Ілияс Жансүгіров Абайдың сөз өрнегін қалай бағалаған?

Ілияс Жансүгіров Абайдың сөз өрнегін қалай бағалаған?
Фото: esquire.kz

Ұлы Абай шығармашылығын оқымаған, оған арнап қалам тербемеген ақын-жазушы кемде-кем. Алғаш болып Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деп мақала жазса, кейіннен бұл жолды қазақтың бір топ зиялы өкілдері жалғастырды. Олардың қатарында Ілияс Жансүгіров та бар болатын. Ендеше қазақтың көрнекті жазушысының «Абайдың сөз өрнегі» атты мақаласын оқи отырыңыздар.

Абайдың алдындағы казақ әдебиетінің үлгісі — батырлардың жырлары, билердің, шешендердің сөздері, жыраулардың толғауы, ақындардың айтысы, араб-парсының ескі қисса, ертегілеріел әдебиетінің түрлері еді. Абайдан бұрынғы заман әдебиеті — сол ескі жұртшылықтың заман бетінен торыққандығынан туған әдебиет еді. Абай, негізінде, осы жұртшылықпен қайнасып, осы әдебиетпен аяқтасып жаткан ақын. Бірақ Абайдың басына біткен қайшылык Абайды ескі заманға күйіндіре отырып, жаңаның бағытына жырлаттырады.

Өміріне карағанда, Абай өлеңге бала жастан-ақ ауызданыпты. Өлеңді шу дегенде арабшадан бастайды: араб, парсы, шағатай ақындарына сыйынып кіріседі:

Физули, Шамси, Сайхали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз — бұ һәммәси

Медет бер я шағири фәрият.

Бұл — Абайдың 1858-1859 жылдардын бірінде жазған өлеңі. Абайдың бұл кездегі өлеңі тіпті аз. Болған бірлі-жарым өлеңінің ішінде арабтың, парсының шұбар тілімен бүлдіре жазған өлеңі де бар:

Иузи — раушан, көзі — гауһар,

Лағилдек бет үші ахмар,

Тамағы кардан әм биһтәр,

Қашың кұдірет, қоли шәгә… - деген өлеңі және алиф-бидің ғарпімен қызға жазған өлеңі Абайдың алғашқы тілін көрсетеді. Басында ол кездегі әдебиеттің тілі де, түрі де осыған айналып та еді. Әсіресе Абай ауылы сияқты молда, қожалы ауылда, Абай оқыған Семей молдасының, дін мектептеріндегі елге тарайтын түрлі кітап өлеңінің тілі осы еді. Абай мұны ер жетпей тұрған кезінде алса да, ертең-ақ тастап кетеді. Ол кітаптың тілінен жұлқынып шығып, тыңнан жол салады. Қазақтың таза тілін, күшті сөздерін жаңа мазмұнға қалап, жаңа мәдениетке, жаңа әдебиетке жөн тартады. Сөйтіп, Абай өзі өлгенше қазақтың ұлт жазба әдебиетін жасаудың бір қайраткері болады.

Абайдын ақындық ауданы кең. Ол ақындық өнерінің бір-ақ мазмұнды, бір-ақ түрлі саласын қуып отырған емес, Абай ақындыкты, тіл өнерін ақындықтың әр жағына да жұмсайды. Бірақ соның бәрінде Абай ақылшы, үгітші не айтса да, не жазса да әлеумет өміріне тірей, әлеумет өмірінен бастап отырады. Өлеңінің көбі үгіт-насихат, мінез-құлық түзеуге арналады…

Абай ақыл айту үшін алдымен айналаны мінеп, қазып отырады. Онын көретінінің көбі — ақылға, «адамшылыққа» жатпайтын жаман мінез, жат өнеге. Абай осыларды сынап, мінеп шығады. Абайдың қара сөзінде болсын, өлеңінде болсын онын сыны күшті. Абай сындары өз ортасына дәл сындар болады. Оның «бала асырау» деген казақ ұғымына айткан қара сөзіндегі сыны қара қазақтын ұғымын табандатып жеңіп шығады. Оған айтуға дау қалдырмайды. Абай осы міндерді түзеуге жалаң үгітті, сынды, ғана жұмсамайды, Абай ащы тілді, улы сөзді, сықақты, мыскылды, ілмені, мазақты да қолданып отырады. «Адасқанның алды жөн», «Болыс болдым, мінеки» деген сияқты өлеңдері Абайдың біз тілді (сатирик) ақын екенін де көрсетеді.

