Қыран не себепті күн астында бейнеленген? Ертегі

Қыран не себепті күн астында бейнеленген? Ертегі
Фото: vk.com

Ашық аспан астында өмір сүрген халық туы қарапайым болды — көк аспан және алтын күн. Себебі олардың төбесіндегі, аспандағы күн сөнбеді. Адамдар күнді қамқоршысына балады. Күн әрдайым шуағын шашып, жылуын аямайды.

Бірақ бір күні кең далада алып қыран пайда болды. Адамдар оны да қадірлейтін. Оған ешкім қарсы келмейтін еді. Қыран бүркіт өзін адамдардың билеушісі сезініп, тудағы күн орнына өз бейнесін салуды талап етті.

Оған қарсы шыққысы келген адамдар қауқары жетпейтінін түсініп, іштей тынды. Қыран суретін салуға бір суретші шақырылды. Қыран алып та қаһарлы қанатын жайып тұра қалды.

Суретші батылдана:
— Мен бұлай сурет сала алмаймын. Сенің суретіңді салу үшін аспанда қалықтап ұшуың қажет. Елестетіп салуға қабілетім жетпейді, менен қабілетті суретшіні де таба алмайсың, — деді.
— Жарайды,  деп, қыран ұшып кетіп еді, суретші:
— Жоғары, жоғары ұш, әйтпесе туда күн көрініп қалады, — деп айқайлады.
— Осы жарай ма? — деді қыран алыстан айқайлап.
— Жоқ, бәрібір күн көрініп тұр. Сен қалағандай сала алмаймын. Күнді қоршап тұруың керек. Жоғары, күнге қарай ұша бер, — деп бар дауысымен жер жаңғырта айқайлады суретші.

Қыранның ақымақтығы сонша, күннің бетін жабамын деп, оған қарай жақындай ұша берді. Ыстық күн оның қанатын қыздырып, өртеп жіберді. Әлі құрыған алып қыран құзға қарай құлады. Одан кейін ол туралы ешкім естімеді. Бірақ бұл оқиға ел есінде қалды.

Суретші қыранды күннің астына бейнеледі. Бұл — көктегі күннің бетін ешкім жаба алмайды деген белгі еді.

@. @assel_assanova