- Негізгі бет
- Көкжиек
- Оралхан айтатын еді......
Оралхан айтатын еді...
Ахат Жақсыбаевтың "Жаны жайсаң жақсылар" атты естеліктер мен ойтолғамдар кітабында Оралхан Бөкей туралы әдемі естелік бар. "Оралханды ойласам... ақ жарқын, адал достың бейнесі көз алдыма келеді. Әлі де тірі, бірақ ұзақ сапарға жолаушылап кеткен секілді көрінеді..." дейді автор. Ертең - Оралхан Бөкейдің туған күні. Аталған күнге орай "Оралханды ойласам..." эссесінен үзінді ұсынуды жөн көрдік:
...Ақылды адам жалғыздыққа жиі ұрынады. Себебі орта орташа болғанды ұнатады. Ал ол болса солармен іштей ерегескендей қиқар мінезбен қыңыр сөйлеп, тиіскісі келіп тұратын. Ал оны сөзден жеңу қиын. Бәрін өзі танып-біліп тұрған соң біреуден ақыл сұрап қайтеді. Сол өзімшіл, менмендігі үшін де біреуге ұнап, біреуге ұнамады. Өзі ешкімді ұстаз тұтпады. "Мен университетті сырттай оқып бітірдім" деп кекесінмен күлетін.
Астарлы сөйлейтін еді. "Өзің түсініп ал" дегендей айтатын да қоятын. Оралханның жаныңда сен де байқап сөйлеуің керек. Артық сөзге жібермей, ұнамаса тыйып тастайды. Тіл жетеді. Тайсалмай бетке айтады. Қашанда әділін айтады. Ашулансаң да, жарылып кетсең де, мейлі. Сол Оралханның кейде иіні жұмсақ. Айтқанға көне қалады. Ашуға булығып тиісуге дайындалып келген адамды түк болмағандай күліп қарсы алғанын талай рет көрдім. Ал кейде біреулерге өзі әдейілеп барып тиісетінін де білетінмін. Бірақ ұрыншақ емес еді. Өз атына лайық дегендермен ғана сөз таластырып, мінез көрсететіні бар. Бұл айтылғандар Оралханның мінез қырларының кейбір көріністері ғана.
Оралхан айтатын еді:
"Алыста жүрген менің тілеуімді тілеп, анам: "Жалғыз ұлдың табанын жерге, арқасын елге тапсырдым" дейтін. Сөйткен ана Алматыдағы Оралханның үйіне бір рет те келе алмапты. Себебі, ет жеңді, жүріп-тұруы қиын. Жол қиындығын көтере алмайды.
Оралхан айтатын еді:
"Менде нағыз дос жоқ, әріптестер мен достар, жолдастар ғана барын кейін білдім. Сол секілді менде ішек-қарыны араласқан, жалғыздығы мен жанымды түсінетін туыс жоғын да кеш сездім. Менде өзімнен басқа ештене жоқ, тіпті творчествома да ешқашан қанағаттанған емеспін. Бұл түңілу емес, өмірге, өз-өзіңе түңілу".
Оралхан айтатын еді:
"Әлемдегі мақтаулы әдебиеттің айдарынан жел ескен шоқ туындыларын жұтынып-ақ қолға аламын. Амал қайсы, қызықтырмайды. Бәрі баяғыдан белгілі дүние сияқты, таңқалдырған емес. Содан соң ой айтқан тұстарын шолып, аттап-бұттап, парақтай бастаймын. Ал, керісінше, танымдық әдебиеттер көп тартады. ...Өзім де соларша жаза алатын сенім мен сезім неге басым екен менде..."
Оралхан айтатын еді:
"Мен замандастарымның ішіңдегі білімдарлығы жоғары, әдебиет ауылына Әуезовтік дайыңдықпен келген екі жігітті бөлекше атағым келеді. Олар Әбіш (Кекілбаев) пен Мұхтар (Мағауин)".
Оралхан айтатын еді:
"Мен әр шығармамды жазуға отырған сайын ең алғашқы әрі ең ақырғы шығармаға кіріскеңдей толқып, жүрексінемін".
Оралхан айтатын еді:
"Халықты қалқан тұтатындар бар; халыққа қалқан болатындар бар" деп. Иә, Оралханның айтатыны көп еді...