Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Көкжиек / Әбіш Кекілбаев. "Фариза"

Әбіш Кекілбаев. "Фариза"

Әбіш Кекілбаев.

Қазақ поэзиясының падишасы - Фариза Оңғарсынованың қазасы талай жүрекке мұң тастап, қанша көңілді жабырқатып кетті... Ақынның рухты, отты, нәзік те сыршыл өлеңдері келер ұрпақтың құнды мұрасына айналары анық. 10 жыл бұрын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың Фариза Оңғарсынова туралы көлемді мақаласы жазылған екен. Мақалада "Фариза" есімінің қайдан шыққаны туралы, ата-бабасының кімдер болғаны жөнінде тарихқа шегініс жасап, сәби Фаризаның дүниеге келуі турасында сыр шертеді. Қазақ әдебиетінің екі ірі тұлғасы - Әбіш пен Фаризаның алғаш қалай танысқанын да осы жерден оқи аласыздар. Мақала интернет бетінде бұрын жарық көрмеген екен. Бұл мақаланың қазақ әдебиеті үшін құнды дүниеге айналары сөзсіз.

ФАРИЗА

Кез келген атауда сиқыр күш бар деседі. Адам түгіл жан-жануар өзіне бағышталған сөзді естігенде тұла бойын діріл билеп, құлағын тікірейтіп ала қоятын көрінеді. Ал сана иесінің өз атын әр естіген сайын ата-анасы мен айналасының жарық дүниеге келген сәтінен бермен қарайғы өзіне деген ерекше ықыласы мен бөлекше үмітінің арғы астарына айрықша ой жүгіртіп бағары түсінікті. Әсіресе, сәт сайын тылсым дүниенің тағы бір тосын құпиясын аңғарып қалам ба деп алабұртып отыратын ақындардың әлгіндей жайтқа ерекше елеуреп тұрары еш күмәнсіз.

Фариза... Екінің бірі ести қоймаған тосын сөз. Кез келген тал керегелі қара шаңырақтың қара кемпір, қара шалдарының қиялына келіп, тілінің ұшына орала қоймайтын таңсық ұғым. Рузи Иранның саябағының жұпары аңқып, кәусар бұлағы сылдырап қоя бергендей сиқырлы естіледі. Парсы мен түркі дүниесінің нақ шекарасында осы тақылеттес жер атауы да бар.

Көкке шапшып, күн жеп тастаған жалаңаш құзарттың ұшар басында алақандай көк майса алқапта жан-жағынан сұқтанған сұрқия көздерден қорғаймыз деп арпалыса айқас салған алты ағасының бәрін жау жалмап, желдің өтінде, жаудың бетінде жалғыз қалған аяулы ару Фирюзаның көз жасындай мөлдір бұлақ әлі ағып жатыр. Алты ағаның мойнына кезек асылып, сылаң қағып, алаңсыз өскен басы кенет қаусата соққан қайғыдан қаншырдай қатып, қырық бұралып, бүктетіле құлай жаздаған жеті тармақ жеке шынар әлі тұр. Елжірете ескен тау самалына жаудыраған жапырақтарын жабыла саудыратып, қолаң шашын жайып салып, ыңырсып жылап қоя беретіндей.

Көне Көпет-Дагтың қырық қатпар қыртыстары шырқ айналдыра түксие төніп баққанмен әрі әсем, әрі мұңлы осы бір пейіш қойнаудың төменшік назары мен төтенше ажарын былайғы дүниеден біржолата көлкештеп қала алмағандай. Аңызға айналып, ауыздан ауызға, елден елге таралып кеткендей. Тіпті сол бір хикметті хикая ұлан-ғайыр қазақ даласының ең батыс қиян түпкірдегі ащы теңіз аяусыз шайып тастаған айдын сор мен шимай-шимай құм шағылдардың арасына қисынсыз қыстырылған сиықсыздау қыстақтың жермен-жексен баспаналарына да келіп жеткендей.

