек композициялық құрылысы, сюжеттік мазмұны, тарихи реалийлердің көрінісі жағынан ғана емес, тілдік-стильдік сипаты жағынан да әр алуан болып келетіндігін және бұндай жоғары сатыға қазақ көркем әдебиетінің де жеткендігін Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы анық көрсетеді.

 Рабиға СЫЗДЫҚОВА

***

ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған ұлттық әдебиеттегі жаңа дәуірді еске алсақ, «Әбіш шыңы» осылардың дәп ортасында, биікке самғап, қол жетпейтін өрде тұрғанын бүгін әрқайсысымыз-ақ мойындаймыз.

 Серік ҚИРАБАЕВ

***

Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз.

 Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

***

Ә.Кекiлбаевтың көркемдiк палитрасының қуаты мен қасиетi де осында — ол ежелгi аңыз-әңгiмелердi бүгiнгi күннiң елегiнен өткiзiп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгiмелерден күллi адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына бүгiнгi күннiң жарық сәулесiн түсiредi. Кекiлбаевтың суреткер ретiндегi ерекшелiгiнiң бiр парасын осы төңiректен iздеуiмiз керек.

 Герольд БЕЛЬГЕР

***

Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев біреу-ақ! Мұны оның қаламдас ағалары мен замандастары ерекше атап айтады. Шындығында да солай! Бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ! Мұны оның қаламдас інілері ерекше меншіктеп, ерекше теліп айтады. Ақиқатында осылай! Ежелден біртұтас қазақ әдебиетінің арғы-бергі немесе келешектегі тарихын алсақ та, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы бәрібір біреу-ақ! Мұны өздерінен бұрынғылардың бәрінен асып туған болашақтағы қаламдастары айтатын болады. Тарих тағылымы әрқашан осылайша ғой. Сонымен, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!

 Сайлаубек ЖҰМАБЕК

Н. Айдархан