- Негізгі бет
- Көкжиек
- Оноре де Бальзак...
Оноре де Бальзак өмірі жайлы бірер сөз
Еуропалық әдебиетте реализмнің негізін қалаушы Оноре де Бальзак өмірі жайлы қилы деректер мен аңыз-әңгімелер көп. Әдебиеттің бір топ өкілдері оны өз биігіне көтерсе, заманында аяғынан тартып шалғандар да болды. Жазушыны өміріндегі көп кедергілер мойыта алмаған. Оның осы бір әлемі мен әдеби әлемі болды. Әсіресе әдеби әлемде өмір сүргенді қалады. Кейде кейіпкерлерімен тілдесіп те жүретін деп жазады замандастары. Тіпті дүниеден озар алдында сандырақтап жатып «Адам комедиясы» эпопеясының кейіпкері, дәрігер Opac Бьяншонның атын дауыстап шақырып, «Бьяншон осында болғанда, мені аман алып қалар еді! депті», – дейді. Бұл да Бальзак өмірінің бір құпиясы болса керек.
Оноре де Бальзак әдебиет әлемінде үлкен мұра қалдырған жазушылардың бірі. Есімі танылып, мәшһүр болған Бальзактың шығармаларын бүкіл Париж жұртшылығы асыға күтетін болған. Баспагерлер оның шығармасын басуға асық тұрған. Жазушы да жазудан жалыққан емес. 51 жылдық ғұмырында 98 кітап жазған. Ал кейіпкерлері саны 2000-нан асып жығылады екен.
Француз жазушысының жалығуға да мұршасы болмады. Соншама шығарма жазғанмен, байып көрмеген. 1834 жылы жазған күнделігінде «жарты жыл тынбай еңбектенсем, бар қарызымнан құтыламын» деген екен. Араға бір жыл сала «енді бір 5 ай қиналсам, қарызым қалмайды» - деп бір түртіп қойған. «Егер 1 жыл ішінде қарыздарымды құтылмасам, сығылған ысқыш секілді боларым сөзсіз» - деп 1836 жылдың маусымында жазған. 1836-1837 жылдары Бальзактың 4 роман, 4 повесті мен өзге көптеген мақалалары жарық көрген. Бірде бір түн ішінде 15 000 сөзден тұратын шығарма жазып шыққан. Жазушының минутына 30 сөз жаза алатын қабілеті болған. Cондай-ақ қараңғыда жазуды ұнатқан. Тіпті күндіздің өзінде перделерді жауып, майшаммен отыруды көңілі қалаған. Ең қызығы сол, 18 сағат бойы жұмыс барысында халат киетін болған. Бұл да жазушының біреу білсе, біреу біле бермейтін қасиеттерінің бірі.
Бірде Бальзактың үйіне ұры түседі. Қараңғыда оның жұмыс үстелінің тартпаларын ақтарып, ақша іздейді. Мұны сезген жазушы жатқан қалпында дауыстап: «Ол тартпалардан түнде түгіл, күндіз өзім де ақша таба алмаймын» - деп айқайлаған екен.
Жазушы қарыздарынан құтылу үшін де тынбай еңбектенеді. 1837 жылы көп қарыздарынан құтылып, Париждің оңтүстік-батысынан жер сатып алады. Сонда шағын кәсібін бастағысы келеді. Өзі «Ле Жарди» деп атаған аймақтағы шағын үйі қаңыраған қалыпта болса да, зәулім сарай санады. Қабырғаларына көмірмен «мұнда Обюссон кілемдері», «мұнда трианондық стильдегі есік» деп жазып қойды. Жазушы Рафаэль, Тициан мен Рембрандтың да туындыларын өз қабырғасында ілініп тұрғанын елестетумен болды. Кейіннен мұнда тұрақтап қалмай, Сардинияға күміс кенін іздеуге аттанады. Ал шағын кәсібі мен қиялындағы зәулім сарайы арман күйінде қалады.
Оноре де Бальзак түріктің қою кофесінен ішіп тұрмаса, басы ауырған. Ел аузында ұлы жазушының күніне 50 шыныаяқ ішкені, егер кофе қайнатуға мүмкіндігі болмаса, оның орнына, кофе дәндерін қолына алып, құштарлана шайнайтыны да айтылады.
1832 жылы Оноре де Бальзакқа белгісіз біреуден хат келеді. Ол хаттың сыртында «Беймәлім жан» деген жазу болыпты. Бейтаныс жанның Одессадан келген хаты Бальзактың қызығушылығын оятады. Ол – граф Венцослав Ганскийдің әйелі Эвелина болатын. Хат арқылы басталған хал-жайдың соңы махаббатқа ұласады. Олар 16 жыл бойы хат алысып жүреді. Эвелина неміс және ағылшын тілінде өте сауатты сөйлеген. Әрі француз тілін де еркін білетін болған. Ал арадағы ғашықтық хаттары француз тілінде жазылған.
Эвелина Ганскаямен отау құрып, өмірінің соңын бірге өткізгенімен, Бальзак бақытты ғұмыр кешті деп айтуға тағы болмайды. Ауыр науқастан көз жұмған Бальзактың өлімінен кейін де Ева Ганская (Бальзак өзінің сүйіктісін Ева деп атаған - А.Х.) өзінен көп кіші әдебиетші жігітпен бас қосып кеткен.
Бальзактың өміріндегі Эвелина Ганскаямен жазылған хаттардың көбі сақталмаған. Оны Оноре де Бальзак сүйіктісінің өтініші бойынша отқа өртейді. Бальзактың өліміне Ганскаяны кінәлағандар да аз болмаған.
Оноре де Бальзак француз әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетінің қорына елеулі үлес қосқан тұлға. Кезінде Оскар Уайльдтың «ХІХ ғасырды ойлап тапқан Бальзак» деуінің тегін емес.
О. Сансызбай