Бауыржан Момышұлы. Шындық жөнінде бірер сөз

Бауыржан Момышұлы. Шындық жөнінде бірер сөз
Фото: www.caravan.kz

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1943 жылы Мәскеуде, Совет Одағы жазушыларының кешінде сөйлеген сөзінен үзінді ұсынамыз.

Редакцияға адамды жан-жақты, өмірде қандай болса сондай етіп көрсету керектігін жазған едім. Адамға барлық қасиет тән. Абсолютті батыр да, абсолютті қорқақ та жоқ. Батырлық пен қорқақтық күрестің нәтижесі. Адамды табиғаттың берген сыйындай (туа бітті) етіп ерлігін ғана бадырайтып, кем-кетіксіз, оның бойындағы үнемі болатын қорқыныш сезімін көрсетпей бүгіп қалушылық – қаһарманды жаратылыс бітімі ерекше етеді, оқырманға рух беріп, күрестің ішкі және сыртқы қиындықтарын жеңген жағдайда суреттелініп отырған қаһармандай, ерлік жасауға қабілеттілігін көрсетудің орнына оған еліктеу мүмкін емес деген теріс ой тастайды.

Александр Федорович авторлығымен шығатын кітап программасының мәселелері, міне, осы еді.

Александр Федорович, шынын айтсам, тіпті сіздің мұндай қабілетіңізге күдіктенген жоқ едім. Сіз қазір әскери кітаптың авторы ретінде сөйледіңіз. Ал бірінші сөйлеген сөзіңізбен келісе алмаймын. Сөзімді қысқарту үшін «Знамяның» редакторына жолдаған хатымнан екі үзінді келтіре кетейін.

«Бектің «Адам және ұрыс» деген кітабында ұрыс және оның психологиясын басты мәселе етіп, айтылатын ойлар соғыс тұрғысынан барынша өткір де сауатты баяндалуы керек... Ол оқырманға соғыс туралы шындықты ақылмен тануға мүмкіндік беретін оқу құралы (тек қана роман емес) болуға тиіс».

...Кітап күрес үстінде тумағаны жөн. Мен оған оңайлықпен берілмеймін. Бекке де беріле салмауға кеңес беремін. Біздің бірігіп істеп жүрген әдеби еңбегімізге қатысты айтатын болсам, Александр Федоровичтің әдеби тәсіліне араласпаймын. Ол мен үшін бедел. Онымен тек принципті мәселеге қатысты таласамын. Өзім ойлаған, айтқандарымның бәрін түгел дұрыс екен деп санамаймын. Бұл менің тарапымнан орынсыз әрі өзіңнің қабілетіңді тым асыра бағалап жіберушілік болар еді. Осында қатысып отырған кісілердің айтқан сын-ескертпелеріне өте ризамын. Бұл жерде біраз нәрселерді үйрендім. Бұрын өз бойымдағы байқалмаған кейбір нәрселер туралы осында есіттім. Бұған да дән ризамын, мен оны ескеремін.

Мұнда жұрт кітап бастан аяқ философиялық ойға құрыла ма деп күдік білдрді. Ал бізге философия емес, әдебиет керек. Филосояифны кез келген жерге жаппай тыққыламаймын. Кітаптан соғыс туралы оқушыларға пайдалы философиялық толғаныстарды алып тастамауды қалаймын. Жөнсіз, қазіргі кезеңде пайда бермейтін, шығарманың көркемдігіне нұқсан келтіретін философиялық мәселелер сөзсіз алынып тасталған жөн.

Одан әрі редакторға былай деп жаздым: «...Бектің жазылып жатқан трилогиясының көптеген мәселелеріне сізбен пікірлес бола аламын деп үміттенемін, бізге автордың соғыс мәселесін – жүрегі таза, көңілі құштар, аңғал отандастарымның сана-сезіміндегі арпалысты мүмкіндігінше үстірт баяндамай, терең бейнелеуге көмектесуге құдайым күш-қуат пен денсаулық берсін».

Редакторға жазған хатымда айтқан негізгі ой мақсатым осы. Сіздерден алған тағылымыма тағы да ризашылық көңілімді білдіргім келеді. Егер тағдыр жазып, тірі қалсақ, біз Бектің кітабының жарыққа шығуына барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Егер бұл кітап ойлағандай пайдалы болып, жауынгерлердің көңілінен шықса, онда біз үшін ең үлкен награда болғаны.

@. @assel_assanova