Бұл, әрине, таңғалдырмай қоймайтындай жұмбақ. Оның үстіне әлгі қыстақтың өз аты да ойыңды он саққа, қиялыңды қырық саққа жүгіртетіндей – Манашы. Баяғыда Қобыланды батыр Қараспаннан Қазанның сырлы қаласын шауып алуға бара жатқанындағы: “Атасу мен Манашы, мал оттауға оты ащы, ішейін десе суы ащы, мұнандағы жол шекті” – дейтін ежелгі қоныс. Манашы... Манаш... Манас... Маңғұс. Бұның ар жағында тек орфоэпиялық құбылулар емес, тарихи құбылыстар жатыр. Бір есім әр заман, әр ғасырда әрқилы дауысталып қана тұрған жоқ, әрқилы ұлықталып та тұр. Ақ қалпақты, алтын омыраулы, жасыл шапанды Алтай мен Алатауда жүргенде “айбынды Манас, ай Манас”, Сырдария мен Жиделі Байсында аспанның асты мен жердің үстін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтындай Алып Манас (Алпамыш) атанған батыр баба жайдақ дала, жағалтақ сорға жеткен соң аруағынан айырылып, маңқа тартып, Манашыға айналып кеткендей. Ежелгі түркі дүниесінің құлағын ерекше елеңдеткен ерен есім иеленген жер атауларының Еуразия шетіндегі ең ақырғы шашырандысы өткен заман мен қайтқан бақыттың қайдағы бір құпиясынан сыр аңғартып тұрғандай.

Жаугершіліктің дәурен құрған тұсында баһадүр, падиша, пір саналған айбынды тұлғалар заман озып, заң тозып, аруақ қашып, дін орнап, ежелгі дәстүр, ескі үрдіспен жүрген тайпалар құқай көріп, ел ауып, жер ауып, батысқа ығысып, кәпір саналып, шетқақпайлық көргенде күндей күркіреген алып Манастар мансұқталып, дию, пері, малғұн Маңғұс атанғаны аян. Олардың тек өздері ғана емес, күллі елдері ит мініп, ирек қамшылап, сөлекеттеніп кеткендер деп сөкеттелгендері де белгілі.

Қайдағы бір қадым замандарда емес, күні кешегі ІХ-Х ғасырларда Сырдарияның төменгі сағасындағы бұрынғы Қаңға (Хорезм) падишалығына қараған түрік тайпалары, шығыстан келіп киліккен тектестерімен текетіресіп қалысады. Әсіресе байырғы пешенелер мен кейінгі салырлар жеті ата бойына дейін жауласып өтеді. Бастапқы кезде пешенелер көп иық көтеріп, көп төмпеш көрсеткендіктен, салырлар өлердей жек көріп, оларды ие пешене атандырып жібереді. Сол пешенелердің көсемінің шын аты Тоймадық болғанымен, ежелгі дастандарға Көбікті деген атпен енген. Ол салыр бегі Еңкеш үлкен ұлы Қазан бекпен бірге Қазығұртқа саятқа аттанған кезінде ауылын шауып, бәйбішесі Шашақтыны алып кетпек болады. Шашақты желмаяға мініп, күйеуі бет алған жаққа безе жөнеледі. Көбікті оны қуып жетіп, күлге аунатып, қорлап, атына өңгеріп алып кетеді. Еңкеш араға үш жыл салып, көп мал беріп, әйелін қайтарып алады. Тұтқындағы әйел екі жастағы емізулі баламен еліне оралады. Оған арланған Қазан бек өгей інісін “ит пешененің ирек қамшылауынан жаралған” деп Ирек атап кетеді. Одан Айрақ деген ұл туады. Айрақтан өрбитіндер рулы елге айналып, Маңғыстаудағы Иір ойын жайлап, сол маңайдағы тауды өз руының атымен Айрақты атандырады. Қазан бектің тұсында салырлар әбден күшейіп, пешенелерді әуелі Маңғыстауға, содан Жайыққа, одан Еділге қуып салады. Онда пешенелер бір-бірімен сыйыспай, Кавказ, Балқан, Ұрым асып кетеді. Еңкешпен шайқасатын Тоймадық (Көбікті) дінсіз мәжуси екен. Ол отқа табынушы (зороастризм) дініндегі пешенелерді билейтін Манаш (Маңғұс) батырды мерт қылады. Манаш басқарған кердері, жағалбайлы тайпалары кейін қазақ, өзбек, башқұрт құрамына кіреді, Шөкілі Әлмүштің қарауындағылар шекті, әлімдерді түзеді. Қалдар пешенелердің Кеден бастаған тобы Византияға, Арпад бастаған тобы Венгрияға өтіп, христиан болып кетеді. Қараман басқаратын иудей дініндегі афшар (аусары) пешенелер біраз уақыт Маңғыстауды жайлап, одан Хазария құрамына кіріп, Нарын, Кавказ, Дон бойын мекендеп, ақыр аяғында, Анадолы асып, мұсылманданып тынады.

