"Гүлдер мен кітаптар" Францияда

"Гүлдер мен кітаптар" Францияда
Францияда қазақ жазушы Дидар Амантайдың "Гүлдер мен кітаптар" туындысы басылып шықты.

"Қазақфильм" киностудиясының бас редакторының аталған туындысы 2003 жылы жарыққа шыққан болатын. Енді міне, араға уақыт салып Франция оқырмандарына жол тартып отыр. Одан бұрын "Гүлдер мен кітаптар" өткен жылы түрік тілінде шыққан еді. Алайда, жазушы бұнымен тоқтап қалмақ емес. Жақын жылдары, бір жылдың көлемінде моңғол тіліне аударылып шықпақ. Содан кейін дүниенің жартысын қаламмен жаулап алған Байрон секілді, көршілерге де қолқа салып көрмек. Нақтысын айтсақ, жыл соңына дейін кітаптың орыс тілінде шығып жатқанын көрсеңіз, еш таңғалмай-ақ қойыңыз. 

Дидар Амантай журналистерге берген сұхбатында: "Бұл кітап бірден үш тілге аударылып жатыр. Ағылшын, неміс тілдеріне қарағанда француз тіліне тез аударылып бітті, оның үстіне француз новеллаларын жақсы көремін. Атап айтсақ, Ален Роб-Грийе, Альберт Камю жазған туындылар қатты ұнайды. Олардың жазған еңбектерінде кедір-бұдырлық жоқ, жалған тыныштық та жоқ, оларда жай ғана тыныштық, табиғаттың дәл өзіндегі тыныштық бар"-деп ағынан жарылған болатын.

Романның басты қаһарманы Әлішер түріктердің өмірі туралы, мәдениеті хақында кітап жазуға дайын. Оның ішінде кітапта кітап туралы, әдебиеттің мәселесі жөнінде сөз қозғалатын болады.

Сурет: caravan.kz

Л. Лига