- Негізгі бет
- Көкжиек
- Әзілхан Нұршайықовтың махаббат...
Әзілхан Нұршайықовтың махаббат жайлы афоризмдері
Қазақтың қаламы қарымды қаламгері Әзілхан Нұршайықовтың қазақ қыздары, қазақ әйелі жөнінде айтқан ойларымен көпшілік қауым жақсы таныс. Жазушының шығармашылығы жөнінде толық айтып жатпай-ақ, бір ғана шығармасы "Махаббат, қызық мол жылдарды" айтсақ жетіп жатыр. Бұл роман оқырманның, әсіресе жалынды жастардың ерекше сүйіп оқитын махаббат гимніне айналды. Жазушының махаббат жайлы айтқан афоризмдерін оқи отырыңыздар!
Қыздар бос куйеу тапқанына емес, дос күйеу тапқанына қуануы қажет. Жігіттер кино, театрға баратын жолсерік қана емес, жан серік тапса ғана бақытты... Ұзақ сөйлесіп, сыйласып, сырласып, әбден біліскеннен кейін, шын сүйетініне, бірігіп, жарасты өмір кешетіндеріне анық сеніскен соң ғана бір-біріне ләззат құшақтарын ашса абзал. Кіршіксіз, таза махаббатың тәттілігі сол болмақ.
Махаббат қадірін білмейтін адамда адамгершілік сезімі болмайды, ал адамгершілігі жоқ кісінің жүрегін махаббат мекендемейді.
Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу.
Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігітке оның жымиғаны да жетіп жатыр.
Өмірде мінсіз кісі болмайды. Қызға жігіт 100% жақсы боп ешқашанда кездеспейді. Жігітті 100% жақсы ететін əйел ғана.
Күшті махаббат қана күйеудің бойындағы кінəратты жеңеді. Күшті махаббаты бар ақылды, сабырлы əйел ғана жаман жігіттен жар жасап алады.
Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
Екі адамның бір-біріне шын ықылас пен қалтқысыз қызмет етуі, не араларындағы адал махаббаттың, не асыл достықтың арқасы.
Сүйіп үйлену ғана қызық. Әдемілігіне ғана қызығып үйлену базардан керексіз нәрсені жақсы болғаны үшін ғана сатып алғанымен бірдей.
Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.
Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат, ал жеткен жеңісті баянды ету – одан да қымбат.
Қыз – әр халықтың асыл қазынасы. Ол өз халқының қанын жүрегінде сақтап, оның жанын болашақпен жалғастырады.
Ж. Жұмағұлов