Мәжуси Көбікті отқа табынушы Манашты ежелгі Хазарияның табан қонысы Нарында өлтіріп кетсе керек. Дәл сол нақақ қан төгілген налыңқы пұшпақта кейін Фариза туады. Ол маңайдағы жер атауларының ар жағында бір-бір толағай тұлға, бір-бір толғау дастан тұр. Тарғын өзені мен Ақ Жүніс (Ақжонас) тауының неге олай аталғаны айтпаса да түсінікті. Жанбай атты жол – Тоқтамыспен сиыспай, Еділ асып қашқан Едігенің соңынан қуып жетіп, бітуажа айтатын кенегес биінің мекені. Мансұр, Орақ, Мамай, Қосай, Орманбет жайлаған Еділ, Нәрік пен Шора жайлаған Нарын, Жүсіп жайлаған Жайық, Жаңбыршы жайлаған Боқсақ бойының кез келген бұтасының түбінде ата дұшпанның басы қурап, шәйіт баһадүрінің қаны тамған. Тіпті Мартыши мұнай кенішінің өзі Мұса бидің Орақ, Мамай бастаған он екі ұлына он үшінші болып телінген орыс күңінен туған Матрешка атты көрдемше ұлын еске салады. Заманында ол да ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген Орақ, Мамайлардың қолына тізгін тигізбей, ноғайлыны билеп-төстеген. Қысқасы, Фариза туып-өскен Манашының маңы тұнып тұрған тарих еді. Есіңе алсаң, есеңгіретіп жіберердей әрі ескі, әрі ащы шындықтардың шырғалаң шежіресі еді. Оны Фаризаға ел кезіп, жер кезіп, қағаз ақтарып, тіміскілете іздеудің еш қажеті жоқ еді. Табалдырықтан аттап шықса болды-ақ, жан-жағынан жаудырай қарап тұрған баяғы тарихқа сүрінер еді.

Бағзыдағыны былай қойғанда одан бергі Исатай-Махамбет көтерілісінің өзі тап осы Манашыдан басталған-ды. 1836 жылдың 18 наурызында Жәңгір пәрменімен Қарауылқожаның алты жүздей адамды бастап келе жатқанын естіп, осы Манашыны қыстап отырған Исатай қасына екі жүздей жігіт жиып, ауылын шыр айналдыра ор қазып, қоршап, жан-жағына топырақ үйіп, жауға алдырмас бекініс жасаған-ды. Бірақ, шиеттей қатын-баланы оқ нөсерінің астында қалдыруға аяп, сол маңайдағы құм арасындағы Киелі молаға барып, қарулы қолмен айдалада шайқасқан-ды.

