Мұзафар Әлімбаевтың мақалға айналған мәнді ойлары

Бұл күнде халық арасында кең қолданылып жүрген аталы сөздердің авторларын көбіне біле бермейміз. Естісек те, есімізде қалмаған болар. Әсіресе «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген күнделікті ауызекі қолданысқа еніп кеткен ой орамдарының иесі ақын Мұзафар Әлімбаев екенін көбіміз білмеуіміз де мүмкін.

Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, публицист, әдебиет зерттеушісі, аудармашы, қазақ әдебиетінде соғыс сұрапылын бастан кешіп келген қаламгердің ой орамдары қашан да мәнін жойған емес. Бүгінде халық жадынан орын алып, күнделікті қолданысқа еніп кетті. Мақал-мәтел ретінде айтылып жүргендері жетерлік. Олай болса ақынның осындай мәнді ой орамдарын назарларыңызға ұсынғанды жөн санап отырмыз.

***

Он күндік істі бір күнге сыйғызу – зорлық,
Бір күндік істі он күнге созу – қорлық

*** 

Мықтының мұңы да – мылқау.

***

Шәкіртке ұстаз болу – ірілік, ұстазға ұстаз болу – ұлылық.

***

Ескерткіш тозса да, естелік тозбайды.

***

Үйлену оңай, үй болу қиын.

***

Мақал – сөздің атасы.

***

Түйірдей болса да, түйінді ойың болсын.

***

Масқарадан ажал да ақтап ала алмайды.

***

Жүзіктің өзінен де – көзі қымбат
Ақынның сыйлығынан – сөзі қымбат.

***

Бас иілмесе – тізе бүгілмейді.

***

Тозған сөзде – тозаң көп.

***

Ұлтын білгің келсе – ғұрпын біл.

***

Ерден ердің артықтығы – білігі,
Елден елдің артықтығы – бірлігі.

***

Кішілікке жараған – кісілікке де жарар.

***

Шыншыл қалам шымыр жазады.

***

Ынтымақ елдікке жеткізер,
Елдік ерлікке жеткізер.

***

Аздың азаншысы болғанша, көптің қазаншысы бол.

***

Жұмыла көтерген жүк жеңіл.

***

Ұста сөз – ұстаз!

***

Ұстаз ұқтыра алмағанды өмір ұқтырады.

***

Өшіргіш өзгені де өшіреді, өзі де өшеді.

***

Өтіріктің арбасы шындықтың көпірінен өте алмайды.

***

Мақал-мәтел маржан сөз,
Қоса көрме арзан сөз.

***

Ебі жоқ дәрігердің – емі жоқ.

***

Жақсының бәрі – жан туыс,
Жаманның жаны – тар қуыс.

***

Жан қимақ бар – жар қимақ жоқ.

***

Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен.

***

«Осыны мен неге жазбадым екен» делінген жыр ұзақ жасайды.

***

Әр Төлегеннің – өз Жібегі бар.