Жұбан ақын жайлы ой-толғамдар

Жұбан ақын жайлы ой-толғамдар
Фото: oraloniri.kz

Жұбан Молдағалиев - қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет қайраткері. Оның "Мен — қазақпын" поэмасы қазақ даласын дүр сілкіндіріп, әлсіз рухқа жан бітірген, кеуделердегі сенім шоғын үрлеген үлкен шығарма. Ақынның өлең-мұралары ұрпақ жадында сақталары сөзсіз. Сәл шегініс жасап көрелік. Жұбан қандай ақын? Оның ерекшелігі неде?

***

Ақын Жұбан Молдағалиев бүгінгі күннің ең актуальды мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант.                                                              

Ғ. Мүсірепов

***

Жұбан поэзияда оңай жолды іздемейтін, өз творчествосына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті  айнытпай ту етіп көтерген қалам қайраткері. 

С. Шаймерденов

***

                  ...Бар қазақ Жұбанға сенбеп пе еді,

                  Ақынын пайғамбардай көрмеп пе еді,

                  Есінен туған елдің шығар қалай

                  Жырыңмен жас ұрпағын тербеткенің....!

 Ә. Тәжібаев

***

Жұбан Молдағалиев лирикасы – мол дүние, әрі алуан сипатты сырлы жырлар.

М. Әлімбаев

 ***

Жұбан Молдағалиев – қазақ поэзиясындағы, әдебиетіміздегі ірі құбылыс. Ол – Оралдың ғана ақыны емес, қазақтың Жұбаны.

З. Қабдолов

***

Туған республикамыздың құрдасы Жұбан бүкіл саналы өмірін Отаны мен отандастарының бақытты жолына арнады.     

С. Қирабаев

***

                    ...Атақ үшін – кеше сенен қызғанған-

                    Ағайындар таласып жүр өзара

                    Бірақ олар тектен-текке алқынар

                    Келер ұрпақ басқашалау талпынар

                    Дегенмен біз бақыттымыз Жұбаға

                    Даласы бар,

                    Даладай кең халқы бар!

Қадыр Мырза Әли

***

Жұбан Молдағалиев – қазақтың жыр дүлділінің бірі, қазақ поэзиясында өз дауысы, өз мәнері, өлеңдегі өз бағыты қалған ірі дарын.

Мүсілім Базарбаев

 ***

Поэзияда да, өмірде де, қуанышта та, қиын шақта да ол Жұбан екен. Жұбан аға екен. Мың өліп, мың тірілген, суыққа тоңған, ыстыққа күйген жан екен. Бірақ мынау келте өмірде алған бағытынан, адалдығынан қайтпапты. Еліне, халқына ол сонысымен мәңгілік ардақты, мәңгілік қадірлі.

Д. Нұрмұханбет

 ***

Жұбан мұрасы – келешекте де жұртшылық кәдесіне аса беретін аса құнды мұра. Ол жылдар озған сайын бүкіл бітім-болмысымен, мәнімен де, нәрімен де жарқырай түсетін асыл қазына.

С. Сейітов

Н. Айдархан