Абай, бұлардың үстіне, толғаушы (лирик) ақын, Абайдың ақындығын көрсететін тәтті өлендері осында. Бірақ Абай толғағанда, сол өз басының күйінен, дүниеге көзқарасынан шығарып толғайды. Өлеңді жан сергітетін жалғыз достым деп біледі:

Өзгеге көңілім, тоярсың,

Өленді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың.

Сайра да зарла, қызыл тіл.

Қара көңілім оянсын…

Міне, осы секілді «Көлеңке басын ұзартып», «Қарашада өмір тұр», «Адамның кейбір кездері», «Көніл-күйі тағы да», «Келдік талай жерге енді», «Қуатты оттай бұрқырап», «Жүрегім менің қырық жамау» деген сияқты өлеңдері — Абайдың ішіндегі шынайы шерін толғайтын өлендері. Бұл өлендердің көбі-ақ Абайдын өмірінің соңғы жылдарында жазылған өлендері. Абай осы өлендерінің тұсында орыстың, сүйікті акыны Лермонтовтың бірсыпыра шерлі өлеңдерін қазақшаға аударады. Ол өлеңдердің де өзінің нысанасына келгендерін, жүрегіне жылы ұшырағандарын таңдап аударады. Кейбіріне өзінен сөз жалғап отырады («Ой», «Жартас» деген өлендер).

Абай — шебер суретші (художник). Өлеңімен Абай салған суреттер мінсіз, көрікті, тұрманы түгел келеді. Абайдың ондай бір суретшілікпен көрінетін өлендері — «Аттың сыны», «Қансонарда», «Аңшылық», «Жаз», «Күз», «Қыс» тектес өлеңдері. Абай бұл өлеңдерінде ақындықты лақылдатып құя салған. Осы өлендерінің қай-қайсысын алсаңыз да, өлең жазылған тақырып алдыңыздан жанды тұлғасымен тұтас түрегеледі.

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақты, - оқыған адам Абайды осы жағынан тани береді.

Абай қазақтың ұлт өнерін ғана өнер деп таныды. Оны арабшаның ала-шұбарынан, басқаның шәлдірігінен аршп алды. Өлең, ән-күй — өнер, оны бағалау керек деді. Өзі бағалап, өнер қылып, өзгеге бағалатты:

Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы…

Өткірдің жүзі, кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас;

Білгенге маржан, білмеске арзан,

Надандар бәһрә ала алмас.

Қиналма бекер, тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ — ойға олақ.

Абайдың осы секілді өлеңі туралы, өлеңнің өнер екені, ақыл екені жайында бірсыпыра пікірлері бар. «Білімдіден шыққан сөз», «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол», «Құлақтан кіріп бойды алар» деген сияқты өлендерінің барлығы да — Абайдың өлең, ән-күйге, сөзге қандай баға бергендігін көрсететін өлендері.

Өлеңді өнер деп бағалаған Абай — сол өлеңді кестелеп, қазаққа қызмет етті. Өлеңнің өнер екенін көрсетті. Қазақта да мынадай сөз өнерінің үлгілері болады деп өнер белгісін қалдырды. Абайды жазба әдебиеттің — сырлы әдебиеттің басы дейтініміздің бір жағы осында.

Абайдың тілі бай, Абай — қазақ ұғымындағы сөздің сабазы. Тілге Абай құйған нәр көп. Абайдың өлеңдеріндегі араб, орыс сөздерінің кірген кейбіреулерін алмағанда — Абайдың жалпы өлеңінің дені сау, тілі таза. Оның өлеңі таудан тасыған бұлақтай сарқырап жатса, өлеңіндегі сөздері сол бұлақтың түрлі тасындай жарқырап жатады. Абай — өзінен тіл жасаған ақын емес, елдің тілін толық пайдаланған ақын.

