"Ақиқат пен аңыз" қалай дүниеге келді?

"Ақиқат пен аңыз" қалай дүниеге келді?
Фото: vk.com

Мені сол Ұлы Баукеңмен Тағдыр табыстырды. Олай дейтінім Баукең 60 жасқа толарда маған «Жұлдыз» журналының редакциясынан телефон соғылды. Редактордың орынбасары жазушы Жәкеш Тілеков марқұм Баукеңнің 60 жылдығына арнап, мақала жазып беруді ұсынды. Мен бас тарттым. Ол кісімен сөйлесу қиын екенін, әскери атағы үлкен Баукең туралы жазу қолымнан келмейтінін айттым.

– Маған Баукеңе бар дегенше, зоопарктегі темір торда тұрған арыстанның жалынан сипап кел деңіздер. Мен ол өтініштеріңізді орындайын, – дедім. Ақыры көнуге тура келді. Баукеңнің алдында бір кіріп шығу үшін бір айдан аса әзірлік жасадым. Баукеңнің өз жазғандарын, ол кісі туралы жарияланғандардың бәрін түгел оқып шықтым. Өмірінің әлі күнге дейін жазылмай жатқан жерін іздедім. Таптым! Сол «Ақтаңдақтың» (әдебиеттің, тарихтың бұрын айтылмай келген тұстарын «ақтаңдақ» деп атайды) аумағын мөлшерлеп, сол кемістікті толтыруға бағытталған бірнеше сұрақ әзірледім. Оларды 2-3 бет етіп, машинкаға басып алдым. Баукеңе бардым. Ол кісі бас-аяғыма қарады.

– Шаруаңды айт, – деді.

– Журнал сіз туралы мақала жазуды тапсырған еді. Сіз жайында айтылмаған ештеңе қалмаған сияқты. Не жазарымды білмей, өзіңізбен ақылдасуға келіп тұрмын, – дедім.

– Білмесең: Кругом!.. – деді Баукең тікенек мұрты тікірейіп. Мен есікке қарай «Кругом» бұрылдым. Бұрыла бере:

– Бауке, дат! – дедім. «Дат!» деген сөзім ұнады ма, білмеймін, Баукең күліп жіберді.

– Датың болса – айт! – деді содан соң сәл жұмсарып. Мен теріс қараған күйімде пиджагімнің ішкі қалтасынан әзірлеп әкелген сұрақтарым жазылған қағазымды суырып алып, жоғары көтердім.

– Сізге арнап әкелген сұрақтарым бар еді? – дедім.

– Ендеше бері бұрыл, – деді Баукең. Бұрылдым. Баукең қолын созды. Мен қағазымды бердім. Баукең қағазды асықпай қарап шықты. Шықты да:

– Это серьезно! – деді. – Отыр, – деп орындықты нұсқады. Сол отырғаннан мен Баукеңнің қасында төрт жыл отырдым. «Ақиқат пен аңыз» дүниеге келді. Дүниеге жаңа кітап қана келген жоқ. Онымен бірге, «жақсыдан – шарапат» дегендей, қазақ әдебиетіне «роман-диалог» деген жанр. Егер мен Баукеңмен сұхбаттаспасам, мұндай жанр ешқашанда болмас еді деп ойлаймын. 

Әзілхан Нұршайықов

«Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітаптар топтамасынан

Ж. Жұмағұлов