Мұхтар Мағауин «туған күн» мен «туылған күн» жайлы не дейді?

Мұхтар Мағауин «туған күн» мен «туылған күн» жайлы не дейді?
Фото: vk.com

Жақында көрнекті жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым, филология ғылымдарының докторы, Мемлекет сыйлығының лауреаты (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1996) Мұхтар Мағауиннің «Туылған мен өлінген» деген мақаласы жарық көрді. Мұнда қазіргі сөз мәдениеті мен тілдік қолданыстың өзекті мәселелері айтылған. Соның ішінде көпке дейін айтылып, жазылып жүрген «туған күн» мен «туылған күннің» де ара жігін ажырата кеткен. Олай болса мақаланың осы бір тұсын оқырмандар назарына ұсына кетуді жөн санап отырмыз.   

***

Туылған!.. Қазақ тілінің табиғатына жат, түйеден түскен емес, жер астынан жарып шыққандай, сұмпайы, сөлекет сөз. Заманымыздың заңғар тұлғасы, әлемге әйгілі ұлы ақынымыз Мүнхаузен пәленбайыншы жылы туылған. Ол туылған, мен туылғам, сен туылғансың!.. Сұмдық қой. Тіл бұзу ғана емес, түйте-долаң сауат­сыз­дық көрінісі. Арыдағы мың жыл­дық эпостарымызды айтпайық, қазақ әдеби нұсқалары таңбаға түскен соң­ғы екі ғасыр бойы… Абай… Шәкерім… Мұхтар Әуезов… Мысал келтіріп, дә­лелдеп жатудың өзі артық болар еді. «Туғанда дүние есігін ашады өлең…». «Бар – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек…». «Анадан алғаш туғанда – Жыладым неге дауыстап…» «Мен 1897 жылы… Шыңғыстауда тудым». Қалыптасқан ауызекі тіліміз тұрыпты, арғы-бергі жазба нұсқалар­дың өзінен мың сан мысал келтіруге болады. Сөз білетін, жөн білетін ағайындар кейіс­пен, ренішпен жазып та жатты. «Туыл­ған» бейбақ кең дүниеге жаңа келген, шамасы бұдан бес-алты жыл бұрын. Одан кейін және дәп бүгінгі күні. Ешқандай нәтиже шықпады. «Туыл­ған» жұрттың берік сенім, нақты дәле­лі бар. Қалай айтсаңыз да бұрынғы қазақ білмеген, жазарман атаулы жаңылысқан. Бала өз еркімен, өзінен өзі тумайды ғой! Туылады! Анасы туа­ды. Міне, керемет. Мал – ұрғашы мал ғана туады. Әйел – табады. Бұрын­ғының анасы. Бес бала тапқан, он бала тапқан. Қазір де жалғыз-жарым баласын. Басқасын жиып қойғанда, өткен замандарда ешкім олай айтқан жоқ, олай жазған жоқ. Дәп осы арада ешқандай қисыны келмейтін ырықсыз етіс емес, қазақ тілінің грамматикалық ішкі заңдылықтарына сәйкес қалып­танған есімше сөз. Бұрнағы берік тұрғы, кейінгі ақылға сыйымды лепес атаулыны жиып қойдық. Жағалай «туы­лып» жатыр. Жекелеген қолда­ныс­­тан озып, жаппай қатарға енді. Қазіргі қазақ сайттарының бәрі дер­лік, ағымдағы баспасөздің көпшілігі, тіпті, кейбір, әжептәуір саналатын жазу­шы­лардың өзі тынымсыз «туы­луға» көш­кен. Ақыры, егемен еліңнің шекарасынан өтіп кетті. Бұл жақтағы алаштың жақсысын танымай, жаманын қасиет тұтатын қытай қазақ­тарына барып жетті, және мен қада­ғалап отыратын сайттарында жаппай қолданысқа түсті. «Туылғанға» дауа жоқ екен. Ен­де­­ше, келесі саты – «өлінген!». Адам әдетте өз ырқымен өлмейді ғой. Ауру-сырқау ма, көл­денең пәле, немесе аштық пен кәрілік пе – «өлінеді!». Абай: «Адам жылап туа­ды, кейіп өледі» – деп еді, Шәкерім қажы: «Ту­ған жан өлмек, – Тағдырға көнбек!» – деген, ал күні кешегі Қа­сым: «О да­риға, алтын бесік туған жер!.. Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, – Арманым жоқ бұл дүниеде дер едім…» – мүлде қате: «…Жылап туылады, кейіп өлінеді», «Туыл­ған жан өлінбек», «Туылған жер… Сенде туылдым, сенде өлін­сем…» – деп айтулары шарт екен. Уақа емес, келесі бір басылымдарда түзетеміз! Ендеше, бүгінгі білікті қаламгер тіршілігінде, яғни өлінгенге дейін өзінің бар жазуына ие болуы керек. Оның ішінде біз де. Кейбір жеке басылымдарда, тіпті, ғұзырлы редактор ғана емес, еркін ойлы, білгір корректорлар сөйлеміңді оңдап, сөз­дерің­ді түзетіп жатыр, осы ретпен сен де бір күні «туылып» шы­ғуың әбден мүмкін. «Туылған» жанның «өлінбегі» хақ болса, әзірге жаңаша түрленбей тұрған «тіршілігіңде» ша­маң келсе, қаптай «туылған» сөз жен­деттерінен сақтанып, бар жазуың­ды қызғыштай қорып отыру қажет сияқ­ты. Жалғыз біз емес, жазатын, жазбайтын, әйте­уір шәлдіріксіз, түзу сөйлей алатын, басы тұнық барлық жұртқа қатысты лепес.

