Еділ мен Жайық жайында

Еділ мен Жайық жайында

Еділ әнге арқау болса, Жайық та қосарласа жүріп, бұл күнде Еділ-Жайық қазақ үшін бір тіркеске айналып кеткендей. Еуропадағы ең үлкен өзен болып табылатын Еділ мен Ресей, Қазақстан жерлерінде шалқып жатқан Жайық жайында ертегі, эпостық жырлар халық арасына кең тараған. 

Жыршы-жыраулар да көңілдегі көрікті ойдың өңін қашырып алмау үшін осы бір ғаламат екі өзенді төңіректеген. Massaget.kz Еділ мен Жайыққа қатысты жырларды жинақтаған болатын.   

Еділ бол да, Жайық бол, 
Ешкімменен ұрыспа, 
Жолдасыңа жау тисе, 
Жаныңды аяп тұрыспа. 
Ердің құны болса да, 
Алдыңа келіп қалған соң, 
Қол қусырып барған соң, 
Аса кеш те қоя бер, 
Бұрынғыны қуыспа. 
Ақың болса біреуде 
Айыбын тап та ала бер, 
Ерегесіп ұрыспа. 
Сенікі жөн болса да 
Атың шықпас дұрысқа. 
Мінезі жаман адамға 
Енді қайтып жуыспа. 
Тәуір көрер кісіңмен 
Жалған айтып суыспа. 
Өлетұғын тай үшін, 
Кешетұғын сай үшін, 
Желке терің құрысып, 
Әркімменен ұрыспа. 
Ашу дұшпан, артынан 
Түсіп кетсең қайтесің 
Түбі терең қуысқа!..  (Асан қайғы)

Еділ, Жайық екі өзен,
Талсыз болар деймісің,
Көкшетаудың көп көлі
Елсіз болар деймісің.
Ботакөзді бойжеткен
Жарсыз болар деймісің,
Абылай қонған кең қоныс
Елсіз болар деймісің.
Еркін жайлап қонған соң,
Малсыз болар деймісің,
Тұлпар туған құлыншақ 
Ерсіз болар деймісің,
Тебінген тепкі тиген соң
Терсіз болар деймісің.
Алқынған арын баспайтын
Өрсіз болар деймісің,
Орын тапқан ер жігіт
Жерсіз болар деймісің,
Орда тігіп орнаса
Төрсіз болар деймісің! (Ақтамберді)


Еділ, Жайық — екі су,
Алтын, күміс тас болар,
Арпа, бидай ас болар,
Бірігіп жан тусаң да,
Қарап та жүріп қас болар.
Мініп көрер күші жоқ,
Сауып ішер сүті жоқ,
Ақша деген мал шығар,
Жеткізе алмай онысын,
Қалтыраумен жан шығар. (Шортанбай Қанайұлы)

Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген.
Таудағы тарлан шұбар біз едік.
Исатайдың барында
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.
Шабытымыз келгенде,
Ерегескен дұшпанды,
Шетінен сүйреп жеп едік.
Баста дәурен тұрғанда,
Біздер-дағы, Бай-еке,
Оза көшіп, кең жайлап
Еркіннен еркін жатқан ел едік.
Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік.
Сол секілді асқан қайраттан
Ойлашы, кәне, не таптық! (Махамбет)


"Еділ мен Жайық" әні бұл күндері халықтың сүйікті әніне айналды.

Сөзі:. Ж. Молдағалиев
Әні: И. Жақанов

Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Есіреді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербелейді кеме, ойнайды қайық.

А-а-а!
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!

Шырқалады әндер, жан жүрек іңкәр,
Сырқылдайды сұлу Еділ мен Жайық.
Әуелейді адам, самғайды сұңқар,
Шығандарға, шыңға қанатын жайып.

А-а-а!
Ағады шалқып,
Аққулары қалқып,
Еділ мен Жайық!

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: foto-planeta.com, kk.wikipedia.org, shateo.livejournal.com

М. Оңғарова