Абайдың ақындық қуаты, тілге шеберлігі — оның сөзінің арасына қыл сыймайтындығы. Абай ақындықтың өнері — сөздің іші, сырты екеуі де жақсы, екеуі де көркем болсын деген.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы?

Сөзді осылай саптап, өлеңге кіріскен Абайдың өлеңінің іші — өз мазмұнында алтын болып шығады. Оның аз сөзіне көп мағына сыйып кеткен, сөз шеңберінің іші қалың қазына, өлең қауызының іші толған дән болады. Абай аз сөзбен, аз мұкаммен көп мазмұнды, көп мағынаны беріп тастайды. Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген кішкентай өлеңі болыстың кейіптерін түгел береді. Сол сықылды аз сөзбен ірі мазмұнды айта қоятындығына тағы да бір мысал;

«Желсіз түнде жарық ай» дейтін өлеңінде ұзақ әңгіменің желісін аз сөзбен қайырып тастайды емес пе? Бұл — Абайдың ақындық қуатының күштілігіне дәлел.

«Абайдың әдебиет түріндегі кестесі қалай?»  дегенге келсек, оның әдебиет түрі негізінде — өлең. Абай — өлең түрін жасауға қызмет еткен жазушы. Абай — бұрынғы қазақтағы ел өлең-жырларының өлшеуін, парсы, шағатай, орыс өлеңдерінің үлгісін кіргізіп, үлгілерін кеңетудің үстіне, араб, қазақ әдебиетін жаңалаған адам. Сол түрлерге қазақша тәтті тілмен қызықты мазмұн салып, тыңнан тартқан өз үлгісімен де қазақ өлеңін байытқан ақын. Абайда ескілі-жаңалы он бір түрлі өлең өлшеуі бар. Мұның ішінде Абайдың соңғы ақындар әлі қолданып, үлгі қып жаймаған: «Сен мені не етесің», «Ақылбайға», «Қатыны мен Масақбай» деген сияқты түрлері, өлшеулері бар. Жырдың бірінші, үшінші, екінші, төртінші жолы да ұйқасып отыратын керкемдікті қазақ әдебиетіне бастап кіргізген де Абай. Бұл — Еуропа, араб үлгісі. Сөйтіп, қазақтың әдебиетіне бірсыпыра жаңа өлең өлшемдері Абаймен келіп кіреді. Бізге өзге түрік елдерінің, Батыс елдерінің өлең үлгісін Абай тастап кетті. Абайдың қара сөздері — ақыл, нақыл, үгіт сөздері, сындар. Абай сырлы әдебиеттің күйсіз түріне, драма түріне еңбек еткен болса, Абайдың калам қызметі бұдан да мол болатын еді. Әйтсе де, Абайдың қара сөздерін, әлеумет пікірінің ортаға түсетін қара сөзінің де (публицистика) алғашқысы деп ұғынуымыз керек. Өйткені Абайдан бұрын қазақтың таза тілімен мақала, нақыл, үгіттер жазған адам, сірә, бола қойды ма екен? Тіпті таза қазақ тілімен хат жазуға да болды ма екен?

Абайдың жырлары мынау секілді сылдырлап шығады:

Жазды күн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда…

 

Абайдың жыры ырғақ, музыка, дыбыс құрылысы жағынан төгіліп кетеді. Абайдың бүл өлеңіндегі ақынның бір өзгешелігі — ол өлең ұйқасындағы етістіктердің сайдың тасындай, ірі қимылды, қозғалысты көрсетуде жандылығы. Тегінде әдебиеті өрлеген өзге жұртта (әсіресе Еуропа үлгілерінде) өлең ұйқасын етістіктен тізу ақынның нашарлығына жатады. Ал Абайдың «Жаз» деген өлеңіндегі етістіктен тізген өлендері қайта жырын жандандырып шығарған. Бұл — Абайдың тілінің тазалығы, ақындығының күштілігі деп білу керек.

Абай өлеңінің іші алтын болса, сыртының күміс болуына қатты күзет істейді. Оның өлендеріне кыл сыймайды.

Қарашада өмір тұр,

Тоқтасаң, тоқсан көнер ме?

Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң, қайтып келер ме?

Майдағы жұрттың іші қар,

Бәйшешек қарға өнер ме?

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да, сөнер ме? - сияқты сөздің қиюына қыл сыймайтын сұлу өлеңдер — осындайлар.

Абай өлендерінің көркем болуына, дыбыс сәйкестігі, дыбыс ұйқастығы өлеңнің көркемдігінің бір тұлғасы екендігіне көңілді ерекше бөлгендігін, әсіресе, мына өлең айқындайды. Абай бұл өлеңді Оспан деген інісі өлгенде жазыпты:

Жайнаған туың жығылмай,

Жасқанып жаудан тығылмай,

Жасаулы жаудан бұрылмай,

Жау жүрек жомарт құбылмай,

Жақсы өмірің бұзылмай,

Жас қуатың тозылмай,

Жалын жүрек суынбай…

Жақсы өліпсің, япырмай!

Міне, осы жырдың бас дыбысы, бас буынының бәрі «ж» әрпімен келеді. Өлең жолының мұндай бірыңғай дыбыстан құрылуын аллитерация дейді. Бұл қазақтың ел әдебиетінде де кеп кезігеді. Абайдың бұл өңшең «ж» дыбысынан бастап жасаған жырының бір көркемдігі — оның осы өлеңінің дыбыс құрғандағы білінбей еркін шыққандығы. Абай өлеңі мұнда тым еркін, «ж» дыбысы өзінен-өзі құралғандай, сөздің тігісін жатқызып, жымпитып кеткен. Жыр жыртылмай, жосылып жатыр. Бұл — Абайдың шеберлігі. Осы сықылды үлгі Абайдың әр сөзінде келіп отырады:

Самородный сары алтын,

Саудасыз берсең, алмайды

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз сары қамқаны

Садаға кеткір сұрайды

Самарқанның бөзіне, - дегендері сияқты. Мұнда жырдың іргесі «с» дыбысынан қаланып, сылдырлап келеді. Абайдың осы тектес ұйқастары дыбыс жағынан, ұйқас жағынан ерекше керкемдікпен тізіледі:

Тоты құс түсті көбелек,

Жаз сайларда гулемек.

Бәйшешек солмақ, күйремек,

Көбелек өлмек, сиремек, - сияқты жырларында ұйқасқан ерекше шеберлікпен, тілге байлықпен, ақындық еркіндігімен жазылғандығын көру қиын емес.

Абайдың қара сөздерінде де түрлер бар. Оның қара сөзінің бірсыпырасында бұрынғы ескі мақалдың өзегі жатады: «Күншілдің күні караң, еңбексіздің дәмі арам», «Жаман дос көлеңке, басынды күн шалса, қашып кұтыла алмайсың, басынды бұлт алса, іздеп таба алмайсың» дегендері сияқты мақал сездері — Абайдың ақындығының қара сөз түрін жасауға қызмет еткендігі. Тегінде мақалды да Абай сияқты кісілер шығарған емес пе? Абайдың шығарған мақалдары, әрине, көпке таралып, сіңісіп кеткен мақалдар.

Сонымен, Абайдың сөз үлгісі туралы айтқан аз пікірімізді қорытып келгенде, айтарымыз: Абай — біздің көркем әдебиетімізге үлкен еңбек сіңірген, көп жаңалық кіргізген ақын. Ол бұрынғы қазақ өлеңінің арнасына тыңнан табыстар тауып, үлгілер қосты. Терең ойдың толғауы, мұңның, махаббаттың лирикасы, кестелі көркем суреттер, алдыңғы елдің ақындарының үлгілері, мысал, сықақ түрлері бізге Абаймен келіп кірді. Сонымен бірге Абай бұрынғы ескі сөз үлгісін де өлшеп, екшеп, өз дүкенінен жаңалап шығарды. Абайдың өзінен кейін көп ақынға үлгінің ұстасы болғаны содан.

Ілияс Жансүгіров

1934 жыл.

Жансүгіров І. Көптомдық шығармалар жинағы. - Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2005. Төртінші том.

Дереккөз: abaialemi.kz

О. Сансызбай