Тілеуке Құлекеұлы қалай "Шал ақын" атанған?

Тілеуке Құлекеұлы қалай "Шал ақын" атанған?
Фото: islam-orkeniet.kz

Шал ақын 1748 жылы Көкшетау жерінде дүниеге келген. Ақынның ес біліп, есейген өңірі – қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы. Әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Ал анасы - үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы.

Шал ақынның шын аты – Тілеуке. Бірақ ел арасына жастайынан-ақ "Шал ақын" болып танылған. Ол жасынан сөзге үйiр, шешен сөйлейтiн тiлге дiлмәр, ойлы жас болып көзге түседi. Ал "Шал ақын" деп танылуы туралы ел ішінде бірнеше нұсқадағы әңгімелер бар.

Тілеуке Құлекеұлының "Шал ақын" деп танылуына кiшкентайынан үлкендерше сөйлеуi, төрде отырып төрелiк айтқаны себеп болған деседі. Енді бір нұсқада ақынның "Шал" атануы "Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң" деген өлеңінің шығу тарихымен байланыстырылады. «Бұл өлең – Тілеукенің тұңғыш өлеңдерінің бірі дейді» - дейді ақын шығармашылығын зерттеушілер.

Бірде хан Құлеке батырдың бәйге алдын бермейтiн жүйрiк атын сұрап алып, кейiн қайтармай қояды. Күндердің күнінде Құлеке атын сұрауға барғанда баласы Шалды ерте барады. Хан бала Шалдың көзiнше: "Iшi боқ, сырты түк сол мәстектi осыншама неге сұрай бересiң?” - деп әкесіне сөз айтады. Шал таңертең ерте тұрған ханның табынға ере алмай қалған бiр қозыны арқалап бара жатқанын көрiп қалады. Кетерiнде хан екен деп қысылмай, өлеңдетiп, малжандылығын бетiне басады.

Өлеңге тоқтамайды Шал дегенiң,

Болмайды қойға пана тал дегенiң.

Таң ата жалаң аяқ тоқты арқалап,

Хан ата, қалай екен мал дегенiң?

Сыйлайды ханымыз деп үлкен-кiшi,

Бiреудiң хақын жемес жақсы кiсi.

Тақтағы хан, топтағы бидi еңкейткен,

Хан ата, қалай екен малдың күшi? - дейдi.

Өлеңдi естiген хан Құлекеге: "Мына балаң маған үлкен адамдарша сөйледi, тумай жатып қартайған бiрдеңе ғой”, - дептi. Сөзден ұтылған хан Құлеке батырдың бәйге атын қайтарған екен. Хан алдында айтылған бұл өлең ел iшiне тез тарап, Тiлеукенiң Шал аты мен ақындық атын қатар шығарған екен.

Ө. Сансызбай