Сонымен, қыжыртпай айтсақ, «туылған» – тіл мәдениетінің айна-қатесіз жаңа бір өлшемі: «туылған» жүрген жерде сауат та, түйсік те жоқ, қара қасқа надандық қана бар. Ең сыпайы сөзіміз деп біліңіз.

Кез келген халықтың тілі – аса күрделі категория. Заман озған са­йын өзгеріске түседі, жаңғырады, жаңарады. Бір пара сөздер әртүрлі себеппен қолданыстан шығады, жаңа ұғымдарға сәйкес жаңа сөздер қалыптанады. Мұның бәрі – табиғи жағдай. Алайда ғасырдан ғасыр өтіп, дүние қаншама құбылса да, тілдің сол ұлтқа тән фонетикалық құрылымы, жіктеу, септеу ерекшелігі, ұғым жүйе­сі бұзылмайды. Негізгі лекси­калық қор – атау сөздер сақталып тұрады, «ақ» – ақ болып, «қара» – қара болып қала бермек. Бұл көпе-көрнеу ақи­қатты еске салып отырға­нымыз, бү­гінгі қазақ басылымдарында көне заманнан келе жатқан ба­йырғы сөз­дердің кейбірі бұрмаланып, жаңсақ, тіпті, қарама-қарсы мағынада қолда­ныла бастады. Бұл жағы да түйсікті жазармандар тарабынан, ішінара болса да қаперге салынып жатыр, бірақ оңалып кеткен ештеңе жоқ. Бүгінгі қазақ қауымының «егемен» ерекшелігі, қайда қитар, қотыр мен соқыр болса, соған әуес. Судыр суайтыңыз – әлемдегі ең шыншыл адам болып көрінеді, аяр мен жалтақ – қайтпас қаһарман ретінде танылған, ұлтсыз жандайшап сатқын – күрескер, халқыңның ең адал, ең құрметті тұл­ғасы. Және керісінше. Сөз жайы да осы орайда. Жүз мәрте айтылып жатса да, мыйға қонбайды. Енді өзіміз көптен байқаған, біразы жаңадан тіркелген, кейбірі бізден бұрын да ескертіліп, нәтиже бермеген, қайт­кенде де бүгінгі бұзылған тілдің бар кетігін түгендей алмайтын, бірақ айт­пауға болмайтын, азды-көпті анық­тамалар. Оңтайлық үшін әліпби ретімен берейік.

О. Сансызбай