- Негізгі бет
- Көкжиек
- Ерлан Жүніс: Кітап...
Ерлан Жүніс: Кітап жеуге жарамайды, әйтпесе, оқырман көбейер еді #2
Халықтың сүйікті ақынына айналған Ерлан Жүністің өлеңдер топтамасын бірнеше рет ұсынған едік. Ақын өлеңмен бірге, философиялық ойлар, қанатты сөздер де жазады. Оның әрқайсысын түсіну үшін терең ой, ұзақ уақыт қажет.
Ат үсті:
*Бала мен кітаптың отпен ойнауы – өрт қаупін туғызады.
*Кітаппен біреудің басынан ұрғаннан ол данышпан болып кетпейді.
*Екі оқырман дауласса, автор жапа шегеді.
Екі автор дауласса, оқырмандікі – дұрыс.
*Аш авторлардың қоғамы құрылса, олардың антиподы кітаптары болады.
Аш кітаптардың қоғамы құрылса, олардың антиподы авторлары болады.
*Кей кітап оқырманды оқиды.
*Кітаптың сыртқы пошымының автордың пошымына түк те қатысы жоқ.
*Кітапханашылар ерте қартаяды.
*Кітап оқу деген сөз кітап оқығанды білдіре бермейді.
*Автордың өз кітабын өзі оқуы оқырманы жоқтықтан емес.
*Оқымай-ақ қойыңыз, бәрібір авторы көріп тұрған жоқ…
*Жеке кітапхана – махаббат галереясы. Ол жерге ғашығыңның ғана суретін қоясың.
Сондай-ақ, жеке кітапхана – өзіңнің жеке жындыханаң.
***
*Ақын өз жанын халықта сақтайды;
*Отызға жетпей өліп қалардай отпен ойнай берме, өлмей қалсаң, ұят болады: Мұса Құдайды іздеп барып, өзіне жолыққан.
*Өзгенің өлеңінен алған әсермен өлең жазба: жауған жаңбыр – жаңбыр, жапырақтан аққаны – тамшы ғана.
*Жау іздеме, досыңды жоғалтасың: мылтық басылғанша күт, оның оқталмаған болуы мүмкін.
*Эзотерика мен метафизика, алхимия мен психоанализ сенен артық түсіндіріп бере алатын құбылыстарды жырлама, ғылым түсіндіріп бере алатын нәрсе – поэзия емес.
*Кітабыңды бірнеше ылғалдан қорға, әсіресе, спирт пен көз жасынан.
*Өзіңнің ұлы ақын екеніңе сен, бірақ, өзгелерді сендіруге тырыспа. Неэтично!
*Кітаптарды ғасырларды сапырылыстырып оқу керек. Ол – уақыттар аралығында көшіп жүру секілді сезім сыйлайды. Уақыт машинасы – кітап.
*Мамонт аулайтын найзаны қоянға лақтырма: белгілі бір идеяны аша алмайтыныңды сезсең, кейінгі ғасырға қалдыр.
*Белгілі бір тақырыптарды меншіктеме: айға ту тігу – оның сенікі екенін білдірмейді.
*Атыңды қалдыруға тырыспа, шығармаңды қалдыр. Шынтуайтында, ең ұлы ақындар эпостар дәуірінде өмір сүрген.