Пи­фа­гордың парасаты немесе Эйнштейннің қателігі

Пи­фа­гордың парасаты немесе Эйнштейннің қателігі

О баста кiтап жазу ғанибетi ғана емес, кiтап оқу да (бүгiнгi тiлмен айтқанда оқырман болу) санаулылардың, дәлiрек айтқанда қалаулылардың еншiсiне жазылған бақ болған секiлдi.

Көне кiтаптар мынандай тәмсiл айтады. Ұлы ұстаз Пи­фа­гор өз iлiмi қағаз бетiне түсiрiлуiне барынша қарсы бо­лыпты. Шамасы, атақты гректi бұндай әрекетке итермелеген саф iлiмдi сауатты, бiрақ ниетi бұзық адамдар өз бас пай­­дасына, жамандық жолына пайдаланып кетедi деген қорқыныш болса керек. Қалай дегенмен де ұлы ұстаз iлiмiн қағазға түсiрiп, кейiнгi ұрпаққа мұра етiп қалдырғаннан гөрi өзi бiлетiн һәм сенетiн санаулы шәкiрттерiне оқытып-үйретудi жөн көрген, келер ұрпаққа да солар арқылы жеткiзгiсi келген.

Бүгiнгi ақшаның күшi немесе жеңнiң ұшымен жалғасу арқылы кандидаттық атақ алып жүрген кейбiр ғалымсымақтарды көргенде, қайран Пифагор, жарық дүниеге тағы да бiр келер ме едiң демеске лаж жоқ. Және қазақ топырағында келсе. Онда ол ана бiр ақбас академик ағаларымызға ғалым болудың, ұстаз болудың қандай мәртебелi iс екендiгiн тағы да бiр рет үйретiп кетер едi-ау! Қырық кандидат төрт кандидатқа айналар едi, бiрақ сапасы қандай! Ылғи сен тұр, мен атайын ғалым ұл-қыздар болар едi-ау!

Рас, бұл - бiзде арына, иманына, парызына адал ғалымдар жоқ деген сөз емес. Әйтпесе, қазақ ғылымы алға жылжыр ма едi!

*  *  *

Италия жазушысы Дино Буццотиде қысқаша мазмұны мынадай новелла бар. Кейiпкерлерi екеу-ақ, даңқты физик Эйнштейн мен кәдiмгi дiни әңгiмелерден белгiлi жан алғыш Әзiрейiл. Әлдебiр кезектi ғылыми жаңалығына толғатып жүрген Эйнштейндi Әзiрейiл бұл дүниеден татар дәмiң таусылды, о дүниеге жүрер кезiң келдi деп асықтыра бастайды. Бiр емес, бiрнеше рет келедi. Әр келген сайын ғалымнан еститiн уәжi бiреу-ақ. Ғалым өмiрiнiң, бүкiл ғылыми iзденiсiнiң мәнi iспеттi жаңалығын ашуға тақау тұрғандығын, соны ашуға аз ғана уақыт болса да пұрсат беруiн сұрайды. Бұл уәжге Әзiрейiл де тоқтайды, ажал сәтi де бiрнеше рет ұзартылады.

Әзiрейiл соңғы келiсiнде жаңалығын ашып, мәз болып жүрген Эйнштейндi көредi. Қуанышының себебiн сұрайды.

Себебiн бiлгенде Әзiрейiлдiң не дегенiн бiлесiз бе?

«Сiздiң жаңалығыңыздың арқасында тозаққа баратындардың саны арта түстi. Қазiр тозақта той болып жатыр. Той иесi Iбiлiс. Сiздi асықтыруымыздың себебi де сол едi, жаңалығын тезiрек ашсын дегенбiз. Ендi керегiңiз жоқ, аман-есен жүре берiңiз»,- дейдi. Аңғал ғалым бармағын тiстеп қала бередi.

Пифагор тағылымы мен ойдан шығарылған осы новелла арасында жiңiшке болса да сәулелi байланыс бар.

2000 жыл
Автор: Әмірхан Балқыбек
Түпнұсқадағы тақырып: Қағанатты кітап құлатты...

Ш. Талап