Сәби Фаризаның бесігін сол оқиғаларды тікелей бастан кешкен әулеттердің өкілдері тербетті. Олар ноғайлы заманын ол тарапта әлі ауыздан түсе қоймаған Қазтуған мен Шалкиіз, Жәңгір заманын Махамбет пен Мұрат жырларынан біле қойсын дейік. Ал жер түбіндегі Рузи Иранмен жақпарлас Фирюза аңызын қайдан естіп біліп жүр екен? Бұның жауабы да бізді тым әріге апарып тастайды. Дәл баяғы ұшан далаға ислам діні енді таралып жатқан екіұдай кезеңге оралтады. Жаңа дінге илікпеген көшпенді түркі тайпаларының алды Ұрым асып кетіп жатса, арты Жайылхан елі атанып, құба түздерге шығынып кетті. Кейін оғыздармен бірге мұсылман дінін қабылдауға мәжбүр болды. Ислам дінін таратушы арабтарды іргелес жатқан парсылар әуелде тәжіктер деп атағаны мәлім. Соларды көрген түркілер де арабтарды тәзіктер деп кеткен сыңайлы. Кейін бұл атау қытайлардың да аузына іліккен. Тәзік, тәжік атаулары әу баста этникалық ұғымды емес, арабтар сияқты дін ұстанып, сауда-саттық жасайтын кәсіби ұғымды білдірсе керек. Кейін бұл сөз әлгі кәсіптермен бірыңғай айналысып кеткен Орта Азия парсыларына басыбайлы телініп, тәжік этнонимі пайда болған сияқты. Араб саяхатшыларының айтуынша, әлгі этнос әлі қалыптаспай тұрған кезде Тұранда араб тілін үйреніп, араб үрдісін ұстанып, дін таратумен шұғылданғандардың бәрін де тәзік деп атаған секілді. Олардың арасында ежелгі Қаңға (Хорезм) мемлекеті аумағындағы парсылармен қоса, түрік тайпаларының өкілдері де аз болмаған түрі бар. Хорезмнен сонау Еділ бойына барып жасалатын сауда солардың қолында болғанға ұқсайды. Тіпті, Еділ бойындағы бұлғар қалаларында тәзіктердің тұтас көшелері мен оралымдары болғаны айтылады. Бұрын Ноғай Ордасында болған алшын одағындағы тәзіке әулеті де сол көне сүрлеудің бір сорабы болса керек. Қоныстары да ежелгі сауда жолының бойында Арал, Жем, Жайық, Еділ аралығында жатыпты. Тәзікемен түптес, Қосайдың ауылы Сыр аяғында суға кетіп, түрікпеннің Сүйін ханының қызына үйленіп, қайтадан ұрпақ өрбітіп, түрікпенадай атаныпты деседі. Бұның өзі тәзіке, қосайлардың Қанға заманы этностарымен тамырластығын аңғартқандай. Олардың екеуі бірігіп, Құдайке одағын құрауы да дін таратуға байланысты абыздық қызметтеріне меңзегендей. Біз көрген шалдар: “Көктен түскен Құран әуелі қара қалпақтар мен Құдайке балаларының қолына ілігіпті”, – деп отырар-ды. Шамасы, ежелде екеуі де Арал мен Сырды жайлап, шариғатпен бұрын ауызданғандарын айтса керек. Фаризаның әкесі Оңғарсын сол әулеттен тараса, анасы Қалима – ерлігімен аты шыққан Есенқұл беріштің қызы. Нарын бойына тек кешегі ақтабан шұбырындыға ұшырап, Сауран айналған соң ғана емес, баяғы хазар, ноғайлы заманында да қоныс құрған ежелгі тайпалардың жұрнақтары. “Көн тартылса қалыбына” дегендей заман әр аунақшыған сайын ежелгі қоныстарына барып тіреліп отырған әулеттердің өкілдері.

Бесігін ел арасында “мұхтасар ашып, мүбәрәк көрген тұқым” саналған дегдар әулет пен аты ұранға шыққан ержүрек әулеттің өкілдері қосыла тербеткен сәбиге ежелгі кітаптарда ұшырасар есімнің берілуінің де сырына енді түсіне беруге болатын сияқты.

Сәби Фариза бесікте жатып-ақ қайым замандардың қамырықты гөй-гөйін естіп жатқандай. Аяғына міне сала, айнала анталай мойын созған аңыздардың қоршауында қалғандай. Басқаны былай қойғанда, тумай жатып құлағына тиген Фариза, Манаш, Құдайке, Тәзіке атауларының өзі-ақ табиғатынан айрықша дарын, қабілет, түсінік арқалап туған талантты жанды арғы-бергінің астарына бойлатып, тұңғиығына үңілтпеуі еш мүмкін емес. Үңілтсе – тек бір пенде, бір әулеттің ғана емес, берісі атам қазақ, әрісі адам сафи ұрпағының тағдырына қанықтырып, талай құпияның бетін ашып берері сөзсіз. Оның үстіне ес біліп, есепке кіргелі қырық құбылып, құйқылжып баққан жиырмасыншы ғасырдың өткелектерінің бел ортасында жүргендей. Соның бәрі айрықша дарын иесінің көкірегіне кім көрінген аңғара алмас айрықша сыр болып тұнып, жүре келе арнасынан асып, ақ қағаздың бетіне жыр болып төгілгендей.

Бұның бәрін қазбалай айтуымыз да тегіннен тегін емес. Былтыр көктемде Нарын құмын аралап, Атырауға қайтып келе жатып, айдалада айдынға қонған ақ шағалалардай бір үйір ақ шаңқан ескерткіштерге тап болдық. Баба қоныстың ақ мәрмәр тастарынан қашалынған зәулім құлпытастар шетсіз-шексіз кеңістікте адастырмай жол сілтеп тұрған алып самала шырақтардай күн нұрына шағылысып жарыса жарқырайды. Бәрінің де басына барып, бас иіп бата жасадық. Жазулы уақыт мөлшеріне қарағанда соңғы екі ғасырды түгел қамтитын уақыт аумағында тіршілік кешкен ата-баба туған топырақтың бір пұшпағына жарыса жайғасыпты. Фариза туған шаңырақтың киелі түп тамырлары. Үйелмелі-сүйелмелі құлпытасқа айналып қатар тұр. Олардың арасынан көзім көргені – жалғыз анасы ғана екен.

Ол кісімен кездескенше де біраз жыл өткен-ді. Мен Фаризаның өзінен гөрі сөзіне бұрын ұшырасқанмын. Қиян түбекте қиял қуған арманшыл бала қарап жүрмей қағаз шималайтынмын-ды. Оны жер түбіндегі Алматы мен Атыраудағы басылымдарға жолдайтынмын-ды. Жарық көрсе, төбем көкке бір жетіп қалар-ды. Сондай басылымдардың бірінен Фариза Оңғарсынованың да өлеңдерін кезіктірдім. “Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты” дегендей: “Бұл өзі қайдан шыққан неме?” – деп қадағалай жүретін болдым. Сөйтіп жүріп, тоғызыншы сыныпты бітірдім. Жазғы демалыс аяқтала бергенде Атырауға шақырылдым. Бір тәулік бойы балықшылар қайығымен қалталақтап әзер жеттік. Сөйтсек, Алматыдан бір топ ақын-жазушылар келіп, жас талапкерлерге ақыл-кеңес айтып жатыр екен. Бірінші күнгісінен кеш қалып, екінші күнгісіне мен де іліктім. Қақ төрде темекісін бұрқыратып, буырыл шашын дудыратып, күлімсірей сөйлеп, күркірей күліп отырған Хамит Ерғалиев екен. Бөлме толы жан жалғыз соның аузына қарап қалыпты. Есік жақтағы бос орындыққа жайғаса салып, мен де әңгімеге араласып кеттім. Қасымдағы моншақтай мөлдіреген мөлт қара торы монтаны қыз жақ ашпастан отырды. 1957 жылы қыста   Маңғыстаудағы маған Атыраудан хат келді. Ашып қарасам – жастарды халықаралық ойынға шақыру екен. Ол қолына тиген адам өзі білетін бес адамға дәл сол мәтінмен хат жазуы шарт. Сол тәсілмен жер бетіндегі бүкіл жастарды бір-бірімен хабарластыруға болады деп шешіпті ойын бастамашылары. Фаризаның қолына әлгіндей хат тигенде есіне түскен бес адамның ішінде мен де болып шығыппын. Бірақ, оған дейін ләм-мим тіл қатысып көрген емеспіз.

Әлгі хатының аяқ жағына Фариза өзіне мектепте орыс әдебиетінен сабақ берген мұғалимасынан Маңғыстауға қызметке ауысқалы хабарсыз екенін, мүмкіндік болса, соған жолығып, сәлемін айтуымды өтініпті. Оның реті сол жылғы жаз басында түсті. Мәскеудегі дүниежүзілік жастар фестивалінің қарсаңында облыстық фестивальға кетіп бара жатып, Жем сағасындағы Қарақұм арасындағы шағын ауылға тоқтап, сауық жасадық. Тал шыбықтай бұралған талдырмаш бойжеткен келіп жолықты: “Әбіш, сен Фаризаны білесің бе?” – деп сұрады. Сөйтсем, әлгі сәлем айтып жүрген мұғалимасы екен. Фаризаның өлеңімен таныс, өзімен бейтаныс екенімді айттым. “Таныссайшы. Талантты қыз. Дос болып кетесіңдер”, – деді мұғалима.

Атырау басы абыр-сабыр. Жастарға лық толы. Қорытынды концертке әзірлік кезінде бәріміз көпдауысты хор құрамында ән айтатын болдық. Авторы – арсалаңдаған албырт жігіт. Алматыдан келген жас композитор Нұрғиса Тілендиев. Дирижер пультінде тұрып, ол кездегі “Сталин жолы”, кейінгі “Қазақстан әйелдеріне” үңіліп қояды. Сөйтсе, оған Фаризаның махаббат тақырыбындағы өлеңі жарияланыпты. Атырауға барған Нұрғиса сол өлеңді әнге айналдырыпты. “Әй, өзің бұға бермей, бері шығып, жұртқа көрінсейші”, – дейді әлдекімге. Жұрт алдына баяғыда менің қасымда үн-түнсіз отырған мөлт қара торы монтаны қыз шығып, басын иді. Сөйтсем, Фариза сол қыз болып шықты. Бұдан кейін де бірі-бірімізді сырттай біліп жүргенімізбен етене танысып кете қойған жоқпыз. Марқұм Меңдекеш Сатыбалдиев қана көрген сайын: “Әй, қара бала, сен сол қара қыздың өлеңдерін дұрыстап оқып жүрген жоқсың. Пәлі, ол сұмдық қой!” – деп жүретін.

Сол “сұмдық өлеңдермен” қаныға танысудың сәті кейін түсті. Жетпісінші жылдың аяғында екі жыл әскер қатарында болып, Алматыға оралсам, Атыраудан келген ақын қыз Фаризаның жырлары астананы әбден шулатып жатыр екен. “Жұлдыздың” редакторы Тахауи Ахтанов “Қазақфильм” киностудиясында бас редактор болып жүрген маған “пікіріңді айтып, жазып бер” деп қолқа салып, бір қапшық өлең беріп жіберіпті. Сөйтсем, Фаризаның “Мазасыз шақ” атты жыр кітабының қолжазбасы екен. “Дара күндерімнің, нала түндерімнің серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін мен сені аялаймын; біреудің пасықтығынан, біреудің жасып мұңынан жүрегім сыздаған кезде, жаным мұздаған кезде мен сені саялаймын; біреудің күлкісін көріп, бақытының түр-түсін көріп, қуаныштан дірілдеп денем, алдыңа күлімдеп келем; ажалмен айқаскан сәтте кыршын жас көз ілгенін көріп, өткінші сезімдерді көріп, кешегі доспын дегеннің минутта жерінгенін көріп, кімнен өшімді аларымды білмей, кімдерге кінә тағарымды білмей, алдыңа лапылдап келем, жарылуға жақындап келем; өмірдің өткелдерінен қиындық көп көргеніммен, өртеніп от басқаныммен, өзіңмен қоштаспадым мен; күлкімді, жайлы күнімді, азапты, қайғы-мұңымды өзіммен бөліскенің үшін, қатем мен жеңістерім үшін, менің мынау қиындау тағдырым болып, о баста көріскенің үшін, Өлең, мен сені аялап өтем!” – деп өзекті өртеп басталатын кітап әлдебір сиқырымен бірден баурап алды. Қашан бітіргенше, басымды көтере алмадым. Оқи бердім. Оқи бердім. Бұған дейін бастан-аяқ өңкей мінсіз өлеңдерден тұратын жыр кітабы да болатынын алғаш рет Мұқағалидың “Қарлығашым, келдің бе?” деген жинағын оқығанда сезінгенімді шинелімді сүйрете жүріп, “Лениншіл жасқа” жолдаған “Жүректен-жүрекке” деген мақаламда айтып едім. Мақатаевтың асқар таудай даңқы сол кітаптан басталып еді. Ол мақалаға Мұқағалидың қандай қуанғанын, артынша демалыс алып келгенімде Асқар Сүлейменов досым екі үйімізді жабағы сойып, қонаққа шақырғанын, сол отырыста ешкімге көрсете қоймаған жаңа жыр дәптерін оқып беріп, Асқар екеуіміздің сол күні түн бойы Желтоқсан көшесін: “Қазаққа тағы бір ұлы ақын туды” – деп алабұрта кезгенімізді қалай ұмытарсың?!

(Жалғасы бар)

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: massaget.kz

Дайындаған: Шерхан Талап
Қосылған күні: 30 қаңтар 2014, 14:04

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.